Қарағандыда дрон мамандары даярланып жатыр

Қарағанды техникалық университетінің Әбілқас Сағынов атындағы әскери кафедрасында қазіргі заманғы әскери дайындықтың ең сұранысқа ие бағыттарының бірі — ұшқышсыз авиациялық жүйелер мамандарын даярлау қарқынды дамып келеді. Технологиялық прогрестің жеделдеуі мен қарулы қақтығыстар сипатының өзгеруі жағдайында мұндай мамандардың армия үшін маңызы ерекше артып отыр.

2024 жылдан бастап «Арнайы әскерлерді жауынгерлік қолдану» циклі аясында «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» бағыты ашылып, бүгінде бұл бағдарлама бойынша 35 студент білім алуда. Олардың 15-і оператор, ал 20-сы есептоп командирі мамандығы бойынша дайындалуда. Оқыту барлау, жер бедерін зерттеу және топогеодезия бағыттары бойынша жүргізіледі. Яғни, студенттер тек дрондарды басқаруды ғана емес, сонымен қатар алынған деректерді талдауды, жергілікті жерде бағдарлануды және нақты жағдайларда жедел шешім қабылдауды да меңгереді. Білім беру үдерісі практикалық дайындыққа негізделген. Оның аясында студенттер ұшқышсыз аппараттарды басқаруды, есептоп жұмысын ұйымдастыруды, әуе барлауын жүргізуді, деректерді нақты уақыт режимінде жеткізуді, сондай-ақ жоғары дәлдік пен жеделдікті талап ететін арнайы тапсырмаларды орындауды үйренеді. Әсіресе радиоэлектрондық күрес құралдарына қарсы іс-қимыл жасау, телеметрия арналарының жұмысын түсіну және күрделі жағдайда дронмен тұрақты байланысты қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені қазіргі заманғы ұрыс әрекеттері байланыс пен навигацияны бұғаттайтын технологиялардың кеңінен қолданылуымен ерекшеленеді.

– Мамандарды даярлау теориялық білімді, практикалық дағдыларды және студенттердің жоғары ынтасын үйлестіру арқылы жүзеге асады. Командалық жұмысты дамыту мен жоғары технологиялық техниканы меңгеруге деген кәсіби қызығушылықты арттыруға ерекше мән беріледі. Бұл өз нәтижесін де көрсетуде. Білім алушылар ұшқышсыз аппараттарды басқару бойынша жарыстарда табысты өнер көрсетіп келеді. Соның ішінде AITU KazRoboDrone сайысында өткен жылы университет командасы республикалық деңгейде бірінші орынды, ал халықаралық деңгейде төртінші орынды иеленді, – дейді запастағы подполковник, «Арнайы әскерлерді жауынгерлік қолдану» циклі жетекшісі – Марат Истимесов.

Әскери кафедрада ұшқышсыз авиациялық жүйелер бағытының дамуы — бұл тек білім беру бастамасы ғана емес, сонымен қатар елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосылған маңызды үлес. Заманауи технологияларды тиімді қолдана алатын мамандарды даярлау — мемлекеттің қауіпсіздігі мен технологиялық тәуелсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық міндет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қазақстан білім беру саласында үздік 20 елдің қатарына енді

Сәр Сәу 8 , 2026
Оқылды: 31 Қазақстан Insider Global Education Index рейтингінде 0,092 балл жинап, 18-орынға ие болды және тұрақты дамып келе жатқан әрі халықаралық деңгейде ықпалдасқан білім беру жүйелері бар елдер тобына енді. Топ-20 ішіндегі бұл позиция саланың жүйелі трансформациясын және елдің жаһандық білім беру кеңістігіндегі ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан Польша […]