Ерекше міндеттер мен конституциялық кепілдіктер

Әскери қызмет жоғары жауапкершілікті, қатаң тәртіпті және заңда белгіленген бірқатар шектеулерді сақтауды талап етеді. Әскери қызметші бұйрықтарды орындауға, әскери қызмет өткерудің ерекше тәртібін сақтауға міндетті. Сонымен қатар, оның басқа азаматтар еркін пайдалана алатын кейбір құқықтары мен мүмкіндіктері заңмен шектелуі мүмкін.

Алайда әскери қызметшінің ерекше мәртебесі оның конституциялық құқықтарын екінші орынға қоюға негіз бола алмайды.Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62- нормативтік қаулысында әскери қызмет өткеруге қатысты бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды. Аталған қаулы әскери қызметтің өзіндік ерекшеліктері мен оған қойылатын талаптар Конституцияда кепілдік берілген құқықтарды жоққа шығармайтынын тағы бір мәрте айқындады.Қаулыда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – қылмыстық қудалауға байланысты командирдің қарамағына алынған әскери қызметшінің құқықтық жағдайы.Іс жүзінде мұндай жағдай әскери қызметші үшін едәуір күрделі мәселелер туындатуы мүмкін. Бір жағынан, ол әскери қызметші мәртебесін сақтап, тиісті міндеттерді орындауға және заңда белгіленген шектеулерді сақтауға тиіс. Екінші жағынан, қылмыстық қудалау фактісі оның алдағы қызмет өткеруіне елеулі ықпал етуі ықтимал.Конституциялық Сот бұл мәселеге қатысты қағидатты ұстаным білдірді. Әскери қызметшінің қылмыстық іс бойынша командирдің қарамағында болуы оның әскери қызметтің шекті жасына жеткеннен кейін қызметін мәжбүрлі түрде жалғастыруына өздігінен негіз бола алмайды.Яғни қылмыстық қудалаудың болуы адамның өз еркінен тыс әскери қызметте қалдырылуына автоматты түрде негіз болмауға тиіс.Мұндай ұстанымның негізінде конституциялық маңызы бар іргелі қағидаттардың бірі – кінәсіздік презумпциясы жатыр. Адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін оны кінәлі деп тануға немесе солай қабылдауға жол берілмейді.Конституциялық Сот қаулысының тағы бір маңызды бөлігі әскери қызметшілердің ақшалай үлесін төлеу мәселесіне арналған.Бұған дейін қолданыста болған нормалар қылмыстық қудалауға байланысты командирдің қарамағында жүрген әскери қызметшінің ақшалай үлесін төлеуді тоқтата тұруға мүмкіндік берген. Ал кейіннен айыптау үкімі шығарылған жағдайда тиісті кезең үшін төлемдер жүргізілмеген.Конституциялық Сот мұндай құқықтық реттеуді Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.Бұл ретте әскери қызметшінің нақты құқықтық жағдайын ескеру қажет. Командирдің қарамағында болған кезеңде ол әскери қызметші мәртебесін жоғалтпайды, белгілі бір қызметтік міндеттерін сақтайды және заңда көзделген шектеулерге байланысты өзге де ақылы қызметпен айналысу мүмкіндігінен айырылады.Осылайша, әскери қызметшінің міндеттері мен шектеулері сақталғанымен, оның материалдық қамтамасыз етілуі тоқтатылуы мүмкін болған. Конституциялық Сот дәл осы құқықтық теңгерімсіздікке назар аударды.Осыған байланысты әскери лауазымдарды атқармайтын, бірақ әскери қызмет өткеруді жалғастырып жүрген әскери қызметшілерге олардың нақты орындайтын міндеттерін ескере отырып, кепілдік берілген ақшалай төлемдерді заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте төлем мөлшері белгіленген ең төменгі деңгейден кем болмауға тиіс. № 62- нормативтік қаулының маңызы жекелеген әскери қызметшілер санатына қатысты мәселелермен ғана шектелмейді. Онда конституциялық құқықтарды шектеудің заңдылығы мен негізділігіне қатысты кең ауқымды құқықтық қағидат көрініс тапқан.Атап айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеудің нақты әрі айқын заңды негізі болуға тиіс. Мұндай шектеулер заңда белгіленіп, тек көзделген мақсаттар мен шектерде ғана қолданылуы қажет.Конституциялық Сот заңнаманың сапасына да ерекше назар аударды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына әсер ететін құқықтық нормалар түсінікті әрі нақты жазылуға тиіс. Бұл олардың әртүрлі түсіндірілуіне, сондай-ақ іс жүзінде еркін немесе негізсіз қолданылуына жол бермеу үшін маңызды. Әскери салада құқықтық айқындықтың маңызы ерекше. Өйткені әскери қызмет қатаң тәртіпке, бағыныстылыққа және дара басшылық қағидатына негізделеді. Мұндай жағдайда заң талаптарының біркелкі әрі дұрыс қолданылуы әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып саналады. Аталған қаулы әскери басқару органдары мен командирлерге бағынысты әскери қызметшілердің құқықтарын шектеудің заңдылығына, негіздеріне және белгіленген тәртібіне ерекше мән беру қажеттігін көрсетеді.Әскери қызметтің өзіндік ерекшеліктері заңда тікелей көзделмеген шектеулерді енгізуге немесе қолдануға негіз бола алмайды. Кез келген шешім қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылдануға тиіс.Ал әскери қызметшілер үшін бұл қаулы олардың ерекше мәртебесі конституциялық құқықтарын негізсіз шектеуге себеп болмауға тиіс екенін айқындайтын маңызды құқықтық кепілдік болып табылады.Қорытындылай келе, Конституциялық Соттың № 62-нормативтік қаулысында көрініс тапқан негізгі ұстаным мынадай. Әскери қызметші мәртебесі ерекше жауапкершілікті жүктегенімен, оның конституциялық қорғалу деңгейін төмендетпейді. Әскери қызметке қойылатын жоғары талаптар мен азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау өзара үйлесімді жүзеге асырылуға тиіс.Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62- нормативтік қаулысы қабылданған күнінен бастап күшіне енді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға міндетті болып табылады.

Данизат Әбдіхан –

Орталық аймағы

әскери прокуратурасының

прокуроры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН МҰРАСЫ: ҰЛТТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҰРПАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Дүй Қар 9 , 2026
Оқылды: 79  Халықтың тарихи кемелдігі өткенін қаншалықты құрметтейтінімен ғана емес, сол өткеннен бүгінгі дамуына қандай тағылым алатынымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-саяси мұрасын зерделеу — ұлттық тарихтың маңызды кезеңін танумен қатар, елге қызмет етудің зияткерлік және адамгершілік негіздерін ұғыну. Оның туғанына 160 жыл толуы қазақ […]