Тіл тірегі -өзіміз

Эссе

Қазақ тілі қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Ал ол сезім мен байлыққа қол жеткізіп, кенелу қазақтың тіл мәдениетін толық меңгеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар тіл дегеніміз – ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдыры қазақ ұлтының да тағдыры екені баршаға аян.

Қазақ тілінің мәртебесі мен қолданылуы – қазіргі таңдағы өзекті  мәселелердің бірі. Иә, айта берсек, қазақ тілі туралы мәселе көп. Жаза берсең, таусылмайды. Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілде сусындаған  халықтың мәселесі. Жалпы өз басым осы мәселенің көтерілгенін қолдаймын, себебі  қоғамда тілге деген құрметтің жоқтығы байқалады. Екі адам бір-бірімен сөйлескенде де таза қазақша сөйлемей жатады. Сөздерінің арасында міндетті түрде орыс тіліндегі  сөздер кездеседі. Таза өз ана тілдерінде  сөйлесе алмайды. Тіпті, өз ана тілінде сөйлеуге ұялатындары да бар. Себебін сұрасаң, “ойымды қазақ тілінде толық жеткізе алмаймын”, “мен орыс мектебін оқығанмын”деген сынды көптеген сылтаулар  табылады. Сол себепті де қазіргі таңда жастардың өз ана тілін жетік меңгеруіне өте қатты мән беруіміз керек. Себебі  олар -тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген тәуелсіз жастар. Олар – еліміздің болашағы. Жастардың қазақша сөйлеуге деген құлшынысын оятатын, заманға сай, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану керек.

Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы. Ақпарат алмасу, қарым – қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс –әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Айта кетсем, жастардың қазіргі таңда уақытын көп бөлетін әлеуметтік желілердің бірі –  инстаграм. Инстаграм желісінде  қазақша контент түсіретін қазақ блогерлері көбейіп жатыр. Блогерлердің басты мақсаты – оқырмандарды өз парақшаларына тарту, қызықты контент түсіру, қандай да бір игі істерге қоғамды үгіттеу, міне, осылардың барлығы қазақ тілінде болатын болса, жастардың туған тіліне деген қызығушылығы артар еді. Біз шет тілін меңгергенде де бізге ұстаздарымыз сол тілдегі видео материалдарды түсінбесек те көруге кеңес береді. Адамның миы қандай да бір ақпаратты белгілі  бір тілде жиі көрген сайын, уақыт өте келе түсінбеген сөздерін түсініп, сол тілге деген қызығушылығы арта түседі.

Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Еліміздің экономикасы мен әл-қуаты артып, саяси-әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл мен ұлттық рухымыздың да өскенін, ұлттық мүддемізді екінші қатардағы қосалқы дүниедей болып қалмауын қадағалау – бәрімізге парыз. Қазір біз тілдің дамуының бүкіл жауапкершілігін өз мойнымызға алдық, өзімізден өзіміз талап ететін кезеңге жеттік. Қазақ тілі үшін бәріміз де қарыздармыз, сондықтан қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы.

Рауан Серікова

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультетінің 2-курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркияға туристік сапар

Сей Мау 20 , 2023
Оқылды: 622 12-16 маусым күндері Түркияның Кайсери, Иозгат, Кыршеһир, Невшеһир қалаларына сарап шектік. Бұл саяхатқа арналған сапарымызға Түркия Туризм министрлігі Туризмді дамыту агенттігі және Түркітілдес журналистер қоры мұрындық болды. Жаздың мамыражай шуақты күнінде жауған жаңбыр да саяхатымызға әр, нәр бере түскендей болды. Қызыл байрақты елге бізден басқа Өзбекстан, Түікменстан, Грузия, […]