Қарағандыдағы жедел-жәрдемнің жағдайы адам шошырлық

http://aimaq09.kz/  өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Қарағанды облысында күн санап короновирус дертіне шалдыққандар саны артып келеді. Бүгінде билік Қарағанды қаласы мен серіктес қалаларды карантинге жауып, жұртты үйден шығармауға үндеп жатыр. Күдік пен үрей қарбаласқан қиын шақта дәрігерлердің жұмысы қауырт, тіпті ауруханадан шықпай, еңбек етіп жатқандары да бар. Қарағанды қаласындағы дәрігерлердің ішінде короновирусты жұқтырып алғандары да бар екен. Алайда биліктегілер неше дәрігердің сырқат жұқтырғанын ашып айтпайды. Қарағандыда осы ауруды жұқтырып алу қаупіне бірінші кезігетін жедел жәрдем дәрігерлерінің жағдайы мәз емес. Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мониторингтік тобы жедел жәрдем станцияларын тексеріп, бір талай келеңсіздіктің бетін ашқан.

Жедел жәрдем станцияларында екі-үш көліктегі бригадаларды ғана короновирусқа шақырту түссе деп, дайындап қояды. Үкіметтен бөлінетін қаражаттан осы арнайы бригаданың мамандарына ғана үстемақы төленеді. Жақында осы мәселені айтып шағымданған қарағандылық дәрігерлер Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат жазған болатын. Дәрігерлер «кез келген шақыртуға барғанда,  кеселді жұқтырып алу қаупі болатындықтан мамандарды алаламай, барлығына бірдей үстемақы төленсе»,-деген жан айқайларын білдірген. Мониторингтік топтың басшысы Ермек Әбілдин де жедел жәрдем қызметіндегі барлық маманға бірдей қаражат төленуі тиіс,-деп есептейді. 
«Қарағанды қаласының Октябрь ауданындағы 11 бригаданың ішінде тек үшеуін ғана короновирусқа қарсы қызмет жасайтын арнайы бригада етіп жасақтаған. Қалған бригадаларда вирустан қорғанатын киімдері тіпті адамның дене қызуын өлшейтін тепловизорлары жоқ. Бұл дәрігерлер де шақыртуға барып жүріп, короновирусты жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан оларға да үстемақы төленуі тиіс. Сонымен қатар Қарағандыдағы жедел жәрдем станциясы ғимараттарының жағдайы адам шошитын жағдайда тұр»,- деп мәлімдеді Мониторингтік топтың басшысы Ермек Әбілдин.

Шынымен де халықты ауру-сырқаудан қорғау үшін алдыңғы шепке шығатын ақ халаттылардың өзіне мемлекет жағдай жасап бере алмай отыр. 24 сағаттық жұмысқа ауысыммен келетін жедел жәрдем қызметкерлерінің демалатын бөлмелерінің қабырғалары көгеріп, сыз тартып тұр.

Ал жедел жәрдем көлігін тізгіндейтін жүргізушілерге тәулігіне бір бетперде ғана беріледі. Ал бұл бетперденің үш сағатқа ғана жарамды екені белгілі. Бір қызығы арнайы жасақталған жедел жәрдем мамандары шақыртуға киіп барған, қорғаныштық киімдерін сол жұмыс орнында өздері жуып, даладағы көлік гараждарының жанына жайып қояды екен. 

Елімізде белең алып бара жатқан кеселді ауыздықтау үшін Үкімет резервінен осымен үшінші рет бірнеше миллиард қаражат бөлінді. Алғаш төтенше жағдай режимі енгізілмей тұрып, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов короновируспен күресуге медицина саласының дайын екенін жеткізген болатын. Алайда өңірлердің дайындығы әзірге көңіл қуантпай отыр. Жедел жәрдем қызметкерлері бетпердеге жарымай отырса, басқасына не жорық. Жедел жәрдемнің жүдеу жағдайына көңілдері толмаған мониторингтік топ өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа «бұл мәселені назарға алсын»,-деген мақсатпен хат жазды. Алайда жазылған хаттармен жағдайдың шешіле қоятыны шамалы тәрізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

“ШЕВРОН” ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫТАЙ ДӘРІГЕРЛЕРІН ӘКЕЛДІ

Сен Сәу 11 , 2020
Оқылды: 2  618 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағымен Қазақстанға Қытай дәрігерлері келді. Еліміздегі COVID-19 вирусымен күресуге көмектесіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Арнайы делегация құрамында ҚХР Қазақ автономдық аймағы Іле губернаторының орынбасары, сондай-ақ, интенсивті терапия, инфекциялық бақылау, пульманология, қоғамдық денсаулық, нефрология сияқты әртүрлі сала дәрігерлері, […]