ӘДІЛЕТ ТҮЙСІГІ

«Ашаршылықта өлген қазақтардың іздері қайда»-деп күмәнданып, сауал қоюшыларға жауабым.

 

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Балқаш өңірінің елі «Дәу Сәбет» атап кеткен Гүлшат ауылындағы нағашым орта бойлыдан сәл ұзындау, етженді кісі еді. Кернейдің Самырза руынан. Өмірден қайтарының алдында, сол Гүлшат ауылының жанындағы Шешенқара деген жерде ерте кезде тұрып, қайтыс болған  ағаларының тізімін беріп, «осыларға ескерткіш қойарсың»,- деп тапсырған еді. Жылын бергеннен кейін аманатын орындап, жергілікті гранит тасқа есімдерін қашап жаздырттым. Құлпытасты алып, Қарағандыдан жолға шықтық. Қасымда ұлым Бауыржан, нағашым Сәкен Қыдыркенұлы Малыбаев (Политех университетінің профессоры), балалары Нұрлан мен Ернар, «Сарыарқа» телеарнасының сол кездегі қазақтілді «Үт» бағдарламасының жүргізушісі Ерлан Төлеутай досым, ағам Нұрлан Оспанұлы бар. Кештетіп Гүлшат ауылына келдік. Бейсенкүл апамның әзірлеген тамағын ішіп, жатып қалдық. Ертеңінде Сарышаған ауылынан інім Бекет те қосылып, құрбан қылар қойымызды да салып алып, Шешенқараға жол тарттық. Гүлшат ауылы мен Тасарал ауылының арасында, Балхаш көлінің жағасындағы Шешенқара деген жерде бұрындары ауыл болған еді. Кейінде үйлердің орны ғана қалған. Одан ары біраз ұзақтау жерде саз кірпіштен салынған бірнеше мазар бар. Сол қорымның ішіндегі мазардың қасына қойылатын құлпытасқа жер қазып, іргетасын құйдық. Біраздан кейін ескерткіш тасымызды орнаттық. Көктасқа түйе қасынып, құлатып кетпесін деген оймен, жан-жағын қоршауға әкелінген діңгектерге  шұңқыр қаза бастадық. Міне, сонда, жер астынан жантүршігерлік зұлматтың таңбалары, ашаршылық кезеңінің іздері шықты. Қазған жерімізден баланың жұдырықтай ғана бас сүйегі көрінді. Басында мән бермей, баланың ескі қабірі шығар деп, біраз алыстау жерден қаздық. Ол жерден де сол, аз ғана қазсаң болғаны үлкен, кіші адамдардың сүйегі шығады. Үлкендеріміз «қазуды койыңдар»,- деген соң, қоршау қоюдан бас тарттық. Тасарал ауылынан келген қария апамыз бала кезінде аштық туралы естігенін  әңгімеледі. Сарыарқадан жосыған ел, көл жағалап қырғыз, өзбекке қарай бас сауғалап көшкен еді. Сонда осы ескі бейіттердің қасына аштан өлген, үлкені мен кішісін қолдарынан келгенше көміп, кете берген. Мұны білмей тақыр алаңға көлік қойған бізді Құдай кешірсін! Асты аштықтан өлген қазақтың сүйегіне толы екен. Белгісіз қабірлер, салынбаған мазарлар… Боздақ кеткен, аяусыз өлімге қиылған мыңдаған, миллиондаған туыстарымыз! Күнәсіз жандар!

Тұтас бір халыққа жасалған қырғын – геноцид, зұлмат туралы шындықты біз дүние жүзілік деңгейге шығара алдық па? «Бұл геноцид емес, әдейі жасалмаған»,- деген қате тұжырымдарды жұтып, іштей тынып жүре бермекпіз бе? Рухымыз көшеді мәңгілікке! Миллиондардың жаны жазықсыз НЕГЕ қиылғанын  сұрауға дәтіміз жетпей, өмірден өтеміз бе? 

Зұлматтың  кінәлілері айдан анық. Ресей патшалығының «инородецтерге» жасаған саясатының жалғастырушысы – болшевиктер, Коммунистік партия!

«Сулпак» дүкендерінде 9-шы мамыр қарсаңында басшылары мен жұмысшылары  «Гвардейский»ленталарын тағып алған екен. Жұмысшылардың көпшілігі қаракөздер. Кезінде қазақ елін қырғанда комиссарлардың жанында жүрген, ішімізден шыққан сұр жыландардан, қәзіргі бір тілім нан үшін сатылған «лента тағушыларымыздың» айырмашылығы бар ма?!  Мәңгүрт, ұйқыда жүргендердің басына суық су құйып, көздерін ашып, емдеуіміз қажет емес пе?.

Сондықтанда Сталин, Голошекиндерден басталған қарабет кінәлілердің есімдері белгіленіп, тарих қоқысына тасталсын! «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бөлінген қаражат алдыменен ашаршылық, зұлмат құрбандарының тарихын жазуға, тиісті ескерткіштер қоюуға жұмсалсын. Ашаршылықтан қырылған ағайындарымыздың қорымдарын таппай, бастарына ескерткіш қоймай, қоршамай, құранымызды оқытпай, қалай ғана түк білмегендей жүреміз? Осы шаралар жасалмаса, рухани жаңғыру мүмкін бе? … ауызға алудың өзі күнә. «Өлі риза болмай, тірі байымас». Шынымен, солай шығар. Әйтпесе, мұншама байлықтың иесі-біз, қазақтар, көбіміз неге кедей өмір кешіп жүрміз? Өтелмеген қарызымыз бар, әрине. Кінәсіз, аштықтан қырылған ағайындарымызды ақтап шығара алмадық. Өте өкінішті. Өркениетті елдерге басымыздан өткен сол дәуірдегі қасіретті дәлелдеп, дабыл қағып, тарихи қылмысты әшкерелемедік. Бұл енді сол құрбандардың алдында кешірілмейтін күнә. Халық, мемлекет болып, бірігіп қарекет жасамай, үн – түнсіз қалғанымыз болмас. Ұмытпайық, алдыменен сана Тәуелсіздігі… Тәуелсіздік белгісі-қағаздағы өлшенген шекара сызығы емес, санадағы сызат. Әділет түйсігі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ҰБТ-ҒА ӨТІНІШТЕР ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНАДЫ

Сен Мам 9 , 2020
Оқылды: 2  054 ҰБТ-ҒА ҚАТЫСУ ҮШІН ӨТІНІШТЕР ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНЫП ЖАТЫР http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 мамырға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында онлайн қабылданады. Интернет жылдамдығы төмен немесе мүлдем жоқ жерлерде тұратын оқушылармен орталық мамандары тікелей байланысып, тіркеу үшін көмектесіп жатыр. 18 жасқа толмаған тұлғалардың дербес […]