Қарағандыда 31775 әскери бөлімінің 400 сарбазы Әскери ант қабылдады

Қарағанды қаласындағы Ту тұғыры алаңында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің Әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Отанға адал қызмет етуге ант бергендердің қатарында еліміздің әр өңірінен мерзімді әскери қызметке шақырылған 400-ге жуық жас сарбаз болды.

Бір ай бойы жас жауынгерлер бастапқы әскери дайындық курсынан өтіп, әскери істің қыр-сырын меңгерді. Олар саптық дайындықпен айналысып, әскери жарғыларды зерделеп, дене шынықтыру қабілеттерін жетілдірді. Осы маңызды кезеңнің қорытындысы ретінде сарбаздар Әскери ант қабылдады. Жас жауынгерлердің өміріндегі айтулы сәтке әскери бөлім басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Бір ай ішінде біз көп нәрсе үйрендік, тәртіпке бағынып, жауапкершілігімізді арттырдық. Бүгін – әрқайсымыз үшін ерекше күн. Біз Отанымызға адал болуға ант бердік және әскери борышымызды абыроймен атқаруға дайынбыз, – деді мерзімді әскери қызметтің қатардағы жауынгері Мейрамбек Орынбасар.

Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери қызметшілер жоғары деңгейдегі саптық дайындықтарын көрсетіп, салтанатты шерумен іс-шара қонақтарының алдынан өтті. Мерекелік бағдарлама одан әрі қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қаруды шебер меңгеру дағдыларын көрсеткен көрнекі қойылымдармен жалғасты. Көрермендер жас сарбаздардың дайындығы мен жүктелген міндеттерді орындауға әзір екендіктеріне куә болды. Іс-шараның ерекше сәнін «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері келтірді. Олар саптық машықтарын көрсетіп, отансүйгіштік рухтарын паш етті. Салтанатты шара жас әскери қызметшілердің өміріндегі маңызды белеске айналып, олардың Отанға адал қызмет етуге және ел мүддесін қорғауға әзір екендігінің айқын белгісі болды.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Балалар бақыты – басты құндылық

Бей Мау 4 , 2026
Оқылды: 72 Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараны әскери бөлімнің Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі өткізді. Іс-шараның басты  мақсаты – әскери қызметшілердің балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, […]