Геологтар күні: мерекенің тарихы мен дәстүрлері

Қазақстанда геологтар күні – жыл сайын Республика Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы №164 Жарлығымен сәуірдің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді.  Бұл күн еліміздің бүкіл геология саласы үшін маңызды оқиға, оның тарихы мен дәстүрлері назар аударуға тұрарлық. Мереке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 31 наурыздағы Жарлығымен кеңестік геологтардың еліміздің минералдық-шикізат базасын құрудағы сіңірген еңбегін еске алу мақсатында белгіленді. Мереке – жазғы жұмыс пен экспедицияға дайындықтың басталуымен байланысты сәуір айының бірінші жексенбісіне белгіленген. Кейіннен КСРО ыдырағаннан кейін бұл мереке жекелеген республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да сол үрдіс бойынша аталып өтіп келеді.

Геологтар күні – қазақстандық геологтар үшін маңызды күн, өйткені бұл олардың жетістіктері мен жоспарларын еске түсіру, сондай-ақ ғылыми әзірлемелері мен тәжірибелерін әріптестерімен және қоғаммен бөлісу мүмкіндігі. Бұл күн – сондай-ақ геологтар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, оған қоса геология саласының мәселелеріне назар аударуға арналған. Мысалы: бұл, экология мәселелері, жаңа кен орындарын игеру, геологиялық зерттеулердің технологиялары мен әдістерін жетілдіру және т.б.

         Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кен орындарының барлығы дерлік инженер-геологтардың күшімен ашылды, ол негізінен экономиканың тұрақты дамуын және мемлекеттің материалдық әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ондаған мың геологының еңбегімен құрылған минералды-шикізат кешені бүгінде отандық экономиканың маңызды саласын құрайды.    Еліміздің жоғары технологияға көшу үдерісінде де геолог мамандарға артылар жүк айрықша.

         Қазақстанның геология саласы аймақтағы ең дамыған салалардың бірі екенін атап өткен жөн. Қазақстандық геологтардың көп жылғы тәжірибесі мен білімінің арқасында еліміз әлемдегі ең ірі кен және мұнай-газ ресурстарын өндірушілердің біріне айналды. Ал геологтар күні – бұл ел экономикасына қосқан маңызды үлесті атап өтуге мүмкіндік береді.

         Сонымен қатар, Қазақстандағы геологтар күнінде жас мамандар, болашақта «геолог боламын»,- деп сол мамандыққа оқып жатқан білім алушылар үшін анағұрлым тәжірибелі әріптестерінің тәжірибесімен танысуға және олардың кәсіби дамуына көмектесетін қосымша білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді.

         Өңіріміздегі геология саласындағы жоғары білікті мамандарды дайындауда осы жылы 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған  Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің үлесі өте зор. Біздің университет өнеркәсіптің түрлі салаларында, оның ішінде геология саласы бойынша екі мыңнан астам мамандар дайындап шығарды. Университеттің Тау-кен факультетіне қарасты «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасы университетпен құрдас.

         Қазақстанда геологиялық барлау, қатты пайдалы қазбаларды іздеу және барлау жұмыстарын жүргізе алатын білікті геологтарға сұраныс күн сайын артып келеді. Геолог мамандығы аналитикалық, креативті және әртүрлі өмірлік қызығушылықтары бар адамдарды қажет етеді. Осындай әлемнің полярлық, шөлді, тайгалық және биік таулы аймақтарында далалық зерттеулер жүргізуді, ғылыми зертханаларда жұмыс істеу кезінде жаңалықтар ашуды, үш өлшемді модельдеу, қорды есептеу және ресурстарды бағалау бойынша дәл жұмыстарды орындауды жүргізе алатын білікті мамандарды дайындау – біздің басты міндетіміз.

    Тау кен факультетінің геология кафедрасында білім беру «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура кадрларын даярлау жүргізіледі.

    Кафедранң мақсаты  – тау кен өндірісіне, мемлекеттік бақылау органдарына, жер қойнауын дұрыс пайдалану және қорғау органдарына, колледждер мен жоғарғы оқу орындарының ғылыми-зерттеу және жобалау мекемелеріне геологиялық, минералды-ресурсты, мұнай-газ бөлімдеріне жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң жұмысқа дайын болатын мамандарды дайындап шығару.

    Кафедраның міндеті – жаңа технологияларды қолдана отырып, өндіріс, ғылым мен техниканың қазіргі заман талаптарына сай оқу пәндерінің берілуін қамтамасыз ету.

    «Геология және пайдалы қазбалар кен орындары» кафедрасы жоғары жетістіктерге халықаралық-таныту ғылыми-зерттеу және білім беру мекемесі, әр түрлі елдердегі мамандар мен студенттерді біріктірумен ұмтылады.

