Қарағанды қаласында «Астана» өңірлік қолбасшылығының мемлекеттік құпияларды қорғау, құпия және мобилизациялық іс жүргізу бөлімдерінің басшыларымен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты — 2024 жылғы жұмысты қорытындылап, алдағы 2025 жылға арналған міндеттерді белгілеу, нормативтік құқықтық актілердің негізгі ережелерін талқылау, сондай-ақ тәжірибе алмасу болды.
Жиын үш күнге созылып, «Астана» өңірлік қолбасшылығының мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бөлімінің басшылығымен өтті. Мамандар кәсіби қызметті тиімді ұйымдастыру мен құпиялық режимін қамтамасыз ету бағытында дәрістерге қатысып, әдістемелік және нұсқаулық сабақтар арқылы құнды білім алды. Басты назар мемлекеттік құпияларды қорғаудың құқықтық негіздеріне және оларды іс жүзінде тиімді қолдануға бағытталды. Бұл кезеңде бөлім басшылары құпия деректерді сақтау, құпиялылық режимін сақтау және қауіпсіздік талаптарын орындау бойынша практикалық білім мен әдістемелік тәжірибемен бөлісті. Жиынның қорытындысы бойынша барлық қатысушылар нормативтік құқықтық актілердің талаптары мен мемлекеттік құпияларды қорғау негіздері бойынша сынақтан өтті. Сынақта мемлекеттік құпияларды сақтау және ақпарат қауіпсіздігі бойынша маңызды талаптар егжей-тегжейлі тексерілді. Сынақ нәтижесінде қатысушылардың көпшілігі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы білім деңгейлерін растады.
– Мемлекеттік құпияларды қорғау – өте жауапты және маңызды сала. Қызметкерлеріміз нормативтік талаптарды терең түсінуі қажет. Бұл тек деректерді сақтау ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің қауіпсіздігіне ықпал ететін маңызды міндет. Біздің басты мақсатымыз – барлық бөлімдерде құпиялылық режимін үздіксіз қамтамасыз ету, заманауи талаптарға сай білім мен дағдыны дамыту, – деді жиынның маңыздылығын атап өткен майор, Ғани Оңғаров, «Астана» өңірлік қолбасшылығының мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бөлімінің бастығы.
Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бөлімінің бастығы жиынның нәтижесі бойынша өз қанағаттанушылығын білдіріп, барлық алға қойылған мақсаттарға толық көлемде қол жеткізілгенін айтты. Әсіресе, алдағы 2025 жылға қойылған жаңа міндеттерді орындау барысында жинақталған тәжірибе маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Ол сондай-ақ мұндай жиындардың қатысушылар үшін кәсіби дағдыларды жетілдіруге және нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын нақты түсінуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Қарағанды қаласында өткен бұл оқу-әдістемелік жиынның нәтижесінде мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы негізгі басымдықтар мен міндеттер нақтыланды. Іс-шараға қатысушыларға қажетті құқықтық және практикалық білім берілді. Жалпы, жиынның барлық мақсаттары мен міндеттері толықтай орындалып, қатысушылар кәсіби тұрғыдан айтарлықтай тәжірибе жинақтады.