Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде біліктілікті арттыру жөнінде семинар өтіп жатыр

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында «Коммуникациялардың ерекшеліктері және білім беру қызметін ұйымдастыру: мәселелері, шешу жолдары, келешегі» тақырыбында семинар өтіп жатыр.

Қазіргі академиялық ортада қажетті жаңа білім, білік, дағдыларды алу, жетекшінің басқарушылық құзыреттерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған семинарға университет факультеттерінің кафедра меңгерушілері қатысуда.
Семинардың алғашқы күні түске дейін іс-шараға спикер ретінде шақырылған Қарағанды қаласының іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер, NLP Асаdemy kz негізін қалаушы Жанар Қайырбек пен сертификатталған НЛП-тәжірибеші, НЛП-шебер, NLP асаdemy KZ негізін қалаушының бірі Меруерт Рақышева NLP-дың тиімді коммуникациялары туралы кеңінен айтып, аудиториямен ой бөлісті.
Жанар ҚАЙЫРБЕК, Қарағанды қаласының іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер, NLP Асаdemy kz негізін қалаушы:
Негізінде бұндай семинарды университет қабырғасында алғаш рет өткізіп тұрмыз. Адамдар өздерінің эмоциясымен жұмыс істеп, өзін-өзі басқара алуы керек. Адамның қас-қабағына, сөзіне, іс-әрекетіне қарап дұрыс шешім шығару аса маңызды. Қарым-қатынас жасауда қарым-қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы аса зор. Бүгін біз ұстаздар қауымымен осы тақырыпта ой қозғап, пікірлестік. Кафедра меңгерушілеріне үй тапсырмасын бердік. Ертең сол берілген төрт сұрақ төңірегінде ой-пікір алмасамыз,-деп өз пікірін білдірді.

Кафедра меңгерушілерінің біліктілігін арттыруға бағытталған семинардың аясында NLP коммуникацияларының тиімділігіне, заманауи психотехнологиялар арқылы коммуникацияларды басқаруға, психологиялық интерактивке қатысты мәселелер қаралып, спикерлер заманауи жағдайдағы HR саясаты; Microsoft Office 365, Платонус, Documentolog-пен жұмыс істеудің негізгі дағдылары; Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді ұйымдастыруға қойылатын нормативтік талаптар; ЖОО-да оқыту сапасын бағалау жөніндегі комиссияның қызметі; академиялық адалдық; қысқы емтихан сессиясының қорытындылары; инновациялық және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу тәжірибесі; кафедралардың серіктес ЖОО-лармен өзара келісуі бойынша «Жол картасының» жобасын жасау туралы кеңінен айтады. Академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі – проректор Талғат Жүсіпбек «Қазір білім саласына жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Сол жаңашылдықтарды әріптестерімізбен үнемі бөлісіп, таныстырып, оларды жұмыс барысында қолдану үшін осындай семинарлар өткіземіз. Бүгінгі өтіп жатқан семинарға коммуникацияның тиімділігін жақсы білетін білікті мамандарды шақырдық. Қазір әр кафедра меңгерушісі бір кафедраны басқарып отырғандықтан, ол жерде әртүрлі контингент бар, әртүрлі студенттер, ата-аналар бар. Әрқайсысымен тіл табыса білу оқу процесіне оң ықпал етеді. Семинар барысында тек теориялық білімге уақыт бөлген жоқпыз. Теориялық білімді практика жүзінде пысықтауды мақсат еттік. Осы мақсатта семинардың үшінші күнінде кафедра меңгерушілері Назарбаев университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетіне барып тәжірибе алмасып қайтады. Білім беру сапасын жақсарту үшін профессорлық-оқытушылар құрамының білімі мен біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет. Бұл семинарды алдағы уақытта басқа форматта — біліктілікті арттыру курсы ретінде, форум ретінде өткізу де жоспарда бар», –– дейді.
Бүгінгі семинардан кафедра меңгерушілері мол мағлұмат алды. Семинарға жалпы саны 49 қатысушы қатысты. Семинар 16 қаңтарға дейін жалғасады. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркиядағы тарихи ғимараттағы кітапхана

Сен Қаң 14 , 2023
Оқылды: 342 Мәдениет және туризм министрлігі оқырмандарды Рами кітапханасына шақырады. Стамбұлдың Эйүпсұлтан ауданындағы Рами кітапханасы 18 ғасырдағы Рами казармасының ғимаратында орналасқан. Түпнұсқа құрылымы мен материалдары бойынша жүргізілген реставрация, жөндеу және құрылыс жұмыстарынан кейін Рами кітапханасы «Стамбулдағы ең үлкен кітапхана» деген атауға ие болды және Еуропадағы өзіндік ерекшеліктері бар жетекші кітапханалардың […]