Ұлттық саясаттың жеңіс күні!

Күтпеген бір хабар келді – коммунистердің Бас прокуратураға жазған ашық хаты. Оқыдым, көңілімнен шықты. Сенесіз бе, қуанып та қалдым. Неге дейсіздер ғой? Коммунистер партиясы – суырлар сияқты індерінен басын шығара бастапты, ұлтшылдарымыздың олардың ұяларына құйған сулары  жетіп, сыртқа айдап шыққан сияқты. Елін ойлаған ұлтшыл азамат және азаматшаларымыздың  айтқан сөздері, жасаған істері босқа кетпеген екен. Соған қуандым.

Түсінген адамға бұл бір жеңіс күні!

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Жылы жүзді, барлығына қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды уәде етуші коммунистердің басшысы А.Конуров, депутаттар Ж.Ахметбеков, Смирноваларға қандай «радикал» ұлтшылдар түстеріне кіре қалды екен, тұра салып Бас прокуратураға шағым айтатындай?

Қандай «радикал» қазақ біреудің жағасынан алып, митингіге шығып басқа ағайын ұлттарға зорлық- зомбылық жасады? Хаттағы әр жазылған сөз жалған, қазақ еліне күйе жағу. Бізде болмаған «радикал қазақ» түсінігін қалыптастыру, ұлтараздық тудыру, бұл тікелей арандатушылық. Коммунистердің осы хатынан жалпы  қазақ елін жақтырмайтын мінездің астары көрінеді. Қазақтың өз мемлекетіндегі орнын, өткен – кеткенін, жақсы – жаманын, дос пен дұшпанын айырар кездің келгенін сезінуі үшін өте пайдалы бір хат болды бізге. Аяғымызды байлаған коммунизм идеологиясының елімізге қандай зарар – зиян бергенін еске алар, коммунистерден құтылудың күттірмейтін іс екенін бар жан – дүниемізбен түсінер маңызды бір кездің келгенін сезіндік.

Бір ел болып, ашаршылықты, репрессияны есімізге түсіре, тағы бір рет түршіге, қорқыныш сезіне отырып, қолы қанға белшесінен батқан, жексұрын коммунизм идеологиясынан түбегейлі құтылар уақыт келгенін түсіндік. Қазақ елімен бір бола алмайтындар, тықыр таянғанын сезіп әрекетке көшкендей болды. Бұдан кейін Бас прокуратураның жазатын жауабына, айтар пікірлеріне көңіл бөлуіміз керек. Өздері бір шоғыр ғана, қолдайтын электораты аз коммунистік партияны жақтап, ұлт белсенділеріне қарсы әрекет жасалса, онда бұл үлкен саяси қателік болады. Себебі, унитарлық мемлекеттің негізін әлсіретеді.  

ҚР-ның Конституциясында «Қазақстан Республикасы — президенттік басқару пішіміндегі біртұтас (унитарлы) мемлекет»,-делінген 2-бапта.

Осынау унитарлы еліміздің ұлттық болмысына, құндылықтарына қарсы қандай да бір әрекет жасалса, ол мемлекеттің өзіне қарсы жасалған қылмыстық әрекет саналуы тиіс. Бұл жолы да комунистердің ел тарихында болмаған «радикал» қазақтар немесе ұлтшылдар деген жалған термин енгізіп, толерантты елімізге іріткі салуы – қоғамымызда ұлтараздық бар деген шындыққа жатпайтын түсінікті қалыптастыруға тырысқандарын көрсетеді. Қазақ елі өз мемлекетінің тағдырын өз қолына алу жолында мемлекеттік символдардың нығайуын, оның ішінде мемлекеттік қазақ тілінің статусын жоғарылатуын заңды түрде талап етіп жатыр. Осындай талаптардың күшейуін «біздің» коммунист – депутаттарымыз «радикал» ұлтшылдыққа жатқызды. Ал бүгінгі хаттарындағы жазулары болса, 1986 жылғы желтоқсан айларындағы  «казахский национализм» деген айып тағуларымен қалай әдемі үндеседі. Тек, қазіргі «біздің» коммунист- депутаттар қазақтарды «наркоман» деп атамауға ақылдары жете алған екен. Осындай партия біздің болашаққа жұмыс істей ме ме, қазақ еліне қызмет ете ме? Әрине, жоқ.

Қуанатын жәй, ұлттық идеологиямыздың уыты қарсыластарымызды шарпып, ұйықтап жатқан коммунистік партияны да оятып жіберіпті. Жылы жүзді көрінуге тырысатын коммунистер, бетперделерін алып тастап, өршелене  ұлтшыл – мемлекетшілдерге қарсы шығуы, қызылдардың заманының біткенінің белгісі. Ұтымды кезді пайдаланып, ел болып, осы аты өшкір коммунистік партияны парламенттен қуып, түбегейлі жапқызып, артынан жарығын сөндіруіміз керек.

Қазақ елі, болашақ ұрпақ, бостандық пен демократия үшін!

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет. 

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағандыдағы қараусыз қалған ауыл

Бей Там 13 , 2020
Оқылды: 2  199 Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылдық округінің Сарыарқа ауылы өткен ғасырда қалып қойғандай. Сарыарқа ауылының жолы да нашар, жел соқса, жарығы да сөніп қалады. Балалар сабақ оқу үшін интернет ұстайтын жер іздеп әуре болады. Ауыл халқы өркениеттен ада, үкіметтен күдерін үзген. Халық енді жарық сөне берсе, коммуналдық төлемдерді мүлдем […]