ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН САРБАЗЫ

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген. 1982-1983ж.ж. теміржолда еңбек етті. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. Әскерде азаматтық борышын өтеп келген соң оқуын бітіріп, 1990ж. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. 1993ж. Болашақ бағдарламасымен Түркияда, Измир қаласындағы Докуз Ейлюл университетінде докторантурада оқиды. 2001ж. кондитерлік өнім шығаратын «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» өндіріс кампаниясын ашты. Бүгінде кондитерлік фабриканың директоры.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

 1951-ші жылы 29-сәуір Шығыс Түркістан тәуелсіздігі үшін шайқасып өткен Оспан батырдың шейіт болған күні. Ол кісінің батырлығы жайында 50 -ші жылдары Сарышаған ауылына көшіп келген қазақтардан естіген едім. Әкемнің аты Оспан болғандықтан ба, батыр есімі санамда ерекше қалып қойыпты. Жиырма алты жасымда білімімді шыңдауға Түркияға дакторантураға оқуға бардым. Жеткен бетте өз қанымды, қазағымды іздедім. Истанбулдағы қазақтар Зейтінбурну деген жерде тұрады екен. Алғаш рет сонда түріктердің текшіл, ұлтшыл, қаншыл екендеріне  көзім жетті. Бір адамды жерлеу үшін қабір орны үш мың доллардан басталып, он мың доллардан асатын Истанбулда басар жері болмай, отанынан қуылған қазаққа мың ғасырлық тарихы бар қаласының ортасынан ойып тұрып «қандасым келді,- деп жер, мүлік, үй бөліп берген еді. Сол Зейтінбурнуда Оспан батырдың сарбазы –  Әбдүлһақ Имрен деген ақсақалмен танысқаным да ұзақ хикая. Үйіне бардым, шәйін іштім. Көзіме батқаны үйдегі апа, әйелдер біздің апаларымыздай ақ түсті бас орамал таққандары. Әбдүлхақ ақсақал болса, Құран-Кәрімді жатқа білетін хафыз екен. Сонда, Оспан батырдың жайын сұраған едім. Әбдүлхақ хафыз:

– Оспан батыр еліміздің басшысы еді, қытай комунистері ізіне түсті. Аңдып жүріп, ақыры қолға түсіріп, өлтіріп тынды, бұралқы иттер. Біз болсақ, қорғай алмай қалдық, қолымыздан келмеді,-деп күрсініп, жерге көзін  түсірді. Біраз үндемей қалды. Сосын жалғастырды:

– батырды өлтіргеннен кейін, қол астындағы ауылдардағы жүз мыңға жақын  қазақ, қытай әскерімен соғыса отырып, Гималай тауларын баса, Үндістанға жол тарттық. Таудың мұз құрсаулаған жерінен киіз салып, ат тұяғына байлап өткен едік. Біздің әйел, қарындастарымыздың әрбірі мылтық атудан мерген болатын. Артымыздан жеткен қытаймен бізбен бірдей соғысып, талайын жантәсілім етті. Бірақ бауырларымыздың көбі жолда қалды, жартысына жуық жақынымыз”, – деп тағы да демін алды.

– сонда менім жасым мына ұлымдай еді, қарсыда отырған баласын меңзеді. Ұлының сонда қырыққа тақаған шағы. Таудың жан шыдатпас суығы, тамақтың жоқтығынан әлсіреген мен, әйелім, балам үшеуміз көштен қалып қойдық, – деп әңгімесін жалғастырды.

– балам бір жас шамасында еді, тамақ сұрауға аштықтан дауысы да шықпай қалды. Менің де әбден қарным ашқан, көзім қарайып, адастым ғой деймін, Құдай мені кешірсін, балама қарап қанжарымды шығардым. Мұны көрген қатыным баламызды құшақтай ала қашты. Мен орнымда отырған бетімде қалдым. Біраздан кейін алыстан шақырған дауысын естідім. Жақындасам, жартылай желінген еліктің қасында отыр екен. Алланың жіберген хикметі еді, соның арқасында аман қалдық. Бір жетіде өліп-талып, әрең дегенде көшті қуып жеттік. Көш үндінің шекарасында тұр екен, әрі қарай өте алмай. Басында қытай әскері келіп қалды деп ойлаған үнділер, бізге оқ жаудырды. Соңында, біраз уақыттан кейін, жағдайды білген соң үнді жағы шекараны ашты. Үндіде күміс, ат-тұрманымызды тамаққа ауыстырып күн көрдік. Ауа райы қапырық ыстық, тілі бөтен елде тұрақтай алмай, діні бір мұсылман Пәкістан астық. Бұл елдің де адамы көп, жағдайы нашар, аса көмек бере алмады. Мүшкіл халге түстік, аштық басталды. Малымыз, мүлкіміз жолда қалған, ұзын ақ киімнен басқа ештеңеміз жоқ. Совет Қазақстаннан, Пранса, Америка, Туркиеден «босқын» ретінде көмек сұрадық. «Бізді көшіріп алыңыздар»,- деп. Америка, Пранса, Түркиеден «кабылдаймыз» деген жауап келді. Біз тілі, діні бір болған Түркиені таңдадық. Ол жерге аяқ бассақ, қоғамның екіге бөлініп жатқан кезі екен. Бір жақ оң қанаты түріктер Түркиенің НАТО-ға кіруін қолдаса, сол жақ қанаты – комунист түрік пен күрдтер «советтермен бірге боламыз» дейді. Оң мен сол болып көше арасы атыстың қызған кезі. Комунистерден қашқан біз, түріктердің хас батыры, басшысы Алпарслан Түркеш бастаған ұлтшылдардың Көк бөрі партиясына кірдік. Түркиені бөлгісі келетін  күрдтермен, кейбір солар сияқты комунист көзқарастағы  түріктерге қарсы, қытай комунистерімен шайқасып өшігіп келген біз, жанқиярлық соғыс үлгісін көрсетіп, түріктердің өзін таңқалдырдық. Мен, Измирде оң мен солдың шайқастарын, үй қабырғаларындағы оқ іздерін, өз көзіммен көрген едім. «Түрік елі бізді бөлмеді, бабаларымыз, тегіміз бір, сендердің осында жеріңіз»,- бар деп, Истанбулдың Зейтінбурнысынан, Измирдің Салихлиінен жер берді, үй салуға ақша бөлді. Ризамыз, – деп әңгімесін аяқтады. Әңгімелесіп отырып:

 – балам, сен елімізге қашан барасың? –  деді.

– елімізге? Жүзін бақтым…

– суын ішіп, нанын жеген бұл елді жақын көрсе де, әлі де біздің жақты елім деп санайды екен ғой, – дедім ішімнен.

– жақын арада барып келетін шығармын, – дедім.

– ә, онда мен ақшасын берейін, елдің дәмі – қазысын ала келші, сағындық қой, – деді.

– жоқ, ақшаңыз керек емес, ала келермін, – деп қош айтыстым.

Бір-екі айдан кейін, елге барғанда Қарағандыдан ауылыма соғып, Майра анамның екі сүр қазысын алып, Алматы өттім. Ол кезде чартер сол жерден ұшушы еді. Чартер бір-екі күн кешігіп ұшты. «Мұстафа Ататүрік» ауежайынан алдыменен сыйымды жеткізейін деген оймен тікелей ақсақалдың үйіне тарттым. Амандасқан соң, сөмкемдегі қазыны шығарып, оралған газетті ашсам, сырты аз көгеріпті.

– қап дегеніме Әбдүлхақ ақсақал,

– бұл сүр ет қой, ештеңе етпес,- деді. Келіндері қазыны суық сумен жуды да қазанға салды. Айтқанындай, Арқаның сүр етінің иісі үй-ішін басып, көп піссе де, соңында дайын болды. Қазыдан ауыз тиген ақсақал жасарғандай, қатпар-қатпар әжім толған жүзі жазылғандай ма қалай, көңілі көтеріңкі отырды. Маған рахметін айтып, алақан жайып, оң батасын берді.

– қонып шық, ертең Халифа Алтай ағаң келеді, танысарсың, – деп қолқалады. Атағы кімді болсын елең еткізер, ислам дінінің  ғұламасы – Халифа Алтай ағамызбен танысудан иісі қазақ қашар ма, қуана-қуана келістім. Ертеңінде келді, танысып, ғұлама кісінің ақ батасын алдым. Әбдүлһақ хафызбен қазақ тіліне көшіріліп жатқан Құран-Кәрім туралы кеңесуге келген екен. Қос қария, арабша жазып-сызды, біраз отырып кеңесті. Кейінде қазақ тіліне толығымен аударылып басылған Құран-Кәрімді Халифа Алтай ағамыздың қолынан алып, ауыл жаққа таратқан едім.

Қазақ елі үшін  аямай жанын қиған Оспан батыр және оның  сарбазы – Абдулһақ Имрен хафыз, біз үшін- Құраны мен Отанын айырмай, тең сүйіп өтудің ұмытылмас үлгілері!  Жатқан жерлеріңіз нұрға толсын,

ШЫҒЫС  ТҮРКІСТАН БАТЫРЛАРЫ!

Бұдан кейін Түрік пен Қазақ арасында жүрген “тілмаштардың” делдалдық “еңбектерінің” қажеті болмас деген оймен  «Стамбул» деген орыстың аударма сөзінің орнына түрік атауы – «Истанбулды» қолдандым. Автор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Студенттер туралы қызықты мәліметтер

Сей Мам 12 , 2020
Оқылды: 2  563 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Студенттік кезең – өмірдің ең бір қызықты, мәңгілік ұмтылмастай керемет шағы. Жатақхана, мөлдір махаббат, алғашқы қиындықтар, емтихан. ұйқысыз түндер, ауылға деген сағыныш. Мұндай тамаша сәттердің қадірі студент деген асқақ атты иемденген кезде ғана білінеді. Күрең күздің жаңбыры да, қытымыр қыстың қақаған […]