«ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған Темірғали Көкетай 85 жаста

25 наурызда қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, профессор, Е.А.Бөкет атындағы Қарағанды университетіне еңбегі сіңген қызметкер, физика-техникалық факультеттің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» орденінің иегері, ХХ ғасырдың ғұлама адамы, физика-математика ғылымдарының докторы, ұлт жанашыры, республикалық QAZAQ CLUB-тың құрметті төрағасы Темірғали Көкетай ағамыз 85 жасқа толды.

Ұлттық мүдде дегенде жанып түсетін, өзіндік азаматтық ұстанымы дара, әруақытта парасат биігінен табылатын, жастардан ағалық ақылы мен қолдауын аямайтын ел жақсыларының бірегейі Темірғали ағаның бітім-болмысы ерек жан. Темірғали Көкетай 1938 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жеткіншек ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту университетіне оқуға түсті. Ал 1970 жылы аталған жоғары оқу орнында жүріп, докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жаңалық ашып суық жарық құбылысын ойлап тауып, физика саласында өзіндік ізін қалдырды. Темірғали аға тұңғыш қазақ физигі, Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ ғалымы. Дүниежүзі ғалымдарын білімімен, ашқан ғылыми жаңалығымен мойындатып, Ұлыбританиядағы халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен дүниежүзі физиктерінің арасында 1999 жылы «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған азамат.

Темірғали ағаның ғалым ретіндегі жолы өз алдына, біз үшін оның ең ардақты қасиеті, ол өмірлік ұстанымы, ұлт мүддесі дегенде жай тауып отыра алмайтын, ұлттық тақырып қозғалғанда өзінің позициясын ашық, еш бүкпесіз айтатын азаматтық қыры ерекше қымбат. Ол Qazaq club-тың аясында 2019-2022 жылдары тұсауы кесілген «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі», «Тәуелсіздік лентасы», «Жауынгерлік Даңқ лентасы» сынды жобаларға өзінің ақ батасын беріп, осынау бірегей жобалардың қазақ қоғамында насихатталуына үлес қосып келеді. Ғалымның туған күніне орай академик Е.Бөкет атындағы Қарағанды университетінде физика-техникалық факультетінің кезектен тыс Кеңесінің отырысы болып өтті. Бұл шараға Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан елімізге белгілі ғалымдар, жазушылар, ел азаматтары мен ғалымның шәкірттері, атап айтқанда физика-математика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры А.Тұрмұхамбет, жазушы А.Сәулебек, өнертанушы, Ш.Айман атындағы «Қазақфильм» киностудиясының редакторы Е.Төлеутай, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қ.Асан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің техникалық физика кафедрасының зерттеушісі Д.Қаргин, физика-математика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Т.Нұрахмет, физика факультетін 1977 жылы алғаш бітірген түлектердің атынан физика-математика ғылымдарының кандидаты Ж.Исмаил, физика-математика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қ.Күтербек, Ә.Сағын атындағы Қарағанды техникалық университетінің аға оқытушысы Н.Ошан, Темірғали Әбілдаұлының шәкірті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің техникалық физика кафедрасының доценті Ғ.Сағындықова қатысып, Темірғали ағаға өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап, жырдан шашу шашты. Бұл шараға республикалық «Qazaq club» мүшелері де қатысып, ел ағасының кеудесіне «Тәуелсіздік төсбелгісін» тақты. Төсбелгіде көрініс тапқан Мөде қаған, Керей мен Жәнібек хандардың, үш жүзді біріктірген ұлы Абылай ханның, Ер Кенесары мен Әлихан Бөкейханның әруағы ел ағасын қолдап жүрсін демекпіз. Ағамыздың туған күніне орай айтылған ақ тілектерге қосыла отырып, Темірғали ағаға зор денсаулық, шаңырағына бақ-береке тілейміз. Еліміздің ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосқан аймағымыздың абыз ақсақалының ғұмыр жасы ұзақ болып, қолынан қамшысы, өзі аттан түспесін!

Құрметпен, QAZAQ CLUB мүшелері: Н.Сұршаұлы, А.Хален, Е.Қажыбек (Түркия) С.Келдібай, Е.Әбілдин, Қ.Амантай, Е.Иманбек, М.Ыдырыс, Ж.Шубай, С.Аралбай, E.Кеңесбек, Ж.Иса, Н.Ошан, Д.Ақыш, С.Ершіманұлы, Н.Кәрібай, Б.Ақсақал, Н.Смағұл, Д.Нұркейұлы, Д. Ұтжан, А.Сәрсекей, A.Шатек және т.б

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Стамбулдағы Галатапорт - круиздік туризмнің орталығы

Сей Нау 28 , 2023
Оқылды: 686 Азия мен Еуропаның тоғысқан нүктесі – Стамбұлдың аса маңызды нысаны саналатын Галатапорт Стамбұлдың арқасында қала круиздік туризмнің орталығы аталады. Қаракөй ауданында қалпына келтірілген тарихи мекен Стамбұлдың қарқынды дамып келе жатқан круиздік туризміне әлемнің назарын аударады. Жағалауының ұзындығы сегіз мың шақырымнан асатын Түркия Жерорта теңізі бассейніндегі өте әдемі туристік […]