Түркістан – Түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани үндестік

Түркістан – ұлттық рухымыздың жаршысы, мемлекеттілігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан қасиетті шаһар. Бүгіндері киелі қала облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайды, Орта Азия мен Ұлы даланы жалғастырып жатқан шаһардың тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 2 жылда жеткен жетістіктері аз емес.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Қаланың барлық аумағында дерлік құрылыс жұмыстары қарқын алған. Айталық, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 128,7%-ға ұлғайған, яғни, 26,4 млрд теңгені құрап отыр. Өңірде 141,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Облыс халқының саны 2 022,7 мың адамды құрап, өткен жылға қарағанда 1,5%-ға өскен. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай өзгешеліктер бар. Осы ретте, болашағынан зор үміт күттіретін облыстың әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірлерін, ой-пайымдарын топтастырғанды жөн көрдік.

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері: «Түркістанды түлету – «Мәңгілік Ел» идеясының бір парасы»

«…Түркістан – тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен». Н.Ә.Назарбаев.

Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында этнотуризм аясында туристерді тарта алады. Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету емес пе?!

Осыдан екі жыл алдын, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алған болса, бүгіндері жаңаша келбетте, жаңаша нақышта кербезденіп келеді. Ендігі басты міндет – Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру. Киелі шаһардың болашақта Халықаралық туристік орынға айналдыру үшін жаңадан қонақүйлер, бассейндер, субұрқақтар салу, жолдарды түзету, аймақты көгалдандыру, орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, тарихи тұлғалардың ескерткіштерін тұрғызу, саябақтарды көркейту, оның аумағын абаттандыру үшін көптеген шараларды жүзеге асыру қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен ұштастырып, үндестіріміз керек. Жаңадан салынатын ғимараттар, спорттық сауықтыру кешендері, зәулім мәдениет орталықтары, тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және кітапхана кешендері де қала келбетіне ерекше көрік сыйлап, таңғажайып Түркістанның көркі көз алдымызда жаңаратынына шүбә жоқ.

Кешегі айдай әлемге әйгілі болған Елордамыздан кейін бүгінгі Түркістанға ерекше көңіл бөлінуі − ұлт келешегі алдына қойылып отырған үлкен меже деп санаймын. Түптеп келгенде, осы айтып отырған Түркістан қаласы берісі қазақтың, арысы күллі түркінің қайта өрлеуінің, қайта дәуірлеуінің, қайта жаңғыруының айқын мысалы десе де болады. Себебі, халықты ояту үшін, тарихты ояту керек. Елбасы Н. Назарбаевтың тарихи сананы жаңғырту үшін жыл сайын тереңнен қозғап мақала жазуы, ұлттық рухтың, тарихи сананың қозғалуына ерекше рөл ойнайтын Түркістанды түлетуді мақсат тұтуы – «Мәңгілік Ел» идеясының бір парасы деп түсінеміз.

Құлахмет Байжігітов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ботаникалық бақ директоры, биология ғылымдарының докторы:

– ТүркістанХалықаралық деңгейдегі туризмі дамыған үлкен рухани орталыққа айналуға қауқарлы.

Киелі Түркістан қаласының Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болғанына бүкіл ел болып қуандық десем артық айтпағандық болар. Күллі Түркі жұртын бір орталыққа ұйыстыратын Түркістан атауы қашан да киелі ұғым екенін ұмытпаған ләзім. Бүгінде өңір қарқынды дамудың даңғылына түсіп, облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Келешекте Түркістан қаласының бір ғана біздің елге емес, түркі әлемі халықтарының басын біріктіретін, қазақтың көне тарихын әлем жұртшылығына танытатын, халықаралық деңгейдегі туризмі дамыған үлкен рухани орталық боларына сенімім мол.

Еліміздегі халық саны көп өңірдің бірі болып саналатын Түркістанның демографиялық өсім көрсеткіші де  жоғары екенін аңғаруға болады. 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы да көңіл көншітеді. Облыста 168,7 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 109,1%-ды құраған. Тартылған инвестиция 160 млрд. Теңге көлемінде болып отыр. Бұл дегеніңіз артылған сенім мен үкілеген үміттің зор екенін аңғартса керекті.

Облыстың даму даңғылындағы негізгі драйвері болып саналатын ауыл шаруашылығында да айтарлықтай өзгешеліктер бар. Биылғы күні ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 110,0 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 18,3 млрд теңгені (100,0%) құраса, мал шаруашылығы 90,8 млрд теңгені яғни 102,8%-ды құрап отыр. Өңірде 71,1 мың тонна ет (тірідей салмақта), 221,1 мың тонна сүт, 65,2 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл республика бойынша алдыңғы қатардағы көрсеткіш болып саналады. Жалпы, облыс ретінде құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Бұл аталмыш көрсеткіштер осы межемен тоқталып қалады деген сөз емес. Алдағы уақытта да экономиканың өсуі мен дамуына септесетін талай бастамалар көтеріледі деген сенімдемін.

Айтылар сөз бен жеткізер пікір шексіз. Ең бастысы, тектіліктің төріне айналған Түркістанның гүлденуі – баршамызға ортақ екенін көкірек күмбезімізбен сезіне білейік.

«Түркістан түркі халықтарының орталығы болады»

Таризшы, профессор Нұрсахан Ахметқызы Түркістанның экономикалық, әлеуметтік даму екпіні қарқынды даму үстінде деген пікір білдірді.

– Түркістан  облысын құру идеясы 1500 жылдық мерейтойында айтылды. Облыстың құрылғанына мен қатты қуандым, себебі жақсы көретін тарихи тұлғам Мұстафа Шоқай арманы осы атаумен байланысты болды. Ұлы тұлға: «Түркістан  ұлттық  тәуелсіз  мемлекетіне» деген  мақаласын жазып, Түркістан атауын  ерекше бөліп атаған. Оның  «Жас Түркістан» журналының  өзі бір терең тарих. Елбасының Түркістанды облыс орталығы етуі рухани жаңғырудың нағыз дəлелі деп есептеймін.  Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінің маңы көне заманнан сыр шертетін байырғы қала кейпінде бой түзейді. Сондай-ақ туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында көптеген нысандар бой көтеріп, тарихи орындардың инфрақұрылымдары ретке келтірілмекші.

Оның айтуынша, Түркістан облысы түркі халықтарының басын қосатын рухани орталыққа айналады.

– Астана еліміздің қаржы орталығы болса, Түркістан рухани орталығы болары сөзсіз. Күні кеше ғана Түркістан қалай облыс болып дамып кетеді деген қарсы пікірлер де айтылды. Алайда 1998 жылы Алматыдан Астанаға көшірілгенде де ол жақта ештеңе болмаған еді. Елбасымыз 20 жылдың ішінде əлем танитын Астананы көтерді. Сол сияқты Түркістан облысы да жан-жақты қолдаудың арқасында көтерілетініне сенімдімін. Қайта қазіргі уақытта ол бұрынғыдай қиындық тудырмасы анық. Болашақта Түркістандағы ғимараттардың барлығы Шығыс елдерінің стилінде салынуы керек деп есептеймін. Атақты хандарымыздың, киелі ата-бабаларымыздың сол жерде жатқаны бекер емес. Олар сол кезде ол өңірдің киелі екенін білген.

Сарапшының пікірінше, киелі Түркістан өңірі тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі тектес халықтардың ортақ игілігіне қызмет етеді. 

Енді Түркістан түркі халықтарының орталығы болады. Елбасының бес əлеуметтік бастамасы жүзеге асып келеді. Өңірде шағын жəне орта бизнеске қолдау көрсетіліп, өнеркəсіпті дамыту қолға алынады. Сонымен қатар, жеңіл өнеркəсіпті дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын жетілдіру ісі жүзеге асып жатыр. Бүкіл ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған Кентаудағы трансформатор зауыты да бар. Алдағы уақытта тағы да өнеркəсіп орындары ашылса, жұмыссыз жүрген халықтың да жағдайы жақсаратыны сөзсіз. Елбасының бес əлеуметтік бастамасының арқасында өңір толықтай газбен қамтамасыз етіліп, жаңа жоғары оқу орындары ашылып, халық қолжетімді баспанаға ие болады, деп білікті тарихшы Нұрсаған Ахметқызы ойын ортаға салды.

Темірғали Аршабеков, тарихшы-этнограф: «Өзге өңірлер Түркістанға қолдау көрсетуі керек»

«Түркістанның бөлек облыс атануы – болашаққа деген үлкен үміт пен бүгінге деген сенімнің айқын белгісі. Әлеуеті зор болып саналатын әулиелі мекеннің әлі талай адымдап басатынының куәсі боламыз. Ол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс жасауымыз керек». Осындай пікірді тарихшы Темірғали Аршабеков білдірді.

– Ішкі туризмді дамыту мақсатында экономиканы қалыптастырмай жатып, ол өңірде тек туризмді алып кету деген өте қиын шаруа. Сондықтан ішкі туризмді дамыту үшін əрине, экономикалық тірек керек. Ал ол əкімшілік тараптың қолдауынан болады. Болашақта киелі өлкеміз кішігірім Мекке, екінші астана болуға мүмкіндігі бар. Барлық өңірлер экономикалық, əлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп жатса, Түркістан шаһары тарихи орын ғана емес, экономикалық орталыққа айналуға әбден қауқарлы деп санаймын. Бізге белгілісі, Шымкент қаласы демографиялық өсім жағынан Қазақстан бойынша бірінші орында тұр. Енді аталмыш негіздеме Түркістан облысында да жүзеге асатын болса, нұр ұстіне нұр болар еді.

Елбасының ерекше назарындағы бастамаларының бірі – өңірлерді дамыту болып табылады. Осы бастама бойынша Түркістан облысының ішкі туризмін дамыту қолға алынады деп сенемін. Елорданың 20 жылдығына əр облыс болып қолдау көрсеткеніміз секілді, Түркістанға да сондай қолдау танытатын болсақ, бұл қадам сөзсіз экономиканың да жандануына жол ашатыны сөзсіз.

