Әскерге бару – азаматтық борышың!

 «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен Қарағанды облысы «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастары бірлесіп, әскер жасына дейінгі жас буын өкілдерімен кездесу өткізді.

    Алдымен, сөз кезегі тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысқан жауынгер, бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында адал қызмет атқарып жүрген майор Есмаханбетов Нұрзат Қуанышұлына берілді. Өзінің әскери өмірінен сыр шерткен әскери шендегі Н.Есмаханбетов бозбала шақтағы жастарға қарап: «Отанды қорғау – басты парызымыз! Мен де сендер сияқты ер жетіп, он сегіз жасқа толған шағымда әскер қатарына шақырылдым. Кім білген десеңші, жиырмаға толмаған шағымда басқа елдегі орын алған қарулы қақтығысқа тап болатынымызды?!…. Алайда, біз жауынгер ретінде Әскери ант қабылдап, командир берген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға бел будық. Жігеріміз жасымады, еш мұқалған емеспіз! Соның арқасында, елімізге аман-сау оралдық. Қазіргі уақытта әскери қызметімді қаламыздағы орналасқан 06708 әскери бөлімінде абыроймен атқарып жүрмін. Отан-Ана шақырса, баршаңызды әскер қатарына баруды ұсынамын!»-деп, сөз арнады.

    Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков әскер жасына дейінгі жастарға әскер қатарына шақырылған кездегі жаңа мүмкіндіктерді жеткізді. Сонымен қатар, бас қосқан ортада «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлан Сүлейменов сөз алып, ел келешегі жастарды әскерге баруға және оларды Отанға адал қызмет етуге шақырды. 

     Кездесуге қала жастары мен Приозерск қаласының №1 жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушылары тартылған болатын. Сондай-ақ, кездесуге қатысқан 06708 әскери бөлімінің сарбаздары қатардағы жауынгерлер Әлішер Нұрғалиев, Мақсат Бердібеков және Әділхан Омаров өз ойларын ортаға салып, жастар мен мектеп оқушыларына сарбаздың әскери өмірдегі тыныс-тіршілігін өз сөздерімен жеткізе білді.

    Аса қызықты да мазмұнды бас қосудың асқан ұйымшылдықпен өтуіне «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен ұйымдастырушы Ержан Абдурахманов пен мониторинг және бағалау маманы Сымбат Айтбайдың асқан белсенділік танытқанын атап өткен жөн.

     Еліміздегі әскер қатарына ниет білдірген осындай жастарымыз әскери қызметшілер тарапынан зор қолдау тауып жатса, айбынды армиямыздың қатарындағы нағыз отаншыл да жігерлі сарбаздарымыздың қатары көбейе беретіні сөзсіз!

Лейтенант Думан Жұмашұлы

Приозерск гарнизонының

баспасөз хатшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркияда автобус билетінің бағасы тұрақты сақталады

Жек Ақп 26 , 2023
Оқылды: 393 Түркияда 2023 жылы қалалар арасына қатынайтын автобустар билет бағасын қымбаттатпайды. Бұл жолаушылар санының өсуіне сеп болмақ.  Індеттен кейін көрсеткіштер өсті. Түркияда коронавирустық індеттен ең көп зардап шеккен салалардың бірі – қалааралық автобус операторлары. Түркия автобус жүргізушілері федерациясының (TOFED) төрағасы Бирол Өзджан індеттің бәсеңдеуінен автобус қызметтері мен жолаушылар санының […]