    1954 жылы кафедраны доцент Н.Е. Соколов басқарды. Кейін профессор М.Т. Самсонов кафедраның материалдық базасына, мұғалімдердің сапалы өсуіне күш салды. 1970-1989 жылдар аралығында кафедраны геология және минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.А. Ермеков басқарды. 1990 жылы кафедра меңгерушісі қызметін доцент А.Байбатчаев атқарды. 1991 жылдан 1997 жылға дейін кафедраны доцент Б.Д. Билялов басқарды. Сонымен қатар кафедраны басқарып, көркеюіне профессор В.С. Портнов, доцент А.С. Садчиков көп еңбек сіңірді. Қазіргі уақытта кафедра меңгерушісі, PhD докторы Ф.М. Исатаеваның басшылығымен ұжымымыз университетіміздің «ең үздік кафедрасы» номинациясын жеңіп алды. Кафедраның ұжымы кафедраның дамуына шексіз үлес қосып келеді.

    Қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік беретін тәжірибе жинақталды. Осы уақыт ішінде «университет-ғылыми-зерттеу институттары-өндіріс» жүйесінде жақсы қарым-қатынас орнап, заман талабына сай маман даярлайтын деңгейге қол жеткіздік. Ұзақ жылдар бойы бірқатар ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, кафедра оқытушылары жоғары кәсіби біліктілік деңгейіне жетті. Атап айтқанда, студенттерге жұмыс барысындағы тәжірибеге сай заманауи үлгіде білім беріледі. Өндіріске келген жас мамандар университет-ғылыми-зерттеу институты жүйесінде бірлесіп жасаған әдістемелер мен ғылыми тәсілдерді нақты өндірістік тәжірибеге енгізу үстінде. Осылайша, жас мамандардың мүмкіндігін қажетінше пайдаланып, заманауи үлгідегі білім мен ғылыми әзірлемелер нақты өндіріске барынша тиімді енгізіліп келеді.

    Кафедрада Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Ресей, Түркіменстан, Украина және басқа да елдердегі кен орындарынан алынған пайдалы қазбалар мен тау жыныстарының ерекше үлгілері бар геологиялық мұражай жұмыс істейді.

    Кафедра басқа университеттердің жетекші ғалымдары мен оқытушыларын дәріс оқуға, аспиранттарға, докторанттарға кеңес беруге шақырады. Әр жылдары кафедра студенттері мен қызметкерлеріне проф. Артыбашев В.А. (Ленинград тау-кен институты), Маловичко А.К. (Пермь мемлекеттік университеті), проф. Старчик Л.П. (Атом энергиясы институты, Мәскеу), геология және минералогия ғылымдарының докторлары — Пономарев В.Н., Воженников Г.С., Уткин В.И., Бахвалов А.Н., Кошелев И.П шақырылып, дәріс оқыды.

    Кафедра кен орындарын іздеумен және барлаумен айналысатын кәсіпорындарға тау-кен геофизикалық инженерлерді, геологиялық инженерлерді дайындайды.

         Геолог мамандықтарды даярлау кезінде қоятын аса маңызды талаптардың бірі – мамандарды геологиялық барлаудың жаңа технологияларына оқытып, үйрету.

         Бұдан басқа, жаз маусымы кезінде далалық геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу әдістерін игеруге студенттер үшін өндірістік тәжірибелер ұйымдастырып, геологтардың қызығушылығын туғызады.

         Студенттер теориядан алып жүрген білімдерін, өндіріспен тығыз байланыстырып тәжірибе жүзінде іске асырады.

         Геология мамандығының қазіргі таңда өзектілігі өте жоғары. Осы оқу орнының геология мамандығын бітіріп, белгілі компанияларда жоғарғы қызметте жұмыс жасап отырған түлектеріміз жетерлік.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасы ұжымы әр жыл сайын геологтар күніне іс-шаралар ұйымдастырады. Осы жылы да геология саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен мамандарды шақырып атап өтпекші. Онда геолог мамандар арасында тәжірибе алмасады, өзекті мәселелер, салалар мен әлемдік геологиядағы соңғы оқиғалар талқыланады, соңғы геологиялық зерттеулермен танысады.

Осылайша, Қазақстанның геологтары күні еліміздің геология саласы үшін маңызды, біздің университетіміз ұйымдастырған іс-шараларда геологтар мен ғалымдар күш-жігерлерін біріктіруге, өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ қоғамның назарын осы ғылымның маңыздылығы және оның ел экономикасы мен дамуына қосқан үлесіне аударады.

Осынау мереке қарсаңында барша геология саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Сіздерге таңғажайып экспедициялар мен жер қойнауын геологиялық зерттеуде сәттілік тілейміз!

Мақала авторлары:

А.Р.Айтпаева PhD доктор, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау кафедрасының оқытушысы.

Ф.М.Исатаева PhD доктор, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау кафедрасының меңгерушісі

С.Б.Иманбаева PhD доктор, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау кафедрасының оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Сарбаздарды әскерге шығарып салды

Бей Сәу 6 , 2023
Оқылды: 728 Отанды қорғау абыройлы міндет. Қазыбек би аудандық әскери бөлімінде ҚР Қорғаныс Министрлігі десанттық шабуылдаушы әскерлеріне болашақ сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті. Отан қорғаушылар құрметіне орайластырылған салтанатты рәсім жеңіс саябағында өтті. Марат Жанатұлы бала кезінен әскер қатарында болсам деп армандаған. Ол бұл күнге ұзақ дайындалды, салауатты өмір салтын ұстанып, […]