Мен көрген даңқты партизан

Ұлы Отан соғысына қатысушы, партизан, жазушы, Халық Қаһарманы    

                                                              Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл!

Ұмытпасам, 1977 жылдың жазы болатын. Мектептің екінші сыныбын тәмамдаған кезім еді. Біз өскен алыс шалғайдағы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Сарытерек ауылына сонау алыс Алматы қаласынан Ұлы Отан соғысына қатысушы партизан Қасым Қайсенов келді. Есімі көпшілікке танымал ержүрек батырды күтіп алу сол кездегі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы тізгінін ұстап жүрген менің әкем Алшымбек Кенжебековке тапсырылғандықтан, алыс жолдан ауылға бұрылған автокөлік бірден біздің үйдің есігінің алдына ат басын тіреді.

     Ойын баласы емеспіз ба?! Далада асыр салып ойнап жүргенбіз. Әрқайсымыздың астымызда тал шыбықтан жасап, мініп алған бір-бір аттан бар. Есіктің алдына келіп тоқтаған автокөлікке бәрінен бұрын жеттім. Жанымда үлкен ағам Жомарттың ұлы бар. Есімі Бекзат, кейін бертін келе сол інім ер жетіп, жігіт болған шағында ауырып қайтыс болды.

Автокөліктің есігі ашылған бетте:

    -Ассалаумағаллейкум?!, – деп, бірдей дауыстаған сол марқұм ініміз екеуіміз  де амандасқан болып, жарыса оң қолымызды создық. Менің әкем Алшымбекпен бірге автокөліктен түскен даңқты партизан Қасым Қайсенов:

    -Уаллейкумсалам! Ой, бәрекелді! Үлкен азамат болып ер жетіңдер!, – деп, қолын созып амандасып, бізге өзінің жүрекжарды батасын берді.

Балалық шақтағы сол көрген ер денелі, шашын артына қайырып алған, даусы өктем шығатын Қасым Қайсенов есімді қазақтың ержүрек партизанын көріп, қолын алғанымды әлі күнге дейін ұмытпай есте сақтап келемін.

     Бәлкім, маған мектеп қабырғасынан білім алып жүрген кезімде Ұлы Отан соғысына қатысқан партизан, жазушы Қасым Қайсеновтың берген ақ тілек батасы көп әсер етсе керек, менің бойымда оның жазған кітаптарына деген қызығушылық ерекше басым болды. Тіпті кітап парақтарынан немесе газет-журнал беттерінен батыр тұлғаның суреттерін көзім шалып қалса көрген кездерім есіме түсіп, ерекше қуанышқа бөленетін едім. Әсіресе, ардагер жазушының «Жау тылында» атты кітабын сыныптастар арасында таласа оқып, ержүрек партизан Қасымға еліктегеніміз, жазушы туындысының кейіпкерлерімен бірге жүріп, олардың соғыс кезіндегі қол жеткізген жеңістеріне сүйсініп, қиналған шақтағы қиындықтарына қабырғамыздың қайысқаны мәңгілік жүрегімізде сақталып, өмір бойы есімізден шықпасы анық. Бар білерім, Ұлы Отан соғысының ардагері, партизан, жазушы Қасым Қайсенов жазған шығармаларының қазақ топырағында есейіп ер жеткен қаншама жасөспірімнің көкейінде намыс отын тұтатып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулығаны, ержүрек болуға тәрбиелегені сөзсіз шындық.

    Сұрапыл соғыс жылдарында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, ержүрек партизан Қасым Қайсенов есімді қаһарманы бар елдің айбары да, айтары көп!

