Жуалы- жер жәннәті

Ұлан – ғайыр мемлекетіміздің оңтүсігінен орын тепкен менің кіндік қаным тамған, балалық шағым өткен жер – Жуалы ауданы. Аудан орталығы-Бауыржан Момышұлы атымен аталады. Қайтпас қайсар ерлік пен аласармас өрліктің, шайлықпас батырлық пен қаймықпас батылдықтың жіңішке соқпағы осы жерден бастау алған.

Бұл – қазақтың маңдайына біткен Совет Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен «Даңқ» орденінің иегері Тайыр Тастандиев туған Жуалы ауданы. Жуалы жері шапқыншылық кезінде жаудан қорғанар берік қалқан болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойкелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Тілеуке, Қожық, Құттық, Онбай, Бердіқожа, Байдәулет, Есіркеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқандай батырлар мен аузы дуалы бабалар мекен еткен. Жұлдызы биік Жуалы – Тәттібай Дүйсебаев, Есен Демесінов, Тілепалды Ибраев, Бақытжан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диқанбек Сатылғанов, Владимир Тегубенко, Димитрий Кавешников, Александр Тромбачев сынды генералдардың мекені. Айта берсек тағылым болар тарих, үлгі болар ел азаматы көп.

«Беу, беу, Жуалы,

Жаратқандай шың-құздан,

Бауыржанды туғызған,

Өзің едің маған да

Өлең жолын қуғызған» ,- деп ақындар толғаған бұл өлкеден Қазақстанның Халық жазушысы, сөз өнерінің нар тұлғасы – Шерхан Мұртаза шыққан.

Өзін Жуалыданмын деп есептейтін қазақ пен қырғызға ортақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Аңызға айналған Ақбидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Бөтен елдерге сапар шеккенде мені қазақ әні «Ақбидай» әуені ерекше елітіп қуантады. Сол ән осы Жуалыда туған ғой деп ойлаймын. Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен, батырлары, Мыңбұлағы, табиғаты және тарихымен қазақ еліне ертеден-ақ белгілі»,-деген екен. Еліміздің тарихында ерекше аталатын, басынан қар кетпес қасиетті Алатау мен қарт Қаратаудың ортасынан ойып тұрып орын алған Жуалы жерінің өзгеше бір табиғаты ерте кезеңдерден бастап-ақ адамдардың өмір сүруіне жайлы болған. Түгін тартсаң, майы шығатын Жамбыл облысындағы бұл аймақ туралы ел арасында аңыз-әңгіме де көп. Жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз өзінің желмаясымен «Жерұйықты» іздеп жүріп, шөбі шүйгін, суы тұнық, көркі әсем Жуалыға аялдаған. Табиғаттың осынау теңдессіз сұлулығына риза болған бабамыз: «Суың бал, топырағың нәр екен, қадіріңді егін салған ел білер»-деп бағасын берсе керек. Ия, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді»деген осы шығар. Жуалының шығысында ұзындығы екі жүз шақырымды құрайтын «Күйік» асуы бар. Күйік асуында табиғат тез өзгереді. Асудың атауы туралы түрлі аңыздар да бар. Кішкентайымызда әкем бізге бірнеше нұсқасын айтып берген болатын. Есімде мына бір аңыз жақсы қалыпты: «Ертеде, жаугершілік заманда, бір қарт ана осы асуды мекендепті. Кейуананың он баласы болыпты. Мезгілі жеткенде барлық баласы соғысқа аттанып, ұлдары соғыста қаза болып, ешбірі аман оралмапты. Бауыр еті баласынан айырылған ана іш-құса болып, күйіктен қатты балаларын жоқтап жылағанынан тіпті, тау да күңіреніп, күйіп кеткен» – деген аңыз тараған екен. Сол кезден бастап «Күйік асуы» деп аталыпты. Келесі бір нұсқасы еміс-еміс есімде. Ол әңгіме бойынша бұл асуды жаудан сақтап, дұшпандарды келесі бетке өткізбес үшін үлкен кісілер төбелерге өрт қойған деседі, от қатты жанып біраз жер отқа оранып күйіп кетіпті. Содан «Күйік» деп аталыпты дейді. Ақиқаты бір Құдайға аян. Осы асудан өткен соң жол бойындағы тақтайшадан «Теріс өзені» деген жазуды көресіз. Иә, өзен – «Теріс» деп аталады. Бұлай аталуының да өзі бір қызықты әңгіме екен. Аңыз бойынша, бағзы заманда жоғарыда аталып кеткен Күйік асуының шығыс беткейі шөлді жазық болған деседі. Ал батыс жағы керісінше баулы – бақшалы, шөбі нулы нағыз жұмақ мекен болған екен. Бірақ, асуыдың арғы бетіндегі халық қатты қиналып, суға зар болыпты. Ел ішінде сол кездері үлкен молда (әлде бақсы дейміз бе) болған екен. Халқының әбден қасірет шеккенін көріп, Құдайына жалбарынып, дұғасын оқып, біраз күн өзен маңында отырыпты. Күн демей, түн демей дұғасын оқуды тоқтатпапты. Содан ғажайып болып, шығыстан батысқа қарай аққан өзен, ағысын өзгертіп батыстан шығысқа қарай ағыпты. Бүгінгі күні де сол ағыспен «Теріс» ағып жатыр. Негізінде, өлкетанушылардың сөзіне қарасақ, Жуалы ауданында орта ғасырларда Шабғар, Абардадж, Баркуаб, Шойбек сынды шағын қалашықтар болыпты. Ғалымдардың пікірінше, мұндағы Барқуаб – өзеннің атауы, қазіргі Теріс өзенінің ежелгі атауы екен. Өзен шығысқа қарай ағатын болғандықтан –«Барқуаб» сөзі «кері ағатын өзен» деген мағынаны білдіреді. Аңыз бен зерттеулер ұштастығы осы болар. Ірі жол торабының бірі болғандықтан Жуалыда теміржол стансасы бар. Станса бүгінде «Боранды» деп аталады. Ал бұған дейін «Бурное» деп аталыпты. Алдыңғы атау мен қазіргісінде бір ғана айырмашылық бар. Ол тек жазу тілінде ғана. Үлкен кісілер «Бұл стансадан қашан өтсең де, әсіресе қыстыгүні желі мен бораны басылмайды. Қатты соққан бораннан тіпті ағаштар көрінбейтін. Үнемі жел болып, боран соғып тұратындықтан «Бурное» деп аталған»,- деуші еді. Сол кездері орыстар бұл мекенді «Маленький Сибирь» деп атапты. Рас, Боранды десең, Боранды. Қазіргі күннің өзінде де қыстағы бораны, аязы, солтүстіктен кем түспейді. Ал «Жуалы» деп аталуының себебі: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда тау етегінде, жазық далада, тіпті, сазды жердің өзінде жуа (жабайы пияз) көп өсетін болған. Бүгінгі сарымсақ пен пияздың түп атасы Жуалыда көптеп өскен соң «Жуалы» деп аталған»,-дейді тарихшылар. Әр атауы аңызды арқалаған, аңызға айналған ардақтылардың мекені – Жуалы. Жуалы – жер жәннәті.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы

ҚарУ-нің филология факультетінің

3-курс студенті Арайлым Берікбай.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

КарЛАГ: «Тар түрменің ішінде, күн сәулесі жарқырайды...»

Бей Мау 3 , 2021
Оқылды: 1  856 ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы КСРО – да И.В.Сталиннің геноцид саясаты кезінде болған адам айтқысыз аса ауыр жағдайлар, халықты, ұлтты, этникалық немесе діни белгілеріне байланысты қуғынға ұшырату, саяси процестермен қуғын-сүргіндер халықтың тағдырына және қоғамдық санасына ауыр із қалдырды. Карлаг – алып ел, оның шекаралары бақылау мұнаралары бар тікенек сымдармен […]