Экстремистік ағымдар қауіпті

Зайырлылық принципі, мемлекет құрылысындағы негізгі фундаменталдық түсініктердің бірі. Яғни, мемлекет ісіне діни шариғат түсініктері бар топтарды қосарластырмау. Дін ісі бір бөлек, мемлекет басқару жүйесі бір бөлек. Әртүрлі діни түсініктегі топтардың  басқару жүйесіне кірісуіне рұқсат бермейтін зайырлы, ғылым мен білімге негізделген мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру – ұлттық мемлекеттік идеологияның іргетасы болуы тиіс. Әсіресе әкімдік, мемлекеттік басқару, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, сот, юстиция, әскер және полиция жүйесінде бұл талап тез арада күшейтілуі қажет.

Бұл жерде біз бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізге лайық «қарапайым ислам діндарлығы» туралы  емес,  шет елдің данышпандары, ақыл қожаларының уағыздарына  негізделген жат көзқарастарын мемлекет органдарында, басқару жүйесінде насихаттап, ішіне кіріп, өз жақтастарын орналастыруға бағытталған діни ағымдар туралы айтамыз. Яғни, жамағат және тариқат жүйелерін күшейтуге  бағытталған, әртүрлі өзгешеліктерін негізге алып, дінімізді бөлуді мақсат еткен, «діни авторитеттер» және олардың қолдаушылары жайында. Осыларды қадағалау әкімдіктердегі ішкі саясат бөлімі, арнайы қауіпсіздік органдарының күн-түн демей, көздерін айырмай бағатын жұмыстары болуы қажет.

Салафит немесе ваххабит түсінігіндегі топтардың ұйымдары қауіпсіздік органдар жағынан тас-талқан етілді, Сирияға барғандар жауапкершілікке тартылды. Қайтып келген әйел- балаларының қате іс-әрекеттерінің кешірілуі де, біздің елдің гуманист мемлекет екендігін дүние жүзіне паш етті. Бірақ, өкінішімізге қарай олар өз діни «сырқаттарынан» құлан таза жазылып кеткен жоқ.

Салафит сектасының уағызшыларының басы болған Тазабеков жақын арада діни басқарма мен жалпы халық алдында ағынан жарылғандай ақталып сөйлесе де, ешкім оның сөздеріне аса сене  қоймады. Өз уағыздарымен жастардың санасын улап, Сирияға кетулеріне себепкер болғандардың бірі болған Тазабековтың бұл әрекеті, жауапкершіліктен жеке басын алып қалудың жолын іздегендігі, екі жүзді саясат екендігін көбіміз түсініп, білеміз. Бұрын қолданатын арабша діни сөздерін бұл жолы ауызға да алмай, «Құдай қаласа»,- деген ескі қазақи сөздерді қолдануының өзі, оның жылан пиғылды, әккі діни саясаткер екендігін білдіреді. Айылын жимай тәкаппар жауап беруі, қасқая дін ғұламаларынша сөз саптауы, өкінген, қатесін түсінген кісіге ұқсамайды. Қайта «айтқанымды қабылдайсынның» мінезін танытады. Біздің діни «ғұламаларымыздың» да оған бірде-бір сұрақ қоймауы, ішкі дүниясын тексеруге талпынбаулары да, солармен алдын ала келісілген бір спектакль сияқты көрінді.

Салафитші-арабшылдардың бізге қарсы тіке шабуылы қауіпсіздік органдарының жоғары дәрежедегі жұмысына және қазақ елінің ұлттық дәстүрлерге негізделген қарапайым діни көзқарастарына тасқа ұрылғандай соғылуы, олардың тәсілдерін өзгертіп, басқалай әрекет етуге итермелейді. Кешегі қысқа балақ, мұртсыз сақал жібергендер тыс көріністерінде көптің бірі болып, тактикаларын өзгерте, мемлекеттік органдардың негізгі тұтқаларына «өз адамдарын» өткізіп, билікті ыңғайларына  қарай пайдалануға тырысып жатыр. Мұндай белсенді әрекеттерді қазір әлсіреген арабшыл салафиттер ғана емес, бұл жағдайды пайдаланып билікке талпынған басқа да жамағат пен тариқатшылар да жүргізгісі келеді. Оның ішінде «дәстүрлі ханафи мәзхабындамыз»,- деген топтар да баршылық.

