Бірнеше жыл бұрын оқушылар мен студенттер реферат немесе ғылыми жоба жазу үшін кітапханаға барып, түрлі дереккөздерді ақтаруға мәжбүр болатын. Ал бүгінде қажетті ақпаратты бірнеше секунд ішінде алуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект құралдары пайда болды. Солардың ішіндегі ең танымалы – ChatGPT. Қазіргі таңда бұл жүйені миллиондаған адам пайдаланады. Алайда оның білім беру саласына әсері туралы пікірлер әртүрлі. Бірі оны таптырмас көмекші десе, енді бірі оқушылардың ойлау қабілетін әлсіретеді деп есептейді.

Шынында да, ChatGPT білім алушылар үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Мәселен, ол күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіре алады, мәтіннің мазмұнын қысқартып береді, шет тілдерін үйренуге көмектеседі және түрлі тапсырмаларды орындау барысында бағыт-бағдар ұсынады. Әсіресе ауылдық жерлерде немесе қосымша репетитор жалдауға мүмкіндігі жоқ оқушылар үшін мұндай құралдардың пайдасы зор.
Технология саласының белгілі тұлғасы Билл Гейтс жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне үлкен өзгеріс әкелетінін атап өткен. Оның пікірінше, жаңа технологиялар оқушыларға жеке көмекші ретінде қызмет етіп, білім алу процесін жеңілдете алады. Расында да, көптеген студенттер ChatGPT-ді ақпарат іздеу немесе түсінбеген тақырыптарын қайталау үшін пайдаланып жүр.
Дегенмен, мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір білім алушылар тапсырмаларды өздері орындаудың орнына, дайын жауапты көшіріп алуға дағдылана бастады. Мұндай жағдайда білім емес, нәтиже ғана маңызды болып қалады. Соның салдарынан оқушының талдау жасау, өз ойын жүйелеу және сыни тұрғыдан ойлау қабілеті төмендеуі мүмкін.
Технологиялық кәсіпкер Илон Маск та жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен қатар, белгілі бір қауіптері бар екенін бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше, кез келген жаңа технология жауапкершілікпен қолданылған жағдайда ғана пайда әкеледі. Бұл қағида білім беру саласына да қатысты.
Осы орайда белгілі қазақ математигі Асқар Жұмаділдаев: «Заманына қарай адамы» деген қағида бүгін де өзекті. Әр дәуірдің өз талабы бар. Қазіргі заман талабы – білім мен технологияны қатар игеру», – деген болатын. Шынында да, цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде жасанды интеллектіні білім беру үдерісінен бөліп қарау мүмкін емес. Ең бастысы – технологияны адам ойының орнын басатын құрал емес, білімді толықтыратын көмекші ретінде пайдалану.
Бүгінде Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында да ChatGPT кеңінен қолданыла бастады. Бір мұғалімдер оны сабаққа дайындалу кезінде көмекші құрал ретінде пайдаланса, студенттер ақпарат жинау мен мәтін өңдеу үшін қолданады. Алайда мамандардың пікірінше, жасанды интеллект адамды толық алмастырмауы тиіс. Ол тек бағыт көрсететін құрал болғаны жөн. ChatGPT – білімнің жауы да, құтқарушысы да емес. Оның пайдасы немесе зияны оны қалай қолдануға байланысты. Егер оқушы оны жаңа білім алуға, ізденуге және өзін дамытуға пайдаланса, бұл технология үлкен мүмкіндікке айналады. Ал дайын жауапқа ғана сүйенсе, керісінше білім сапасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғам үшін маңызды мәселе – жасанды интеллекттен бас тарту емес, оны сауатты әрі тиімді пайдалануды үйрену.
Гүлім НЕСІПБЕКОВА
Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚАРҰЗУ
Филология факультетінің 3 – курс студенті


