Бастапқы әскери дайындықтың өзекті мәселелері

Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ұйымдастырылған «Бастапқы әскери дайындықтың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы маңызды алаңға айналды. Конференцияны дене мәдениеті және спорт факультеті ұйымдастырып, еліміздің әр өңірінен келген білім беру және әскери сала өкілдерін біріктірді.

Бұл шара тәжірибе алмасу мен келешекке бағытталған жаңа идеяларды талқылауға арналды. Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент және Атырау қалаларынан келген оқытушылар мен мамандар жастар арасында патриоттық тәрбие беру мен салауатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді әдістерін ұсынды. Конференция аясында «Бастапқы әскери дайындық», «Әскери-патриоттық тәрбие», «Ұлттық спорт түрлері» және «Қазіргі дәуірдегі дене шынықтыру» секілді өзекті тақырыптар жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар өз мақалаларын ұсынып, әскери дайындықты жетілдірудің маңыздылығы туралы ой бөлісті. Шараның ашылуында сөз алған Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов мұндай іс-шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіне тигізетін оң әсерін атап өтті. Конференцияның ең маңызды ұсыныстарының бірі – мемлекет қаржыландыратын әскери-патриоттық орталықтарды құру. Бұл орталықтардың негізгі міндеті – болашақ ұрпақты Отан қорғауға дайындау, патриоттық сезімдерін арттыру және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру. Мұндай орталықтар арқылы жастарды тек әскери дайындыққа емес, сонымен қатар ұлтжандылыққа, жауапкершілікке және тәртіпке үйрету жоспарланған. 

  – Патриоттық тәрбие – болашақтың іргетасы, аталмыш шара барысында патриоттық тәрбиенің заманауи әдістері мен технологияларын енгізудің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Отансүйгіштікке баулудың жаңа үлгілері ұсынылып, ұлттық спорт түрлерін дәріптеудің маңызды құралы ретінде қолдану жөнінде пікірлер айтылды. «Бастапқы әскери дайындықтың өзекті мәселелері» атты республикалық конференция жастарды тәрбиелеудегі және дене шынықтыру саласындағы маңызды бастамаларға жол ашады. Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан ұсыныстар мен идеялар келешекте Қазақстанның әскери және патриоттық әлеуетін нығайтуға бағытталған нақты қадамдарға айналуы тиіс,-деді Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған