Қазақстанда «ECO ART QAZAQSTAN» республикалық экологиялық өнер байқауы өтеді

Қазақстанда қайта өңделген шикізатпен жұмыс істейтін суретшілерге, дизайнерлерге және креаторларға арналған республикалық «ECO ART QAZAQSTAN» байқауы басталды. Бұл бастама экологиялық өнерді дамытуға және шығармашылық арқылы саналы тұтыну мәдениетін насихаттауға бағытталған.

Байқау қалдықтарды қайта ой елегінен өткізіп, олардан көркем туындылар жасайтын авторлар үшін алаң болмақ. Қатысушылар өнер арқылы өзекті экологиялық мәселелерді көтереді.

Ұйымдастырушы «Stop Musor» жобасы аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы.

Өтінімдер 2026 жылғы 10 мамырға дейін қабылданады.

Байқауға суретшілер, киім және аксессуар дизайнерлері, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, шығармашылық мамандықтардың студенттері, сондай-ақ эко-белсенділер мен тәуелсіз авторлар қатыса алады.

Байқауға келесі материалдардан жасалған жұмыстар қабылданады:
— пластик, қағаз және металдан жасалған картиналар
— қайта пайдаланылған маталардан тігілген тоқыма бұйымдар
— қаптама, әйнек және сымдардан жасалған арт-объектілер
— мүсіндер мен инсталляциялар

Іріктеу қорытындысы бойынша үздік жұмыстар «Jasyl fest» фестивалінде ұсынылады. Онда авторлар өз жобаларын кең аудиторияға, сарапшыларға, серіктестерге және бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырып, арнайы сыйлықтарға ие болады.

«Бүгінде экологиялық күн тәртібі жаңа коммуникация түрлерін талап етеді. Өнер — ойлау жүйесін өзгертіп, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыра алатын ең қуатты құралдардың бірі. Осы байқау арқылы біз экология тақырыбын шығармашылық тілінде жеткізетін авторларды қолдауды мақсат етеміз», — деп атап өтті Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы.

«ECO ART QAZAQSTAN» байқауы шығармашылық қауымдастықты қолдаумен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу, тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік мәселелеріне назар аударуды көздейді.

Қатысу үшін:https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSew0OcSal2gOMgg_bN-fU49BSkvoJ3x_6NmOJ2hcYnXGoNRCA/viewform сілтемесі арқылы өтіп, өтінім беру шарт. Дайын жұмысыңыз болмаса, алдымен толтырылған сауалнаманы жіберіп, кейін 10 мамырға дейін жұмысыңызды aeokazakhstan@gmail.com электрондық поштасына жолдауға болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған