Тіл тағдыры-ел тағдыры.

 «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды»  Қадыр Мырза Әли.

Тіл адамның басты қарым-қатынас құралы.

Қазіргі заман талабына сай көп тілді білу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Себебі, бірнеше тілді біле отырып, сол ұлттың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тыныс-тіршілігін жақын біле аласың. Егер қазақ баласының тілі орыс тілінде шықса, ағылшын тілінде білім алса, ертеңгі таңда қазақ тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін ұстанатын, күллі дүниеге таныстыратын кім болады деген сұрақ санамызда туындайды.

Тіл  тек қана қарым-қатынас құралы ғана емес, ол елдің тарихы, бүгіні және болашағы. «Ел болам десең бесігіңді түзе»,- дейді атам қазақ. Кішігірім осы сөздің мағынасына үңілетін болсақ, терең тәрбиелік мағына жатыр. Кез-келген істе біз алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі ел тізгінін ұстар тұлға.

Не себепті бұл мақаланы жазып отырмын? Бала кезімде «Хабар» телеарнасында  «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интелектуалды бағдарламасы өтетін. Сол бағдарламаның орысша нұсқасында, орыс мектебінде оқитын қазақ қызына, қазақ жазба әдебиетіпің негізін  салушы, қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың ескерткіші көрсетіліп, «Бұл кім?» деген сұрақ қойылады. Сонда, жаңағы қыз бала, Абай атамыздың кім екенін білмейді. Қарап тұрсаң мән беретін мәселе емес сияқты көрінеді. Барлығымыз білетіндей «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына еліміздің түкпір-түкпірінен, ең мықты деген  оқушылар жиналады. Осы бағдарламадан түйген ойым, оқушы қанша жерден химия, физика, биологияны мықты біліп тұрса да, өз тілін білмеу, өз тарихын, әдебиетін білмеуге әкеліп соқтырады екен. Ол дегеніміз үлкен білімсіздіктің белгісі.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жоғалып кетеді. Осындай қарқынмен 21 ғасырдың соңына қарай 6 мыңнан астам тілдің жартысы жойылып кетеді. Сол тілдермен қоса, сол тілдерді қолданатын ұлттар да тарих қойнауында қалады. Қарап тұрсаң өте қорқынышты статистика. Осы қорқынышты сценарийдің кейіпкерлері болып кетпеу үшін, қазіргі кезден бастап, біз бен сіз болып, тіл мәселесін қолға алған жөн деп санаймын.

Ең бірінші, осы істе балабақша деңгейіндегі бүлдіршіндердің тілге деген махаббатын ояту қажет. Бұрындары ата-бабамыз баланы қалай тәрбиелеген?  Жыр-дастандар, ертегілер, күй мен өнер арқылы бала санасына әсер ете білген. Ана тілін сүйіп өскен бала, ертеңгі халқына жанашыр азамат болып өсеріне күмәнім жоқ.

Екіншіден, мектептерде тілді оқыту жағын жоғарғы деңгейге көтеру қажет. Қазіргі кезде мектептерде үш тілді саясат жүргізіледі. Иә, бәрі жоғарғы деңгейде оқытылады. Жыл сайын ағылшын тілін үйрету басты назарға алынып отыр. Осының салдарынан қазақ тілі орыс тілі мен ағылшын тілінің көлеңкесінде қалып қояды. Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру қолға алынғаннан бері оның негізгі мақсаты – «өзінің тарихы мен салт-дәстүрін терең меңгерген, үш тілде еркін қарым-қатынас жасай алатын, өз бетімен іздене алатын, зерттеу арқылы оқитын, жан-жақты, көптілді тұлға тәрбиелеу» екен. Көптілді тұлғадан, көп жағдайда, өз ұлтының мүддесін көздейтін ұлттық кадр шыға қоймайды. Олар ел басына туған кез-келген қиын да қатерлі сәтте өздерінің сол біліктілігін және артықшылығын пайдаланып, өзге елге қоныс аударуға бейім тұрады. Оған орыстілді небір мамандарымыздан (араларында ағылшын, неміс т.б. ұлт тілдерін жетік меңгергендер де бар) ел тәуелсіздігінен бастап, бүгінге дейін айырылып қалуымыз нақты дәлел бола алады. Мұны әлемдік қатынаста «ақыл-ой иелерінен айырылу»,-деп атайды. Осы мәселе бізден басқа жұртта бар ма, жоқ па деп қарайтын болсақ, өзін ұлттық мемлекет санайтын және жергілікті ұлт тіліне негізделген мемлекеттік тілі бар дербес елдердің ешқайсысы өз жерінде өзіне қажетті мамандарды көрші елдің тілі тұрмақ, халықаралық тіл саналып жүрген ағылшын тілінде де дайындамайды екен. 

