Бизнес түрлері

Кез келген адам бизнесті бастамастан бұрын: Бизнес пен кәсіпкерліктің оған қажеті бар ма? Мұндай іске дайынмын ба?-деген сауалға нақты жауап беруі тиіс. Өйткені бизнес тек тез арада пайда табумен шектелетін іс-әрекет емес. Ол бизнеспен айналысатын адамның қалауы мен пейілі, ынтасы және талпынысымен шектелмейді, сонымен қоса, ой-сана мен күш-жігерді және бастапқы ақша-қаражатын салуды қажет етеді.

Сол себептенд, бизнесті бастамастан бұрын мынадай мәселелерді анықтап алғаныңыз жөн: Ой түйсік; Мақсат; Саланы таңдау; Бастапқы капитал мәселелері. Кәсіпкерлікті былай қойғанда кез-келген істің бастамасы үлкен әрі жауапты нәрсе. Ал бизнесте «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» деген түсінік мүлдем жоқ. Ол сізден 24 сағат тынымсыз әрекет қылуды талап етеді. Сондықтан да бизнесте жетістікке жету үшін, әдетте демалыс пен ойын-сауық, күлкі-думан, жора-жолдас, туған-туысқандармен әңгіме-дүкен құратын уақытыңызды қиюға тура келеді. Бизнесте қандай да бір қадам бастамастан бұрын, кәсіпкерлікпен айналысатын саланы, мысалы: сауда-саттық па, қызмет көрсету ме, ауылшаруашылық па, әлде кішігірім өндіріс пе? Жалпы бизнесті жүргізетін саланы нақты анықтап алуыңыз қажет. Бизнесті бастамас бұрын оның мақсаты неде?- деген сауалға өз-өзіңізге жауап беруіңіз керек. Егерде сіздің мақсатыңыз тез баю, басқа адамдарға өзіңіздің жетістіктеріңізді мақтаныш ету мен дәулетіңізбен басымдық жағдайыңызды пайдаланып қарапайым адамдарды өзіңіздің қалауыңызша «менменшілдікке» салынып жай ғана үстемдік құрып басқару болса, сіздің кәсіпкерлік іс әрекетіңіз оң нәтиже бермейтіні анық. Бизнесті бастарда бастапқы капиталды (ақшаны) қайдан табамын деген сұрақтың жауабы әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы; банктен несие алу арқылы, достарыңыз немесе туысқандарыңыздан қарызға алу, ақшасы бар адамдардың арасынан бизнес-серіктес (партнер) табу немесе ешкімге қарыздар болмау үшін жұмыс істеп, тапқан ақшаңызды үнемдеп жинап болашақ бизнесіңіз үшін бастапқы капитал жинауға болады.

Жалпы бизнес бастар алдында қатты қиналмау үшін, өзіңе қызық әрі таныс саладан бастаған жөн деп есептеймін.«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала»-демекші, бірден үлкен іске жүгірмей, шамаңа, төңірегіңе және жағдайыңа қарап іске кірісу ең оңтайлы әдіс. Өйткені бұған дейін айналыспаған, қыр-сырын білмейтін әрі хабарыңыз жоқ істі бастау үшін несие алып белшеден қарызға батып, кәсіпкерлікпен айналыспастан бұрын, бұл істен түсетін пайда қанша, оның қарапайым тұтынушыға қажеті бар ма және несие мен қарызды қайтара аламын ба?-деген сұрақтарға жауап беруіңіз керек.
Өз басым бизнеске қатты қызығу үстіндемін. Қазіргі таңда бизнесті кез-келген жаста бастай беруге мүмкіндік бар. Жастардың барлығының қолында телефон, ноутбук, планшет сияқты түрлі гаджеттер бар. Сонымен қатар интернет дамыған, түрлі ақпараттық сайт көздері, тіпті блогерлердің өзі жүргізетін түрлі курстар жетерлік. Осының барлығын неге дұрыс жағынан қолданбасқа? Өзімді үлгі ретінде алатын болсам, көп жерде сатушы қызметін атқарғанмын. Тұтынушылармен жақсы тіл табысып, оларға өзімнің өнімімді сата аламын. Бизнес бастау жайлы ой әлбетте санамда бар. Сол үшін де қазіргі таңда білімімді одан әрі арттырып, түрлі курс, видео, вебинарларға қатысып жүрмін.Сауда-саттық жағына жақсы болғандықтан, болашақта бизнес түрін де осы саладан ашқым келеді.
Бизнес-жоспар  дегеніміз не?
Бизнес-жоспар дегеніміз – бастайын деп отырған кәсіпкерлік ісіңіз туралы ұсақ-түйегіне дейін суреттейтін құжат. Жай сөзбен айтқанда сіз өз бизнесіңізде алға қойған мақсатқа апаратын жол сызбасы. Сондықтан да, бизнес-жоспар бұл:
Болашақ бизнесіңіздің немесе бизнес жобаңыздың негізгі мәселелерін суреттейтін құжат;
Бизнесті жүргізу барысында пайда болатын барлық мәселелерді талдау;
Пайда болатын мәселелердің алдын ала шешімін табу.
Бизнес-жоспар кәсіпкерге келесі сұрақтарға жауап беруге көмектеседі:
Қандай бизнесті таңдауға?
Сіз ұсынайын деп отырған тауарға немесе қызмет түріне сұраныс қандай болмақ?
Бизнесіңізді бастауға қанша, қандай ресурстар (ақша, адам, ғимарат) қажет?
Ұсынайын деп отырған тауар немесе қызметіңіздің бағасы қанша болады?
Шығындарыңыз қанша болады?
Бизнесті жүргізуден түсетін пайда қандай?
Бизнесіңіздің өзін- өзі ақтау (яғни салған ақшаның қайтуы) мерзімі?
Стартап дегеніміз не?
Стартап бұл – дамуымен өсуіне қолдауды қажет ететін жаңадан бастау алып келе жатқан жаңа бизнес жоба немесе жас компанияны атаймыз. Сондықтан да кез-келген стартаптың өзіне тән ерекшелігі болуы тиіс. Ондағы ерекшелік оның қайталанбауы. Мысалы, сіз өзіңіз тұрып жатқан ауданыңызда дүкен ашатын болсаңыз оны «стартап»,- деп атауға болмайды. Өйткені сіздің дүкеніңіздей дүкен көп және олар бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Себебі сатылатын нан өнімдері немесе күнделікті тұтынатын тұрмыстық, шаруашылық заттары болсын олардың сапасы да, ассортименті де ұқсас, және де көбінесе бір болып келеді. Сондықтан да ашайын деп отырған дүкеніңізді стартап ретінде ұсынғыңыз келсе онда, ол дүкеннің өзіндік жаңа ерешелігі болуы тиіс. Мысалы, сатылатын тауарыңыз туралы ақпаратты (бағасы, сапасы, қолдану ерекшелігі, нақты уақытта тауардың болуы) ұялы телефонның қосымшасы (приложение) арқылы көру, ал керек болса несие есебінде (ақшасын тауарды алған соң есептесу) сатып алу және оны сатып алушыға тегін жеткізу секілді қызмет көрсетумен ерекшеленуі керек.
Сондықтанда стартап бұл тек қана IT-технология мен үлкен көлемді жобалар мен бизнес деп түсіну қате. Өйткені бүгінгі күнде әлемдік деңгейде танымал брэндке (тауар атауы) айналған бизнестердің 90% пайызы кезінде шағын бизнес ретіндегі бастама түрінде болды. Осыған байланысты, кез-келген стартаптың мақсаты – тауар немесе қызмет көрсетудің жаңа түрін тауып, оны нарықта ұсынып, сату арқылы пайда табу.
Франчайзинг – ол не және ол не ушін қажет?
Франчайзинг сөзінің мағынасы — нарықтық қатынасқа түсушілердің белгілі бір бизнестің үлгісін немесе тауар атуын (брэндтің атын) жалға беру мен алуға байланысты кәсіпкерлер арасында пайда болатын экономикалық –құқықтық қатынасты білдіреді.
Франчайзер – белгілі бір бизнестің үлгісін немесес тауар атауын (брэндтің атын) ақыға жалға беруші тұлға (кәсіпкер, фирма, компания немесе жеке тұлға (адам) болуы мүмкін).
Франчайзи — белгілі бір бизнестің үлгісін немесес тауар атауын (брэндтің атауын) ақыға жалға алушы тұлға (кәсіпкер, фирма, компания).
Франшиза — франчайзингтік келісім-шарттың нысыны (нысаны). Мұндай келісім-шарттың нысаны: бизнестің үлгісі, тауар белгісі (тауар атауы), өндіріс немесе қызмет көрсетудің технологиясы болып табылады.
Сонымен, франчайзинг бұл үлкен бизнес пен шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің аралас түрі. Өйткені үлкен бизнес франчайзер ретінде өзінің атын, мәртебесі мен абройын және өзгеде мүмкіндіктерін (қаржы, ұйымдастыру, бизнесті жүргізудегі тәжірибесі секілді мүмкіндіктері) пайдалану (жалға беру) арқасында пайда табумен кеңейуді (басқа нарықтарға шығуды) көздесе, шағын және орта бизнес франчайзи ретінде бір жағынан елге танымал, екінші жағынан жаңа бизнесті (бизнестің үлгісі, тауар белгісі (тауар атауы), өндіріс немесе қызмет көрсетудің технологиясы) жалға алып, үлкен бизнестің мүмкіндіктерін пайдаланып пайда тауып, онымен бөлісуді көздейді.

Карина Сырымқызы

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультетінің 3-курс студент

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Тіл тірегі -өзіміз

Дүй Мау 19 , 2023
Оқылды: 2  649 Эссе Қазақ тілі қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Ал ол сезім мен байлыққа қол жеткізіп, кенелу қазақтың тіл мәдениетін толық меңгеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар тіл дегеніміз – ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, […]