ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ

Еліміз үшін елеулі, мемлекетіміз үшін айшықты, қасиетті   күндердің бірі де, бірегейі –  16 желтоқсан  Қазақстан Республикасының   Тәуелсіздік күні. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке осыдан отыз жыл бұрын 1991 жылы қол жеткіздік.

Желтоқсан оқиғасы –тарихымызда арман мен айбынға толы айшықты беті, сонау ертедегі бабаларымыздан бері қалыптасқан көкейкесті арман – мұраттарымызға жеткізер жарқын бетбұрысымыздың айқын көрінісі. Әрине, желтоқсан оқиғасын еске алмай, тәуелсіздік жайында сөз қозғаудың өзі мүмкін емес. Осынау елдік намыс пен рухты ту еткен қазақ жастарының батырлығы, ерлігі бүкіл әлемге үлгі болғаны да ақиқат. Желтоқсан оқиғасы – қазақтың өзін–өзі анық тануын, қазақ халқының ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздік туралы ұғымын түбегейлі өзгертті десек қателеспегеніміз шығар. Еліміздің баға жетпес байлығы – тәуелсіздік! Ең құдіретті, ең бақытты ел – азат ел!

Қазақ елі көптеген қасіретті басынан өткерді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған – «Тәуелсіздік тағылымы» атты  мақаласында былай өрбітеді – «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан  дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт». Ата-бабаларымыз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған, «шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын» мыңдаған шақырымды алып жатқан кең байтақ, ұланғайыр жерді ұрпағына аманат етіп мұраға қалдырған.

Қазіргі Қазақстан–Ұлы дала елі, бақ қонып, қыдыр дарыған, мақсаты айқын мемлекет. Табиғаты көркем де сұлу, ғажайып мекенде өмір сүріп, тұрып жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Ақын Күләш Ахметова – өзінің «Сен – қазақсың! Ұлы дала – тұғыры!» – деген өлеңінде:

                          «Сен – қазақсың! Ұлы дала – тұғыры.

                          Күмбір – күмбір күрескерлік – ғұмыры,

                          Тірескеннің дірілдеткен тізесін,

                          Тұлпарының тұяғының дүбірі

Сен – қазақсың!Қазынасы –нәсіп, құт.

Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық.

Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,

Көрген көзден кететіндей жас ытқып!

                          Сен –қазақсың! Отаншылсың, тектісің!

                          Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.

                          Бұл далаға мұрагерлік, иелік –

                          Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін! –

 деп  жеріне, суына, тау – тасына, Отанына сүйсініп, барлығын да  жырына арқау етеді.

30 жыл дербес мемлекетімізді орнықтыруға, бәсекеге қабілетті ел етуге, тығырықтан шығып, жаңа жол іздеуімізге, қоғамдық қарым – қатынастарды өзгертуге, бұрыңғы ескіліктерден арылуға, жаңашылдыққа бет бұруға негіздеді. Осының барлығы да ел болып есеюіміздің, мемлекет болып тұғырлану жолындағы талпыныстар мен нық қадамдардың көрінісі еді. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара іргелі екенін дәлелдей білді. Қазақстан өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекттік рәміздері, ұлттық валютасы мен ұлттық құндылықтары, салт – дәстүрі мен мәдениеті бар тәуелсіз, зайырлы елге айналғанын ауыз толтыра айта аламыз. Қасиетті  Тәуелсіздік ұғымы әрбір қазақстандықтың жүрегінде, көңілінің төрінде мәңгілік маздап, санасына нұрлы шуағын шашып тұратын киелі ұғым. Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, егемен ел болдық, әлем елдері бізді тани бастады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыру, әлемге таныту жолында еліміздің іргесін қалап, шекарасын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттырып, болашаққа нақты бағдар беруде еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор екені баршамызға белгілі. Елбасының салиқалы саясатының арқасында, тәуелсіз қазақ елі қалыптасып, тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз, дініміз бен діліміз қайта жаңғырып, әлемдік картада «Қазақстан» деген атпен тәуелсіз еліміз қарыштап өркендеп өсіп келеді. Тәуелсіздік алған отыз жыл белесінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқықтық дамуының әрбір баспалдағын елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғылыми негізделген теориялық тұжырымдарымен, сындарлы саясатымен және қажырлы саяси қызметімен қабысып жатқан, біртұтас даму үдерісі деп атауға әбден болады. «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Сондықтан да, тәуелсіздік тұғыры әрдайым нық, әрі берік болсын десек, келешек ұрпағымыз білімді, тәрбиелі болуы керек. Универститет қабырғасында инженерлік мамандықтарды игеріп жүрген жастарымызға сапалы білім мен қоса саналы тәрбие жұмыстарын да жиі жүргізіп тұрамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды техникалық университетінде  көптеген мәдени іс – шаралар өтіп келеді. Соның дәлелі геология кафедрасының студенттері де өз үлестерін қосып жатыр. Тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіздік тұғырым», «Тәуелсіздік ұлы ұғым», «Тәуелсіздік – тынысың», «Бүгінгі – дәулетің, ертеңгі – ырысың!», «Тәуелсіздік береке мен бірліктің бастауы» тақырыптарында тәрбие сағаттары мен мәдени іс шаралар өткізілді. Аталған тәрбие сағаттары мен мәдени жиындардың, оқылған баяндамалардың мақсаты студенттердің патриоттық сезімдерін қалыптастырып, жастарымызды елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Мақаламызды әріптесіміз Ғ.М.Әбілқасовтың «Тәуелсіздік» атты өлең жолдарымен қорытындылаймыз:

Тәуелсіздік – елім, жұртым, айналам,

Тәуелсіздік – тілім, жырым, бай далам.

Тәуелсіздік – өзен, орман, тау-тасым,

Көрік беріп Отаныма жайнаған.

 

Ел дегенде жыр түлейді жүрегімнен елжіреп,

Айналайын қазағымнан ұл-қыздары ер жүрек.

Бақытты өмір біз тілейік бірімізге-біріміз,

Тәуелсіздік туы көкте тұрсын мәңгі желбіреп.

Тәуелсіздігіміз – баянды, Отанымыз тыныш болсын! Жасай бер-қазақ елі!

 

Арайлым Рымбековна Айтпаева

Қарағанды техникалық университетінің 

«Геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау»  кафедрасының оқытушысы

Фарида Муратовна Исатаева

Қарағанды техникалық университетінің 

«Геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау»  кафедрасының меңгерушісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жеткіншектер «Жас сарбаз» атанды

Сей Жел 21 , 2021
Оқылды: 629 Қарағандылық жас жеткіншектер «Жас сарбаз» қатарына қабылданды. ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды қаласына қарасты Ю.Н.Павлов атындағы мектептің 37-оқушысы «Жас сарбаз» ұйымының қатарына қабылданып, ресми құжатқа қол жеткізді. Бүгін «Жас сарбаз» сыныптарына жаңадан қабылданған оқушылар оқуда үздік, антына адал, жауапты және тәртіпті болуға, ең бастысы «Жас сарбаз» атағын […]