Әрбір азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – абыройлы міндет. Қорғаныс Министрлігіне қарасты, Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасында борышын өтеуге келген 20 сарбаз ант қабылдады. Сарбаз болып сап түзеп, Отан алдында серт берген өрендерді ата-аналары құттықтап, балаларының қызметтік өмірлерімен танысты.
Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болып, қорғау деген сөз. Отан алдындағы борышын адал орындауға серт бергендердің қатарында, 20 жігіт бар. Арнайы әскери киім үлгісін киіп, елін қорғауға, мүлтіксіз адал қызмет етуге ант берген сарбаздар жігерлі, бойларында патриоттық рух пен сүйіспеншілік басым. Аз уақытта әскери тәртіпке үйреніп қалған әр сарбаз өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен сезінгені анық. Балқаш қаласынан келген Жасұлан Бабаев сарбаздар қатарында сап түзеп, үйренерім көп дейді.
«Әскери өмірім жақсы өтуде, керек заттың бәрі бар, бәрі ұнайды. Жақсы тамақтандырады, киімді қалай дұрыс жуу керек, қалай дұрыс салу керектігінің бәрін үйренесің. Көп мүмкіндік бар. Және әскер қатаң тәртіпке үйретеді, мұнда есейе түсемін деген ойдамын, борышымды өтеп, әскери билетімді қолыма алған соң қызметке тұру, сондай-ақ оқуымды жалғастыру жоспарымда бар».