Темірғали Аршабеков сондай-ақ, Түркістан облыс орталығы болғаннан кейін, ішкі қаржы көбейеді деген пікір білдірді. Оның айтуынша, ендігіде әлеуметтік сала мен өнеркәсіп саласы өркендей түспек.

Жалпы туризм саласын дамыту – өңірдің туристік әлеуетін маркетингтік жағынан ілгерілету, туристік инфрақұрылымды дамыту және де қызмет көрсету сапасын арттыру сынды қағидаттар арқылы жүзеге асатынын білеміз. Яғни, бұл аталымдардың қай-қайсысы болмасын Түркістанның туризм потенциалын арттыруға қосар үлесі зор деп санаймын. Әзірше туризмнен түсетін қаржы аздық етуде. Оны жасырмаймыз. Алайда, көне шаһардың облыс орталығы мәртебесін иеленгенінен кейін, ішкі қаржы əлдеқайда көбейеді есептеймін. Сәйкесінше, соның арқасында əлеуметтік сала мен өнеркəсіп саласы да өркендей түспек. Сонымен қатар, халық санының, яғни демографияның өсуі де әбден мүмкін. Ал, демографиялық өсу бар жерде, даму да болады.

Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 12%-ы осы Түркістан облысына тиесілі. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егіліп, облыс құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы үлесі 15%-ға жетіп отырғанын ескерсек, облыстың өсіп-өркендеуге деген мүмкіншілігі анағұрлым жоғары екеніне куә боламыз. Жалпы, өңірдің экономикалық және мəдени жағынан дамитыны сөзсіз. 1998 жылы Алматыдан Елордаға көшіп келгендегі қиыншылықтардың қасында, жаңа облыс болып құрылғандағы кездесетін қиыншылықтар əлдеқайда жеңіл ғой. Сол себепті, зымыран уақыттың зулап өтетіні секілді, киелі Түркістанның да кең құлаш жаятынына сенімім мол, – дейді Темірғали Аршабеков.

Болатбек Абдрасилов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Физика-математика ғылымдарының кандидаты: «Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар»

Болатбек Абдрасилов облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар деген пікірде. Оның айтуынша, «Түркістан – тек облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, түркі әлемінің ғылымы мен мәдениеті және руханиятының ірі орталығына айналуға әбден лайықты қала».

 – XI ғасырдың ең жағымды жақсы жаңалығы деп Түркістанның түркі әлемінің бойтұмары, жаңа облыс орталығы болғанын айтуға болады. Менің ойымша, облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының мәдени һәм рухани астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланы дамытудың мүмкіндіктері жетерлік. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі мол деп санаймын. Өз басым Түркістан – тек облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, түркі әлемінің ғылымы мен мәдениеті және руханиятының ірі орталығына айналуға әбден лайықты қала деп есептеймін.

Сондай-ақ сарапшы өңірдегі инфрақұрылымның дамуын да тілге тиек етті. Айтуынша, қызмет көрсету сапасы мен инфрақұрылымдық түйіткілдердің түйінін тарқатар болсақ, көп ұзамай-ақ киелі өңірге туристердің ағылатыны уақыт күттірмейді.

–Өзімізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда әлеуметтік нысандарды тұрғызу, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын. Бұл бөлек еншісін алған облыс үшін адастырмайтын алғышарт болса керекті. Ендігі кезекте, әлемнің түкпір-түкпірінен түлеген Түркістанды тамашалау үшін келетін миллиондаған туристерге лайықты жағдайлар жасалса, құба-құп болар еді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына жол ашатыны сөзсіз.

Қазіргі күні мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып, даму жолына түсті деп айта аламыз. Мұны ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетуде. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Түркістанды дамыту мақсатында ел Үкіметі бастап, барша өңірлер мен еліміздің іргелі ірі компаниялары бүгінде қыруар жұмыстарды жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта рухани ордамыздың келбеті кербезденіп,  талай жұрт тамсана жырлар мекенге айналатына сенімдімін, дейді – Болатбек Абдрасилов.

Қорыта айтқанда, Түркістан туралы Шерхан Мұртазаның сөзімен тарқатсақ, «Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, пір тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде – Самарқанд, Бұхара. Орыстарда – Суздаль, Владимир. Иранда – Машхат. Ал, біз, қазақтар үшін сондай рухани алып – Түркістан» дейді. Расында да бүкіл қазақ, тіпті түркі әлемі, иісі мұсылман қауымы тәу ететін Түркістанның тыңнан түрен салатын кезі де келді деп санаймыз. Өйткені ол – Түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани үндестік іспеттес.

Әзірлеген,

Тимур АТАБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Шағын бизнесті қолдады

Бей Қыр 17 , 2020
Оқылды: 1  209 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. 2020 жылы мамырдың ортасында «Бизнеске арналған жедел жәрдем» жобасы Еуразия Орталық Азия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асырған «Qolda» шұғыл көмек бағдарламасы аясында басталған болатын. Бастама әртүрлі деңгейдегі шағын кәсіпорындар пен жеке кәсіпкерлерге карантин мен ТЖ кезінде көмектесуге бағытталған. Елімізде коронавирустың зарбадын […]