Мейірхан Шайтанкөлге жүріп кеткен

Арқаның дүлдүл әншісі, сырбаз мінезді, ұстаз, Тәттімбет өнер колледжінің директоры Мейірхан Адамбеков ағамызды Қарағанды жұрты жер қойнына кеше ғана тапсырды, қимай қоштасты. 

Мейірхан Сәйдіұлы Адамбеков 1958 жылы 1 шілдеде Қарағанды облысыҚарқаралы ауданыТомар ауылынла туған. Алматы эстрада-цирк студиясында Ж. Елебеков класы бойынша белгілі әнші Ж. Кәрменовтен дәріс алған.  Өмір бойы өнер саласында еңбек етті. Мейірхан аға халық композиторлары Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Шашубай, Ғазиздердің әндерін және т. б. әндерді нақышына келтіріп  орындайтын еді. 1980 жылы Ә. Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты болды. Қазақстан өнер шеберлері қатарында Франция, Швеция, Австрия, Болгария, Голландия, Венгрия, Ресей  сияқты елдерде өнер көрсетті. 2000 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Жастарды дәстүрлі әнді шебер орындауға тәрбиеледі. Ұстаздық қызметте шәкірттердің әкесіндей бола білді. (Қосымша деректер укипедиядан алынды).

Ақын замандастарының ел азаматына арнаған жоқтауы да озық дәстүрдің үлгісі іспетті.

Мейірханға

«Түрік – Ата,
Ақсораң – Ұлы Анамыз,
Ауызда – Қарқаралы дуаны – аңыз.
Басында Ойрантаудың ойран дауыл,
Қасында Біләл жырау дуалы ауыз.

Туғаннан менің шерлі-шемен кеудем,
Елде жоқ сиқырлы үнге елеңдеумен.
Есіктен Біләл жырау төрге озғанда,
Бесікте шыбын жаным бебеулеген.

Көреді Білекеңдей беренді – кім,
Сезеді мендей қайдан тереңдігін?
Белінен сол бір шалдың сен жаралсаң,
Демінен мен туғанмын сенен бұрын.

Жоқ менің, Алаш сынды алыпқа өкпем;
Тәңірің ән салғызды танып көктен.
Тамшы ма ең Жәнібектің көзіндегі
Талдының өзеніне тамып кеткен?!.

Беу, неге мен босаймын қайғы-мұңға:
Жүрегім елжіреп тұр тай-құлынға.
Бір тамшы Жәнібектің көзіндегі
Алаштың мөлдіреп тұр айдынында.

Әлемді бір шолдым да әріге өттім,
Дүние – Әміренің әні деппін.
Үстінен Шайтанкөлдің нөсерлеп тұр,
Көзінен тамған жасы Жәнібектің!..

Көкшетау Біржан салмен бес түлесе,
Наданды Мәди-Муза кескілесе;
Қазағым – Ғаламның бір шерлі дауысы,
Есінеп есер – дүние естімесе,
Қайтемін енді…»

Серік Ақсұңқарұлы ақын

***    ***    ***

Мейірханға

Сауықпен жыр кешкенде, нұр кешкенде,
Өткінші өмір мәнін білмес пенде.
Кесімін келте ғұмыр тағы да айтты
Үстінен Шайтанкөлдің жыл көшкенде.

Мейрашым, Мейірханым өр тұлғалы,
Қайтейік, таба алмады дертің дәрі.
Жағаны сабалайды жылай-жылай
Шаршаған Шайтанкөлдің толқындары.

Сағынар сайран мекен, көше, қала,
Өзіңсіз көңіл енді өсе ала ма?
Шайтанкөл шат-шадыман күйін кешіп,
Мейірхан тірі еді ғой кеше ғана.

Өлген жоқ, өлсе қайтып тірілгені,
Жұбатар осы ой ғана бүгін мені.
Бетінен Шайтанкөлдің толқын көрдім:
Мейірхан салған әннің діріл-демі.

Жан едің бересің бар, аласың бар,
Сен іздеген тұр әне дара шыңда Ар.
…Мейірхан Шайтанкөлге жүріп кеткен,
Сағынсаң содан іздеп табасыңдар.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ ақын, Ө.Байқоныров атындағы Жезқазған университетінің проректоры

Келесі мақала

«Нұр-Сұлтан-Жезқазған» пойызының 4 вагоны рельстен шығып кетті

Бей Қаң 23 , 2020
Оқылды: 1  367 Қарағанды облысының аумағында «Нұр-Сұлтан-Жезқазған» бағытындағы №108 жолаушылар пойызының 4 вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «23 қаңтарда 21 сағат 43 минутта Қарағанды жол бөлімшесіне қарасты Қарабас стансасының «Қарағанды – Пассажирская – Жарық» учаскесінде «Нұр-Сұлтан-Жезқазған» бағытындағы №108 жолаушы пойызының 4 вагоны […]

Ұқсас мақалалар