Қарағанды қаласында Қазақстан Қарулы Күштерінің ұлттық контингентінің екінші тобы құрамында қызмет атқарған, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы барлау тобының сержанты Артем Ковальчукті салтанатты түрде қарсы алды. Голан жоталарында бір жыл бойы бітімгерлік міндетін атқарған әскери қызметші туған жеріне оралып, оны асыға күткен отбасы – жары мен қызы құшақ жая қарсы алды.

Бір жыл бойы қазақстандық әскери қызметші Біріккен Ұлттар Ұйымының Сириядағы халықаралық миссиясы құрамында қызмет етті. Голан жоталарында сержант Артем Ковальчук көздеуші-оператор лауазымында әскери міндеттерін орындады. Оның негізгі қызметіне патрульдеу кезінде бақылау жүргізу және бітімгерлік контингенттің жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету кірді.Сержанттың айтуынша, туған елден жырақта өткен қызмет кәсіби тұрғыдан да, өмірлік тәжірибе жағынан да үлкен мектеп болған.
– Әрбір әскери қызметші үшін бітімгерлік миссияға қатысу – зор жауапкершілік. Біз халықаралық аренада Қазақстанның атынан қызмет атқардық және жүктелген міндеттерді сапалы орындаудың маңызын жақсы түсіндік. Басты мақсатымыз – бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау болды. Осы маңызды іске өз үлесімді қоса алғанымды мақтан тұтамын, – деді Артем Ковальчук.
Ұзақ уақытқа созылған сағыныштан кейін туған-туыстарымен қауышу әскери қызметші үшін ерекше әсерлі сәттердің бірі болды.
– Ең бақытты сәт – туған үйге оралу. Жарым мен қызымды көргенде оларды қаншалықты сағынғанымды терең сезіндім. Осы бір жыл ішінде қызым есейіп, өз бетінше әрекет етуді үйреніпті. Кеше ғана жолға шыққандай едім, бүгін жетістіктерін қуана айтып беретін кішкентай көмекшімді құшағыма алып тұрмын, – деп әсерімен бөлісті сержант.
Артем Ковальчук үшін бұл халықаралық бітімгерлік операцияларға қатысудағы алғашқы тәжірибе емес. Ол 2020–2021 жылдары Қазақстанның бітімгерлік контингенті құрамында Ливанда да қызмет атқарған. Сол кезде жинақталған тәжірибе оған Голан жоталарындағы қазіргі миссия барысында жүктелген міндеттерді сенімді әрі кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндік берді. Сириядағы қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның Ажыратуды бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында қызмет өткерді. Бір жыл бойы олар миссия қолбасшысының резерві ретінде әрекет етіп, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындады.
– Халықаралық контингент құрамында қызмет ету әртүрлі мемлекеттердің әскери мамандарынан тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті жетілдіруге және көпұлтты ұжымда жұмыс істеуге үйретеді. Мұндай миссиялар адамның мінезін шыңдап, өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Артем Ковальчук.
Қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуы еліміздің халықаралық беделін арттыруға, жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіруге және шетелдік контингенттермен өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстан халықаралық қауіпсіздік, тұрақтылық және ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын осылайша тағы бір мәрте дәлелдеп келеді. Артем Ковальчуктің елге оралуы оның отбасы үшін ғана емес, сондай-ақ қазақстандық бітімгерлердің Біріккен Ұлттар Ұйымының көк туы астындағы бейбітшілік жолындағы еңбегін жоғары бағалайтын әріптестері үшін де қуанышты оқиға болды.
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ филология факультетінің
журналистика кафедрасының 3-курс студенті
Сара Халам


