Ғасыр жасаған ардагерге құрмет: Отан алдындағы ерен еңбектің үлгісі

2024 жылдың 13 қарашасында Қарағанды қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 жасқа толған Рамазан ауылының тумасы, ғасыр жасаған қария Өтелбай Орымбаевтың туған күні ерекше аталып өтті. Жүз жастың төріне шыққан ардагердің өмір жолы – нағыз ерліктің, төзімділіктің, еңбекқорлықтың айғағы.

Ардагер Өтелбай Орымбаев 1924 жылы қазіргі Астана облысының Алексеевка ауданына қарасты Рамазан ауылында дүниеге келген. Жасөспірім шағында, елге ауыртпалық түскен кезде, 1942 жылы майданға аттанып, Воронеж, Степной, ІІ Украина фронтында жауға қарсы ұрыстарға қатысты. Соғыс даласында үкіметтік байланыс бөлімшесінің командирі ретінде жоғары деңгейлі жауапты міндеттерді атқарды. Отан алдындағы міндетін абыроймен өтеп, 1947 жылы мүгедектігі бойынша әскери қызметтен босатылған соң бейбіт өмірдегі еңбек жолын жалғастырды. 1948 жылы Ақмола қаласында байланыс саласында жұмысын бастаған ардагер кейінірек Алексеевка қаласының аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, Целиноград облысы Шортанды ауданында мемлекеттік қауіпсіздік сақтау органында қызмет атқарып, облыстық жинақ кассалары басқармасының тексерушісі болды. 1969 жылдан 1975 жылға дейін Қарағанды қаласында облыстық атқару комитетінде бас референт қызметінде, Совет ауданының жинақ кассалары орталығының басшысы ретінде және облыстың жинақ кассалары басқармасының тексеру бөлімінің бастығы ретінде қызмет атқарды. Сұрапыл соғыстың қиын күндерін көріп, бейбіт күнде де ел үшін аянбай еңбек еткен ардагер бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болды. Соғыста көрсеткен ерлігі мен қажырлы еңбегі үшін І дәрежелі Отан соғысы ордені және жеңіс күніне арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Оның өмір жолы – болашақ ұрпаққа үлгі боларлық жарқын тағдыр. Бұл айтулы мерекелік күні ардагерді құттықтауға арнайы Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов, Теміртау қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Кабулов Сапар және Теміртау қаласының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Орманбетов Талғат келді. Құрметті қонақтар ардагердің батырлығын атап өтіп, оның ел үшін еткен еңбегіне алғыстарын білдірді.

Әскери қызметкерлер ардагерге ақ тілектерін арнап, келесі жылы аталып өтетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығын сөз етті. 2025 жылы өтетін Жеңіс күні – ардагерлердің және Отан үшін от кешкен ұрпақтың еселі еңбегі мен жанқиярлық ерлігінің нәтижесі, біз ардагердің батасын алдық. Бейбіт күннің қадірін, соғыстың сұрапыл жылдарын көрген қарияға көрсетілген бұл құрмет – жастарға үлгі, ұлт тарихын ұлықтаудың жарқын белгісі, деп ойлаймын. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Соғыс даласында Отан үшін кеудесін тосқан ардагердің бейбіт өмірде де елге қызмет ету жолындағы ерлігі, қажырлы еңбегі мен жанкештілігі әрдайым ел жадында сақталады, – деп атап өтті Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағандыда батырлар аллеясы ашылды

Дүй Қар 18 , 2024
Оқылды: 77 «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты, 31775 әскери бөлімінің аумағында Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100-жылдық мерейтойына орай, тұңғыш министрге ескерткіш тақта орнатылды және аталмыш әскери бөлім құрылған жылы әскерге аттанып, батыр атанған 27-азаматтың аты жазылған ескерткіш тақта ашылды. Бұл іс-шара […]