Ыстамбұлдағы көрнекті тарихи орындар

Қарашаның басы  Түркияның Ыстамбұл қаласына сапарлап қайтқанмын. Сіздерге » «міндетті көру керек» Ыстамбұлдың көрікті жерлерін ұсынамын.

Айя София мешіті

Ыстамбұлдың Сұлтан Ахмет ауданында орналасқан 2020 жылы мешіт атауын қайта алған  Айя София мешіті  терең тарихқа ие.  Бұл орын  сонау Византия империясының кезінде салынған.  Алғашында шіркеу, музей   қызметін атқарған Ыстамбұлдың көрікті орны қазіргі таңда мешіт ретінде жұмыс атқарып тұр.  Бұл жерде бірнеше тарихи оқиғалар болып өткен. Мешіт ішінде орналасқан «Коронация алаңында»  Византия императоры Константин сайланған. Әрі осы жерде христиан діні православ және католик болып екіге бөлінген. 

Бұл алаң мешіт аумағындағы реставрацияланбаған жалғыз жер болып саналады. Бұрын шіркеу ретінде қызмет атқарған мешіттің ішінде шіркеу элементтері де жоқ емес.  Көп суреттер ислам діні талабына сай өшірілгенімен, мешітке кіреберіс  тұста Оңтүстік вестибюльдің мозаикасы  әлі сақталған. Тағы мешіттің қарама-қарсы екі тұсында екі діннің белгісі крест пен ай бейнеленген. Бұл діндер достастығы деп түсіндіріледі. 

Қазіргі таңда  Айя София мешіті ЮНЕСКО қорғауында. 

II Сұлтан Селим кесенесі

 Әйгілі Ұлы Сүлейман мен  Хюррем сұлтанның ұлы   II  Селим сұлтан кесенесі Айя София мешіті аумағында орналасқан. Сұлтан Селим бұл кесенені Осман империясының әйгілі архитекторы Мимар Синанға  өзіне арнайылап салуды ұсыныпты. Алайда кесене Сұлтан қайтыс болғаннан кейін 3 жылдан кейін ғана салынып біткен.

Кесене сыртынан 8 қырлы, ал ішінен 8 бағанамен тірелген күмбезбен жабылған тік бұрышты бөлме. Кесененің сырты арнайы Изник қаласынан алынған мәрмәрмен қапталған. Әрі кесененің сырты XVI ғасырдың  көрнекті үлгісі болатын  плиткалардан құралған 2 панномен безендірілген.  Бүгінгі күнде  ғимарат сыртының сол жағындағы панноның  көшірмесі тұр.  Осман империясының соңғы билеушісі  II Абдулхамидтың кезінде  француз  Альберт  Доринги  «реставрациялаймыз» деген сылтаумен панноны  Францияға әкетеді. Қазір панно Лувр мұражайында сақтаулы тұр. Түпнұсқа мен көшірменің айырмашылығы түсінде ғана. Яғни, түпнұсқа панноның түсі айшықталып тұрады. Кесене ішінде Сұлтан Селим мен оның жары Нұрбану ханым және олардың балалары мен немерелерінің мүрделері қойылған.

Неміс субұрқағы

Неміс кайзері II Вильгельм  II Абдулхамидке  және бүкіл Ыстамбұл халқына  сыйға тартқан субұрқақ  Ыстамбұлдың Ипподром  алаңында орналасқан. 1898 жылы II Вильгельм Ыстамбұл қаласына алғашқы сапары кезінде қаланың  қонақжайлылығынан қатты әсер алып,   отанына оралғаннан кейін субұрқақ жобасына тапсырыс береді. Құрылымның барлық элементтері Германияда жасалып, пойызбен Ыстамбұлға жіберіледі. Субұрқақ жобасын неміс сәулетшісі М. Шпитта әзірледі, құрылысты сәулетші Шеле басқарды. Бастапқыда субұрқақты 1900 жылы 1 қыркүйекте Сұлтан Абдул-Хамид II-нің  таққа отырғанына 25 жыл толуына орай  ашу жоспарланған болатын, бірақ қажетті мерзімге дейін субұрқақты орнатуға уақыт болмады, сондықтан ол 1901 жылы 27 қаңтарда, Уильям II-нің туған күнінде ашылды. Субұрқақ нео-византиялық стильде, сегіз бұрышты беседка ретінде салынған.  Төбеде, алтын мозаика арасында Вильгельм II мен Абдул-Хамид II таңбалары кезектесіп тұрады.

Құрметті оқырман, берілген ақпараттар кәдеңізге жарайды деген үміттемін. Алдағы уақытта, сізде осы жерлерді өз көзіңізбен көріп,  ерекше толғанысқа бөленіңіз деп тілеймін.

Айзада Серікқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Атырауда жастарды жаңаша оқыту тәсілдерімен танысты

Бей Қар 17 , 2022
Оқылды: 558 Атырауда 600-ден астам оқушы STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер, математика) тегін білім беру бағдарламасын аяқтады. Курс Абай атындағы Оқушылар сарайында орналасқан JasSpace кеңістігінде өтті. Білім беру кеңістігі «Шеврон» компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қорының JasSpace:»Атырау жастарын дамыту бастамасының бөлігі» ретінде жұмыс істейді. JasSpace мынадай бағыттар бойынша тегін курстар […]