Қазақстан еліміз – унитарлық, ұлттық мемлекет ұғымына негізделген демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет. Болашағымызды Иранға ұқсаған мемлекет ретінде көргіміз келмейді.

Бірақ мұны аңсайтын, армандайтын күштер, олардың идеяларын қолдайтын кісілер  мемлекеттік органдарда, әкімдік, мәжіліс, мәслихаттар, ұлттық қауіпсіздік органдары, юстиция, прокуратура, полиция, әскер қатарында емін-еркін жұмыс атқарып жүр. Мұндай жағдайларға  енді көз жұмуға болмайды. Ұлттық  қауіпсіздікті, мемлекет басқару жүйесін күйрететін іс-әрекеттер, бұлар. Бұл топтағы кісілердің ерекшіліктері -діни көзқарастары қашанда  мемлекетшіл көзқарастан жоғары тұрады және іс-әрекеттері өз жамағатының ақыл қожаларына әрдайым тәуелді.

Естеріңізде шығар, Түркияда билік ішінде ондаған жылдар бойы жасырын жұмыс атқарған «Гүленшілер жамағаты» мемлекетті демократиялық режімнен, шариғат режіміне көшіру мақсатында қарулы көтеріліс ұйымдастырғанын. Ондаған жыл бойы билік, әскер, полиция, сот, прокуратура жүйелеріндегі лауазымды кісілерге ақша беру, тұрмыс жағдайына көмек көрсету, қызметте өсіру арқылы жағдай жасап, уағыздарымен мыйларын шайып, өздерінің ұлтына, мемлекетіне дұшпан етіп даярлап, қолданған. Президенттері Реджеп Тайып Ердоған  осындай қиын тұста, елге берген антында тұрып, зайырлы, демократиялық, ұлттық мемлекет-Түркия Республикасын құтқарып қалды.

Бізде де қазір ұлттық мемлекетке қарсы ниеттегі әртүрлі  діни жамағат  билікке ұмтылып жатыр. Осындай топтар мемлекеттің тұрақтылығына, зайырлы, демократиялық болашағына қауіп төндіреді. Бұл қауіптің кең етек алуына жол бермеу үшін, мемлекет органдарының барлық деңгейінде қадағалауды күшейтіп, лайықты саналмайтын кісілерді анықтап, қызметтен босату, мемлекеттік органдарда, университеттер, колледждерде, телеарналарда «Тазабековтардың» уағыз өткізулерін доғаратын кез келді. Жастарымызға қанша рухани зарар берсе де, сол Тазабековтың әлі де «Қазақстан ұлттық арнасында» тәлім-тәрбие бағытында «Тәлім TREND» бағдарламасын жүргізуге рұқсат берілуі, оның артында ықпалды лауазым иелері тұрғаны анық байқалады. Яғни, діни топтар үкіметтің ішінде ін салып алған.

Сондықтанда,  Президенттік басқару органдары, саяси партиялар, қоғам қайраткерлері, журналистер бұл мәселеге баса назар аударуы керек. Зайырлылық принципіне, ұлттық мемлекет идеологиясына сай  басқару жүйесіндегі маңызды орнын білдіретін  ғылыми түсініктемелер, жаңа заңдар шығып, қолданылуы қажет.

Қазақ елі, келешек ұрпақ, бостандық пен демократия үшін. 

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

КАЗГЮУ жаңа жобаларды жүзеге асырады

Бей Қар 19 , 2020
Оқылды: 1  493 КАЗГЮУ-де оқытушылармен бейресми кездесулерді жиі өткізуге тырысамыз. Әр жиналыс сайын әртүрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Мұндай кездесулер арқылы оқытушылар өздерінің дәрежелері жоғары оқу орнының басшылығымен тең екенін түсінеді. Бұл – КАЗГЮУ-де бірнеше жыл бұрын енгізілген горизонталды басқару жүйесінің жалғасы. Енді университетке қатысты кез келген шешімді ректор немесе декан емес, ұжым […]