Ерлікке тағзым, дәстүрге құрмет.

Қарағанды қаласында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің құрылғанына 84 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға әскери қызметшілер, ардагерлер, олардың отбасы мүшелері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары қатысты. Бұл тағылымды шара ұрпақтар сабақтастығын, Отан қорғаушыларға деген құрметті және жауынгерлік дәстүрлердің жалғастығын айқын көрсетті.

Әскери бөлімнің тарихы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарынан бастау алады. 1942 жылдың мамыр айында құрылған әскери құраманың жеке құрамы майданға аттанып, Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты. Бүгінде бөлімнің әскери қызметшілері ата-бабаларымыздың қаһармандық жолын мақтан тұтып, олардың ерлігін жадыда сақтай отырып, ел қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету міндеттерін абыроймен атқаруда.Бөлім тарихында қазіргі механикаландырылған бригаданың негізін қалаған 203-атқыштар дивизиясының орны ерекше. Аталған дивизия 1942 жылғы 20 ақпанда Кубань өңіріндегі Лабинская станицасында подполковник Андросовтың қолбасшылығымен құрылған. Сол жылдың 31 мамырында жеке құрамға Жауынгерлік Тулар табысталып, бұл күн бөлімнің ресми құрылған күні ретінде тарихта қалды.Құрылған күннен бастап дивизия майдан даласында белсенді ұрыс қимылдарына қатысты. Соғыс жылдарында сегіз мың шақырымнан астам жауынгерлік жол жүріп өтіп, Сталинград шайқасына қатысты, Запорожье, Никополь, Одесса және басқа да көптеген қалаларды азат етуге үлес қосты. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін дивизияға «Запорожье» құрметті атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен және II дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Соғыс жылдарында бұл құрамадан 47 Кеңес Одағының Батыры шықса, 27 мыңнан астам әскери қызметші ордендер мен медальдарға ие болды.Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңінде механикаландырылған бригада тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосты. Бүгінде жеке құрам әскери міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде орындап, әскери ант пен Отан алдындағы борышына адал қызмет етуде.Мерекелік шара барысында 31775 әскери бөлімінің командирі, полковник Марат Бралинов құттықтау сөз сөйледі.

   – Біздің әскери бөлімнің 84 жылдық тарихы — әр кезеңде Отанға адал қызмет еткен жандардың тарихы. Біз құраманың даңқты өткенімен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және ел қорғанысын нығайтуға үлес қосқан барлық буын әскери қызметшілерінің ерлігімен мақтанамыз. Бүгінгі сарбаздар мен офицерлер сол игі дәстүрлерді лайықты жалғастырып, кәсібилік пен жауапкершіліктің, әскери борышқа адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да жеке құрам бөлімнің абыройлы атын асқақтатып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқара беретініне сенімдімін, — деді, полковник – Марат Бралинов.

Қонақтарға арнайы дайындалған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі мерзімді әскери қызметшілерден құралған КВН командасының өнер көрсетуі болды. Сарбаздар армиялық өмірден алынған қызықты оқиғалар мен әзілге толы көріністерді өздері әзірлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Залдағы қонақтар өнерпаздарды ұзақ қол шапалақтап, зор қошемет көрсетті.Іс-шараға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары да ерекше қызығушылық танытты. Олар үшін бұл мереке әскери бөлімнің тарихымен, жауынгерлік жолымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.Салтанатты жиын әскери дәстүрлердің маңызын, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің мәнін және ел қорғаған батырлардың ерлігін ұлықтаудың қажеттілігін тағы бір мәрте айқындады. Бүгінде 31775 әскери бөлімі Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі сенімді буын ретінде өз міндетін абыроймен атқарып, болашаққа нық қадам басып келеді.

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ филология факультетінің 

журналистика кафедрасының 3-курс студенті

Аяна Серікқызы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Кеншілік дәстүрдің жалғасы

Жұм Мау 19 , 2026
Оқылды: 58  «Qarmet» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында бірнеше ұрпақтан бері кеншілік кәсіпті жалғастырып келе жатқан Жұмағұловтар әулеті еңбек етеді. Бұл отбасының шахтёрлік тарихы ондаған жылдарға созылып, бүгінде жас буынның қолдауымен жалғасын тауып отыр. Әулеттің кеншілік жолының негізін қалаған Балқаш Жұмағұл өмірінің 40 жылын «Тентек» шахтасына арнаған. Оның туған інісі Нәби Жұмағұлда […]