Кезінде қазақстандық жазушылар арасында «Қасым Қайсеновтың қадірін білгің келсе, Украина еліне бар!» деген сөз мәтелге айналып кетсе керек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында шығармашылық сапармен барған біздің елдің бір топ жазушылары Қасым Қайсенов есімінің алыс Украина елінде қалай аңызға айналғанына көз жеткізген екен. Соғыс алаңына айналған Украинаның орманды жерлерінде партизан қозғалысы өте жылдам қимыл жасап, бейбіт тұрғындарды гитлерлік неміс басқыншыларының азабынан құтқару жолында тиімді қызмет атқарғаны белгілі. Алайда ұрыс қимылдары сол Украина жерінде өрбігендіктен, партизан жасақтарының тобында қазақ ұлтынан қосылған Қасымнан бөлек, жеке құрамның басым көпшілігін украин ұлтының жауынгерлері толықтырды. Міне, осы украиндықтарды қазақтан шыққан Қасым Қайсенов өзінің өршіл мінезімен, өшпес ерлігімен, асқан табандылығымен, ержүрек батылдығымен мойындата білді.      

    Өзінің көзі тірісінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында ардагер жазушы Қасым Қайсенов: «….Содан арнайы соғыс мектебін бітірген маған сол Чапаев дивизиясының 3-ші полкін басқару жүктелді. Осылайша, Украинаның бергі аймағын азат етіп, Молдавия жеріне бардық. Басқасын қойшы, мына Карпаттың ар жағында бір облыс украиндықтар тұрады. Дәлірек айтсам, Закарпатье Украинасы. Бұл жер Карпат тауының ар жағында болғандықтан, ғасырлар бойы чехтар мен венгрлердің тепкісінде болды. Сөйтіп, Кеңес Одағының сол кездегі басшылары Закарпатьедегі Украинаны азат етіп, бергі Украинаға қосып алмақ болған. Сөйтіп бізді 60 адамды, Дуглас деп аталатын шағын үш ұшақпен Карпат тауына тастады. Бұл 1944 жылдың маусым айы болатын. Карпат тауы да өзіміздің Алатау тәрізді жар құздары көп биік тау. Бір ерекшелігі, Алатаудың басында мәңгі ерімесқар мұздығы ьолса, Карпат тауы орманды болып келеді. Ең ұшар басына тіпті ағаш өспейді, шабындық тәрізді екен. Сол ұшар таудың басына түсірілген 60 адамның 53-і қаза тапты. Бірі жартасқа құлады, біреулерінің парашюті ашылмай қапыда кетті. Кейбіреуі жау оғынан мерт болды. Тек жеті адам ғана тірі қалдық….» – деп, соғыс күндерін еске алған болатын.

     Биыл, осы 1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысының Украина жеріндегі партизан қозғалысына қатысқан қазақстандық ержүрек партизан Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толып отыр. Алайда, баз біреулердің құйтұрқы саясатының жетекшілік етуімен Қасым Қайсенов сынды батыр жауынгерлеріміз азат еткен Украина елінде  бүгінгі күнде басқа бір соғыстың белең алғанына бір жылдан асып барады. Қазақстан елі бейбітшілікті қалайтын ел болғандықтан, кешегі Қасымдай батырларымыздың неміс басқыншыларынан азат еткен Украина елінде соғыстың тез арада тоқтағанын қалайтыны ақиқат.

    Дегенмен де, Қасым Қайсенов сынды ержүрек батыр жауынгерлердің партизан қозғалыстарындағы жүріп өткен ерлік жолына тарихтың өзі куә деп білеміз. Ерлік ешқашан да ұмытылмайды. Қайтпас қайсар, ержүрек намысы бар, қазақ жауынгері Қасым Қайсеновтың сұрапыл соғыс жылдарындағы партизандық ұрыс-қимылдарындағы ерлік ісін үлгі тұтқан еліміздің келешек ұрпағы мен жас буын өкілдерінің нағыз отаншыл сезімде ер жететіндеріне сеніміміз мол!

Тілек Кенжебеков

Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы,

Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қос сарбаздың қуанышы

Дүй Сәу 24 , 2023
Оқылды: 446 Қазақстан Республкасына қызмет етемін! Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери Жарғыларына сәйкес, мерзімді қызмет әскери қызметшісі мерзімді қызмет өткерудің барлық уақыт ішінде әскери қызмет міндеттерін орындайтыны сөзсіз. Осы жауапты сында нағыз сарбазға тән қайсарлық танытып, жауынгерлік даярлықтың үздіктері қатарында ерекше көзге түскен Қазақстан […]