Қисық бұтақ

Ғибратты әңгіме

Ержан Әдікенұлы Әділ – Қарағанды

мемлекеттік техникалық университетінің

оқытушысы, «Жарық сәуле», «Түп-тамыр»

кітаптары мен көлік тасымалы саласындағы

бірнеше оқулықтардың авторы, қоғам белсендісі.

Сайтымыздың тұрақты авторы. 

 

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Өлі тыныштық. Бәрі үнсіз. Бастары түсіп кеткен. Уақыт тоқтап тұрғандай. Тек сағат.  Тық-тық етіп алға басады. Оның да бөгелуге еркі жоқ. Ақ төсек. Аппақ қудай қария. Сұлық жатыр. Ет терісі ажырап, жағы салбыраған. Аспан түстес көк көздері көкті шарлайды. Анда-cанда еріндері жыбырлайды. Бірдеңе айтқысы келеді. Халі жоқ. Қас қабағы «келді ме» дегенді ұқтырады. Олар амалсыз басын шайқайды. Көздері бір мұнартып қайтадан көкке қадалады. Өткен өмір. Көк түтіндей тізбектеледі.

Не көрмеді… Жалаңаяқ қозы бағудан басталған есіл өмір. О, Құдайым-ай! Күйбең тіршілік. Бала бағудың қамымен өтті. Енді міне. Соңғы нүкте. Көз алдында қара ноқаттай бұлдырайды. Бала. Туғанда қуаныш еді. Балалығы біткенше жұбаныш болды. Кейін өзгерді. Қуанатын кезінде қуартты. Сүйенетін кезінде сүйретті. Сонда да әкелік үмітін өшірмеді. Қолынан келгенше өзі еккен жас шыбықтарының бір үлкен мәуелі бәйтерек болуына күш салды. Тамырын ізгілікпен суарды. Түбін жеген әрбір құртпен күресті. Жанталасты. Бар қуатын төкті. Тағдыр шығар. Көз қуаныштары өзі қалағандай болмады. Ойланып кетті. Көзін жұмды. Қателік қайдан кетті? Мүмкін, өнім берер жерді дұрыс таңдай алмады. Есінде. Оны көп іздеген. Таңдаған. Бұйырғаны сол болған. Уақыт өте ол жері, бары-жары дұрыс болмай шыққан. Оны түзетем деп, әр баласының дұрыс жетілуін күзетем деп шашы ерте ағарған. Сонда да күресіп бақты. Оқытты. Шам ұстап жүріп, ақ-қараны айыртты. Жақсы-жаманды танытты. Бірақ еккен ағашы ертерек тамырын тереңге жая алмады. Жуандап өскенге дейін өзі суаруға тура келді. Шүкір бой көтерді. Сырт көзге жайқалып өскендей көрінді. Бірақ іші сезеді. Түбінде бір шірік бар. Ана бір бұтағы қисық өсті. Соны түзетпек болып бәрін істеді. Біраз күш жұмсады. Сонда да қисық бітті. Дұрыс күте алмады ма? Тәрбиеден қателік кетті ма? Көк пен жерден нәр беретін Жаратқанды жарытып таныта алмады ма? Солай шығар. Күйбеңдеп жүріп Алланың қалауын санасына сіңіре алмады. Құдай сөзі- адам бақытының тірегі еді ғой.  Көбіне өмірдің өкпек желіне қарсы тұра алатындай тезірек жуандап өскенін тілейтін еді. Сол себепті де бір шикілік бар боп шықты.

Санасы ояу. Қуаты кетіп барады. Үлкен жол. Мәңгілік сапар алдында жатыр. Үш күндей тілге келмей, бір ұлын тосып жатыр. Қисық бұтақтай болса да өз қаны. Қашан келмек? Бір аяғы басқа әлемде тұр. Бір күн болды аш өзегінен тамшы су да өтпегеніне. Жүзінде қан, жанарында жан жоқ. Әлсіз қозғалған кірпіктер ғана тіршіліктен хабар береді.