Осынау жаһандану заманында көптеген елдер өзінің тілінен айырылып қалды. Қазақ тілінің осы күнге дейін өлмей жетуіне ерен еңбегі сіңген, сол үшін де «Ұлт ұстазы» атанған адам Ахмет Байтұрсынұлы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы:

– сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

– қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек,- деген болатын. 

Осы тарапта мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болды. Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін білуге міндетті. Сонымен қатар, барлық құжаттар қазақ тілінде  жасалуы қажет.

Осы күнге дейін қаншама әдемі және қатты  сөздер айтылса да, қаншама жұмыстар атқарылса да, ащы болса да шындық. Қазақ тілі өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жүр. «Балық басынан шіриді» демекші, мемлекеттік органдарда, мемлекеттік және халықаралық жиындарда қазақ тілінің қолданылуын қатаң түрде енгізген жөн. Әлем бойынша, екі тілді араластырып сөйлейтін мемлекеттер кемде кем. Бірақ соның ішінде Қазақстанның бары жанды жегідей жейді.  Ол дегеніміз шайға қант пен тұзды араластырып ішкенмен бірдей. 

Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында, қазіргі қоғамда, жастар арасында қазақ тілінің қолданылуын сәнге айналдыру керек деп санаймын. Не себепті сәнге айналдыру қажет? Осы кезде халық жазушысы, қазақ ақыны, драматургі Мұхтар Шахановтың сөздерін мысалға ала кетсем:

– неге,

Әділдіктің күресінде жұрттың көбі тымпибай?

Ұлтсыздыққа, рухсыздыққа

Кім батылдық көрсетпесе қырғидай.

Ондайлардың бүгінгі аты ырбикүл мен жырбибай.

Қазіргі кезеңде ырбикүлдер мен жырбибайлар көбейіп кетті. Енді жақында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады:

– үш тұғырлы, төрт тұғырлы дегендердің бәрін доғаруымыз қажет. Бірінші орында қазақ тілі тұруы керек,- деді.

Біз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, елімізді, тілімізді сүйеміз.  Қазақ тілінің дамуына кішігірім пайдасын тигізгіміз келеді. Абай атамыздың:

– әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!»-дегеніндей, осынау алып мемлекетіміздің бір кірпіші болып қаланғым келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы, қазақ тілінің бар байлығын, бар сұлулығын өзім тәріздес жастар арасында қазақ поэзиясы арқылы дәріптеп жүрмін. Алдағы уақытта, артымнан ерген іні-қарындастарыма да осыны үйреткім келеді.

Ұлтымыздың рухани-тарихи мұрасы әрі байырғы жұрттың қазіргі күнге дейін қарым-қатынас құралы ретінде қазақ тіліне Конституция арқылы мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ата-бабадан асыл мұра болып қалған ана тіліміз біздің ғана емес жалпыадамзаттық рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі және асыл құндылықтарының бірі  екенін естен шығармауымыз қажет.

Он сегіз мың ғаламда тіл атаулы көп. Миллиондаған, тіпті миллиард адам сөйлейтін тірі тілдермен қатар санаулы жандар ғана өзара қарым-қатынаста пайдаланатын, тайпалық деңгейде қолданылатындары да бар. Алайда мәселе тілдің үлкен-кішілігінде емес, әр тіл адам баласы үшін өзінше құнды. Әр тілдің артында сол қауымның мәдениеті, тарихы, өнері, ән-жыры, ауыз әдебиеті жатады. Соның бір бөлшегі әрине, біздің қазақ тіліміз.

Қазақ халқы ғасырлар бойы түрлі қиындықтардан өтті. Ашаршылықты да, отарлау саясатын да, геноцидті де бастан кешті. Осының барлығына қарамастан егемендігімізді сақтап қалдық. Осы күнге жету үшін талай жан қасық қаны қалғанша күресіп, елімізді қорғап қалды. Ендігі таңда, біздің мақсатымыз осы байлығымыздан айырылып қалмай, әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземізді теңестіру.

Авторлар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультеттің стандарттау сертификаттау мамандығының 1-курс магистранттары Ләззат Ботаева, Дәмеш Әділхан, Бекзат Орысбаев, Ақерке Сатыбалды және философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент Данат Жанатайұлы Жанатаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ЕЛОРДАДА MEDIA CLUB АШЫЛДЫ

Жек Қар 15 , 2020
Оқылды: 2  171   Бүгін КАЗГЮУ Университетінде MEDIA CLUB ашылды. Клуб журналистер, баспасөз қызметкерлері, PR-мамандары, дипломат, пікірсайысшы, қоғам белсенділері, сарапшылар мен блогерлер бас қосатын алаңға айналмақ. Алдағы уақытта отандық медиа саласында қызмет етіп жүрген мамандар Университетке келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Кәсіби біліктілігін арттырып, бейресми кездесулерге қатысады. Сондай-ақ Университет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді […]