50185 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған 63 сарбазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бір жыл бойы әскери дайындықтан өтіп, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңірген жас жауынгерлер енді туған өлкелеріне — Тараз, Ақтөбе және Орал қалаларына оралады.

Салтанатты жиында әскери бөлім басшылығы сарбаздарға алғыс айтып, ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметтері үшін ризашылығын білдірді. Әскери антқа берік болған жауынгерлердің ішінде ерекше жетістікке жеткендер де бар. Биыл 6 сарбаз мемлекеттік грант иегері атанып, сертификаттарға қол жеткізді. Олар енді ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтында тегін білім алады. Бұл — әскери қызмет барысында тәртіп пен білімге деген ұмтылыстың нәтижесі. Грант иегерлерінің бірі — қатардағы жауынгер Думан Жақсылық. Ол әскери ортада шыңдалып, болашақ өміріне нақты мақсат қойғанын айтады.

– Әскер маған ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Мұнда адам рухани да, физикалық тұрғыдан да шыңдалады. Бір жыл ішінде көп нәрсе үйрендік, нағыз достар таптық. Қатты қуандым. Бұл — тек менің емес, ата-анамның да еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Әскери бөлімдегі командирлеріміз бізге үнемі қолдау көрсетіп отырды. Сол кісілердің сенімі бізге мотивация берді. Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтында білім алып, кәсіби әскери маман болғым келеді. Болашақта еліміздің қорғаныс саласына өз үлесімді қосу — басты мақсатым. Әскерден қорықпау керек. Бұл — үлкен өмір мектебі. Мұнда адам шыдамдылықты, тәртіпті және Отанға қызмет етудің маңызын түсінеді, деді – қатардағы жауынгер Думан Жақсылық.
Салтанатты кеш соңында сарбаздарға алғыс хаттар табысталып, естелік суреттерге түсу рәсімі өтті. Әскери бөлім басшылығы жас жауынгерлерге ақ жол тілеп, олардың азаматтық өмірде де ел сенімін ақтайтынына сенім білдірді