Бәрі күрсінді. Сол қисық ұлы не істемеді. Ар азабы мен жан азабына қатар салды. Байғұс әке бәріне төзді. Қартайған шағында түрменің шарбағына басын тіреп тұрып, тағдырына шағым да айтты. Көз жасын ішіне ағызып тұншықты. Сөйтіп тұрып сол немесінің аман шығуын тіледі. Ойласа көңілі жай тауып ұйқыға кеткен сәттері тым аз екен. Түн ортасына дейін ой құшағында жатып,  таң атар-атпастан еріксіз орнынан тұратын. Не көңілінде, не өмірінде тыныштық болмады. Соның бәрі кім үшін?  Балалары үшін еді. Олар ақысына не берді. Қуанышынан қайғысы, демалғаннан демін әзер алып қалжыраған сәттері көп болды. Жұбатқанның орнына жылатты. Ақыры құлатты. Сол қисық бұтақтан арғы өмірге тартып алмақ болып түскен ажал арқаны мойнына оратылған. Араша сұрап, Алласына  жалынды. Біледі. Қашып құтыла алмайды. Тек өзі өсірген ағашын ақырғы рет болса да, бір суарып кетуге мұрсат сұрады. Балаларының басын қосып өсиет сөзін айтып кетпек.

Күтіп жатыр.  Неткен ауыр сәттер еді. Бәрінің көзінде жас. Үнсіз егіледі. Әкелеріне қарап әрқайсысы іштей өздерін жеп отыр. Өкініш өзектерін өртеп барады. «Шіркі-і-ін, уақыт кері айналса ғой. Әке алдындағы парыз бен қарызды еселеп қайтарар едік»,- дегендей. Енді бәрі кеш. Әрқайсы қу тірлікпен жүріп, әкелеріне бейнеттің зейнетін көрсете алмағандарына өкініп тұр. Қолдан келер қайран жоқ. Соңғы сапар алдындағы соңғы сағаттар. Бәлкім соңғы секундтар. Сірә, өлімді тосқаннан ауыр ештеңе жоқ шығар.

Түн ортасы. Есік ашылып күткен ұлы өкіріп келіп, әкесінің аяғына құлады. Үй іші азан-қазан болып кетті. Бір сәт әкесінің қолы көтерілгендей болды. Бәрі тынышталып, оған қарады. Ол, сақтап жатқандай соңғы күш қайратын жиып, көздерін ашты. Еріндері қыбырлады. Ұлы құлағын тосып еді. «Басымды көтер» деді. Еңсесін тіктеген соң, сөніп бара жатқан қос жанары бәрін бір шолып өтті. Тұрғандардың тұла бойы шымырлады. Не деген ауыр назар еді. Әке бойына ғайыптан күш пайда болып, тілге келді:

– ошақтың отын өшірмеңдер! Бір-біріңе тірек болып, адал өмір сүріңдер! Әуелі Құдайдан, қателік жасаудан қорқыңдар! Алланың аманатына қиянат жасамаңдар! Көңіл бұзып, түзу тұрғанды құлатпаңдар! Жан баласын жылатпаңдар! Бір болыңдар»-деді де көзі жұмылып кетті. Дауысы бәсең естілгенімен, әр сөзі нысанаға дөп тиді. Шалқалап біраз жатты да көзін қайта ашты. Бәрін қасына шақырғандай болды. Әлсіз саусақтарын қозғалтты. Балалары қолынан ұстады. Қайран, қамқор әке. Біраз жатты да көздері оқыс ашылып, көкке атылды.  Тұла бойы жиырылды. Үлкендер жағы адам жанының жоғарыға көтеріліп бара жатқанын түсініп, кәлима шаһадат айтты. Қалғандары өкіріп жылап, жерге құлады.

Қисық бұтақтан салбырап түскен арқан мезгілсіз келген ажалдай еді. Бірақ, әке өсиеті – балаларының ой-санасын мәңгілікке ізгілікпен суарып тұратындай сарқылмас қуаттың көзіндей сақталмақ. Балаларының көз алдындағы көрініс әкесінің мына дүниедегі соңғы сәттері мен ең соңғы өсиеттері өмірдің мәні туралы үлкен насихат болып қалды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ӘДІЛЕТ ТҮЙСІГІ

Бей Мам 7 , 2020
Оқылды: 3  404 «Ашаршылықта өлген қазақтардың іздері қайда»-деп күмәнданып, сауал қоюшыларға жауабым.   Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры. Сайтымыздың […]