Қаламыздағы мәдени ошақтардың бірінде ұлы ақын, ойшыл, қазақ әдебиетінің кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай – халықтың рухани мұрасы» атты шығармашылық кеш өтті.

Тағылымды шараның басты мақсаты – Абайдың бай әдеби мұрасын насихаттау, ақын шығармалары арқылы ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты адамгершілікке, білімге, өнерге және елжандылыққа тәрбиелеу. Шығармашылық кеш барысында Абайдың сырлы өлеңдері оқылып, ақынның халық жүрегінен ерекше орын алған әндері орындалды. Баян сүйемелдеуімен Мартбек Күлбаев пен Қымбат Каримова Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Тілейхан Досымжан «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре шырқады.Кеш аясында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның шығармалары, өмірі мен шығармашылық жолын қамтитын зерттеу еңбектері мен түрлі басылымдар қойылды.№2 кітапхананың басшысы Елена Свиридова кітап көрмесін таныстырып, жиналған қауымды Абайдың шығармаларымен, сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттермен таныстырды. Кітап көрмесі көрермендерге ұлы ақынның рухани әлемін тереңірек тануға мүмкіндік берді.Шара барысында Абай шығармаларының орыс тіліндегі нұсқалары да оқылды. Екатерина Филатова ақынның «О казахи, мой бедный народ» өлеңін, ал Кирилл Столяр «Будь разборчив в пути своём» атты өлеңін мәнерлеп оқып, Абай ойларының бүгінгі күнмен сабақтастығын көрсетті.Кеш қонақтары қатарында 85510 және 44803 әскери бөлімдерінің сарбаздарыда болды. Әскери қызметшілер үшін мұндай рухани-танымдық шаралар ұлттық мәдениет пен әдеби мұраны тереңірек танып-білуге, ел тарихы мен рухани құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.Абай шығармашылығы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін мол рухани қазына. Ақынның білім, еңбек, адамгершілік, бірлік пен елдік туралы ойлары бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті. Оның «толық адам» туралы философиялық тұжырымдары мен халықты ғылым-білімге шақырған өсиеттері жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмірлік құндылық болып қала береді.Шығармашылық кеш барысында Абай әлемінің тереңдігі мен тағылымы кеңінен насихатталып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Әдебиет пен өнерді тоғыстырған бұл кеш ұлы ақын мұрасының мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айқындады.Абай мұрасы – халқымыздың рухани байлығының ажырамас бөлігі. Ақын шығармаларын дәріптеу, оның өнегелі сөздерін жас ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

– Абайдың әрбір шығармасында адамды жақсы қасиеттерге үндейтін терең ой бар. Ол жастарды ғылым-білімге ұмтылуға, еңбектенуге, өз-өзін дамытуға шақырды. Сондықтан Абайдың өсиеттері бүгінгі жастар үшін де өте маңызды әрі өзекті.Мұндай кештер жастардың кітап оқуға, өнерге, әдебиетке қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі кешке әскери бөлімдердің сарбаздары да қатысып, өз үлестерін қосты. Бұл – рухани шараның ауқымын кеңейте түскені сөзсіз. Көрермендердің ықыласы мен қызығушылығы қуантты. Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалып, кітап көрмесі таныстырылды. Осындай шаралар арқылы Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Абай сөзі халықпен бірге жасай береді деп сенемін,-деді ;астармен жұмыс жөніндегі әдіскер – Құндыз Қанағатқызы.

