Адам өз қабілетінің жетекшісі

Дүниедегі әрбір жаратылыстың, тіршіліктегі барлық жанды не жансыз заттың бұл өмірге келуінде үлкен мақсат бар.

Ол көзге көрінер ұлы жаңалық ашпаса да, байқала бермейтін, біздер елемейтін бір дарынымен әлемге кішігірім болса да өзгеріс енгізуі мүмкін. Сол сияқты,  Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен сыйы — бойындағы дарыны мен қабілеті. Алайда  қазіргі қоғамда біз бойымызға дарыған талантты елемей жатамыз, кейде біле тұра оны іске жаратпаймыз. Әр адамның бойында өзіндік деңгейде қабілет болады. Бірақ мәселе дарынның деңгейінде емес, оның қалай іске асатынында жатыр .

Бойдағы қабілетті дамытпау, оны ізгі іске қолданбау — табиғат заңына қарсы шығумен , өзіңді қабылдамаумен тең. Кез келген ерекшелік ( мейлі ол әнші ,биші , күйші болсын , ғалым  не жай ғана есте сақтау қабілеті мықты болсын ) адамзат игілігіне қызмет етуі тиіс. Қазақ халқы «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтпағаны анық. Бойдағы бұлақтай таза таланттың көзін ашып, оны халықтың кәдесіне жарату — әр адамның азаматтық парызы. Талантты адамның өз қабілетін тұйықтап, тордағы бұлбұлдай қамап қоюға хақы жоқ. Қабілетті тек мансап, атақ пен ақша үшін ғана қолдану — үлкен қателік. Шынайы талант қоғамға, қоршаған ортаға пайда әкелуі тиіс.

Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты Нұрлытаң Саятқызы :

—Менің ойымша, кез келген адамның бойында белгілі бір нәрсеге қабілеті болады. Өнер саласына келетін болсақ,біреу ән айтуға бейім болса біреу суретті жақсы салады. Қабілет туа біткен қасиет болғанымен оны еңбекпен үздіксіз ізденумен шыңдау өте маңызды.  Сондықтан өнерге қызығушылығы бар әр адам өз қабілетін ашып, белгілі бір деңгейде жетістіктерге жете алады.

—Тума талант пен өсе келе байқалған таланттың,дарындылықтың жетістік деңгейі бірдей ме?

—Тума талант пен өсе келе дамыған таланттың жетістік деңгейі міндетті түрде бірдей болмауы мүмкін. Тума талант адамға белгілі бір істі тезірек меңгеруге көмектеседі. Алайда еңбексіз таланттың өзі жоғары нәтижеге жеткізе алмайды. Ал бастапқыда ерекше қабілеті байқалмаса да, еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында өз дарынын дамытқан адамдар үлкен жетістіктерге жете алады. Сондықтан жетістікке жетуде таланттан гөрі оны дамытуға жұмсалған еңбек маңыздырақ,—деп жауап қатқан болатын.

Дамымаған, шыңдалмаған дүние уақыт өте келе өз құнын жояды. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы

-Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын біле тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім,- деп өкініш өлеңін жазған еді. Кеш сермедім десе де, бәрібір бойындағы дарынын ашып, біздерге өшпес мұра қалдырды. Дарын — Алланың берген аманаты, ал оны қалай басқарып, қай бағытқа жетелейтініңіз тек өз қолыңызда. Адам өз қабілетінің құлы емес, жетекшісі .

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

2-курс студенті

Айғаным Ғалымқызы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

«Ұлт ұстазының ұлы жолы» – тағылымы мол мюзикл көрермен жүрегінен орын алды

Бей Мау 4 , 2026
Оқылды: 70 Қарағанды қалалық білім бөлімінің Әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы, ақын, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлт ұстазының ұлы жолы» атты мюзикл өтті. Тағылымы терең мәдени шара Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма […]