Онкологиядағы ғылым, білім және тәжірибе сабақтастығы

Қарағандыда жоғары санатты онколог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты болған Мұратбек Дәулетханұлы Жұмақаев атындағы «Онкологиядағы ғылым, білім және тәжірибе сабақтастығы» тақырыбында жас ғалымдардың конференциясы өтті.

Қарағанды қаласында орналасқан №3 көпбейінді ауруханада аталған аурухананы көп жыл басқарған онкохирург Мұратбек Дәулетханұлы Жұмақаевтың туғанына 70 жыл толуына орай «Онкологиядағы ғылым, білім және тәжірибе сабақтастығы» тақырыбында жас ғалымдардың конференциясы ұйымдастырылды. Шараны онкологиялық орталық директорының орынбасары Шерстов Сергей Юрьевич ашып, оның еңбек жолы жайлы айтып өтті. Сондай-ақ шараға Мұратбек Дәулетханұлымен бірге қызмет атқарған әріптестері Қазақстанның құрметті онкологы, профессор, онкохирург Тұрғынов Мейрам Байзрахманұлы, медицина ғылымдарының кандидаты, кардиохирург, жоғары санатты денсаулық сақтау ұйымдастырушысы Мағзұмов Ғазиз Қабылтайұлы, «Құрмет» орденінің иегері Мейрамбеков Қадырбек ол жайлы естеліктерімен бөлісті.
Cондай-ақ конференция барысында Мұратбек Дәулетханұлының өмірі мен кәсіби жолы туралы баяндаманы оның шәкірттерінің бірі онколог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Азамат Елубайұлы жасады. Сонымен қатар конференцияда Қарағанды медициналық университетінің жанындағы «Portus» ғылыми үйірмесінің мүшелері, студенттер мен докторанттар баяндама оқыды. Докторант Шестаков Дмитрий «Онкологиядағы спектроскопия», 3 курс студенті Сапарбек Нұрасыл «Асқазан-ішек жолының хирургиялық онкологиясындағы жекелендірілген медициналық тәсіл: оның қазіргі тенденциялары және болашақ перспективалары», Дана Қанатқызы және Данияр Жансая «Ісік неге қайта оралады? Минималды қалдық ауру туралы заманауи түсініктер», Ауелхан Дінмұхаммед пен Махаматали Бексұлтан «Сұйық биопсия және ctDNA: қатерлі ісікті ерте анықтаудағы перспективалар мен шектеулер», Шалак Зия «Жедел асқынбаған аппендицитпен ауыратын науқастарда эндоскопиялық ретроградтық терапия (ERAT) мен лапароскопиялық аппендэктомияның клиникалық тиімділігін салыстырмалы бағалау» тақырыбында баяндамаларын оқыды.
Ғылыми конференция соңында шара модераторы профессор, жоғары санатты хирург Қайрат Шакеев сөз алып, ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығы мен студенттердің жұмыстарына тоқталды. Конференция соңында ұйымдастырушылар жас ғалымдарға сертификаттар мен келген қонақтарға естелік сыйлықтарды табыстады.

Қарағанды өңіріне танымал дәрігер, жоғары санатты онколог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің бұрынғы бас дәрігері Мұратбек Дәулетханұлы Жұмақаев 1956 жылы 2 қазанда Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Ол 1973–1979 жылдары Қарағанды медицина институтының емдеу факультетінде білім алды. 1979–1981 жылдары Жезқазған облыстық емханасында хирург, 1981–1990 жылдары Жайрем кен-байыту комбинаты емханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, 1990–1992 жылдары Қарағанды қаласы №1 емханасының хирургия бөлімінде қызмет етті. 1992–1995 жылдары облыстық клиникалық емханасының проктология бөлімшесінің меңгерушісі, 1995–2003 жылдары облыстық онкология орталығы абдоминалдық бөлімшесінің меңгерушісі, 2003–2022 облыстық онкология орталығының директоры болып қызмет етті.
Мұратбек Дәулетханұлының медицина саласындағы еңбегі «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» және «Бірлік» медальдарымен бағаланған. Ол көптеген науқасқа көмек көрсетіп, жас дәрігерлерге тәлімгер болған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Ерекше міндеттер мен конституциялық кепілдіктер

Жұм Қаз 30 , 2026
Оқылды: 71 Әскери қызмет жоғары жауапкершілікті, қатаң тәртіпті және заңда белгіленген бірқатар шектеулерді сақтауды талап етеді. Әскери қызметші бұйрықтарды орындауға, әскери қызмет өткерудің ерекше тәртібін сақтауға міндетті. Сонымен қатар, оның басқа азаматтар еркін пайдалана алатын кейбір құқықтары мен мүмкіндіктері заңмен шектелуі мүмкін. Алайда әскери қызметшінің ерекше мәртебесі оның конституциялық құқықтарын […]