Көпірсіз теміржолдың азабы

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жаңаарқа стансасында 33 жастағы азамат жүк пойызының астына түсіп, қаза болды. Себебі аудан орталығы Атасу кентіндегі теміржолдың бойында көпір не өткел жоқ. Ал рельстің үстімен жаяулар өтетін жол пойыздардан босамайды.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, «Дүйсен Зейденов тоқтап тұрған пойыздың вагондарының арасынан екінші бетке өтемін дегенде, пойыз орнынан жүріп кетіп, мерт болған». Аудандағы сала басшылары тергеу қорытындысы әлі шықпағандықтан, ресми түрде жауап беруден бас тартты. Бүгінде ол азаматтың өлімі бойынша Қарағанды-Сұрыптау стансасының полиция бөлімі іс қозғап, тергеу амалдары басталды.

Марқұмның артында ата-анасы, жұбайы, бір жасар баласы қалды. Ал, Дүйсеннің қарындасы Дана «Локомотив жүргізушісі келіп кешірім сұрады. Біз ешкімді кінәламаймыз. Дегенмен теміржолда көпір жоқ. Ол жерден балалалар, тұрғындар күнде өтеді. Біз олар үшін қорқамыз»,-деп жауап берді.

Аудан орталығы Атасу кентін екіге бөліп жатқан теміржолдың осынау көпшілік жүретін жеріне қаншама жылдан бері тұрғындар көпір салып беруді сұрап жүр. Облыстағы ауқатты аудандардың бірі саналатын Атасу кентінің халқы шулағанымен әзірге ол тілектері орындалмай келеді. Айтуларынша «Рельстердің үстімен теміржолды кесіп өтетін тек жаяулар өтетін жол ғана бар. Жол деген аты ғана. Рельстердің арасына шпалдарды қатарластырып қоя салған. Оның өзінде ары-бері жүріп жатқан пойыздардан босаса ғана ол жол ашық болады. Әйтпесе жүргіншілер жолының бойында пойыздар сағаттап тұра береді. Жергілікті халық дүкенге, жұмысқа барып-қайту үшін, амалсыздан шақырымға созылған вагондардың астымен жүруге мәжбүр.

Ал, жолдың бойында вагондар толып тұрғанда арғы бетке өту оңай емес. Осылайша басын бәйгеге тігіп үйренген халық күнделікті ажалмен бетпе-бет келуді әдетке айналдырған. 3-4 жыл бұрын осы жолдағы вагондардың астымен өтемін деген оқушы баланың екі аяғын пойыз басып, ол бала соңында аяқсыз қалған. Былтыр сырт жақта мал қарап жүрген адамды да пойыз басып кетіп, мерт болды. Теміржол бойында адамдардың мертігуі жылына 3-4 рет кездеседі. Елдімекеннің екі жақ шетінде, айдалада автокөліктер ғана өтетін жол бар. Оның бірінде шлагбаум бар күзетпен, бірі күзетсіз. Кейінгі кезде Жаңаарқа стансасында келеңсіздіктер жиілеп барады. Өткенде ғана 35 теміржолшы транспорт прокуратурасына, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-на, облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне еңбекақыларының дұрыс төленбейтіні жөнінде арызданды. Одан кейін комиссия келіп, тексеріп кетті». 

Ал, аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бүгінде көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. ҚТЖ акционерлік қоғамының «Қарағанды магистралдық желі бөлімшесі» филиалының директоры А.Майқыбаевқа Атасу кентіндегі темір жол торабынан жаяу жүргіншілер өткелін салуға келісім беру жөнінде бірнеше мәрте хат жолданып, 2019 жылы ғана көпірді салуға келісімін алған. Оған қоса теміржол арқылы өтетін көпір құрылысын салу жобасына 6 млн. 500 мың теңгеге мемлекеттік сатып алуға хабарлама жарияланды. Жеңімпазы «КазГОСПроект» ЖШС болып бекітіліп, келісімшарт жасалды. Жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткен соң, облыстық, республикалық бюджеттен қаражат сұрау бойынша өтініш жолданады. Теміржолдың бойында жылда адам өліп, мертігіп жатса да, жауапты органдар әлі күнге Атасу кентіне көпір салуға жайбасарлық танытып келеді. Көпшілік жоғарыдағы көкелердің жол бойында адамдардың қаза болғанын күтіп отыра бермей, тиісті қаржыны бөліп, көпір құрылысын жеделдетуді қалайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Университеттерге еркіндік беріледі

Сей Сәу 21 , 2020
Оқылды: 3  320 ҚР Білім және ғылым министрлігі емтихандарды тапсыру мен дипломдық жұмыстарды қорғау бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірледі. Оның алгоритмі заңнама талаптарына, БҒМ-нің қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі бұйрығына (2020 жылғы 1 сәуірдегі №123), сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсыныстарына негізделген. Бүгін ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасындағы  тікелей эфирде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов […]