ЖЕРІМІЗДІ АЛЫП, ЕЛІМІЗДІ ҚҰРЫП БЕРГЕН АЛАШ АРЫСТАРЫ!

Қадірлі бауырлар, сіздерді 24-26 тамыз – Туған жер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Бүгін 26 тамызда Қазақ автономиялы социалистік кеңес республикасының құрылғанына 104 жыл толды.

1920 жылы 24-26 тамыз күндері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермек бастаған Алаш арыстары айқындап беріп, декрет қабылданып, Қазақ мемлекеті территориясы бекітіліп, шекарасы шегенделді.

Алаш арыстарының ұлттық мүддені қорғаудағы алапат қайраты мен ұлттық рухы, ерен ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығы большевиктер билігін Қазақ автономиясын мойындатуына тура келді.

Иә, Қазақтың байтақ жерін түгендеп, алып шекарасын шегендеп берген де осыдан 104 жыл бұрын Алаш қайраткерлері болды.

Қазақ автономиялық кеңестік республика бастауын Алаш ұлттық автономиясынан алады. Бұл жерде басын ашып алатын басты нәрсе – 1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылдады.
Бұл қаулының негізі қазақ шекарасының белгіленуіне сүйеніп тұр.

Яғни, 1920 жылы Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасының құрылуына 1917 жылы құрылған Алаш автономиясының үлесі үлкен екенін атап айтып, қадап көрсетіп отыруымыз керек. Шынында да, негізі қазіргі Тәуелсіз Қазақ Республикасының бастауы 1917 жылғы Алаш автономиясынан басталады емес пе?!.

Негізі бұл шегара белгілеудің бастауы 1917 жылы Алаштықтардың бүкілқазақтық құрылтай шақырғанда сол территория шеңберіндегі мекендер бойынша шақырылғаны белгілі. 1920 жылғы 26 тамыздағы «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет осы Алаштықтар еңбегі арқасында белгіленген территорияны Кеңес үкіметінің мойындап, қағазға түсіріп, келісімге келіп, қол қойған тарихи құжат болатын.

Шекараны айқындауда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан басшылық жасаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы  ерекше еңбек сіңірді.
Комиссия жұмысындағы дау созылып бара жатқанда Ахмет Байтұрсынұлының атып тұрып, «Ленинің өзі айтты ғой, сол нұсқауды орындайсыңдар ма, жоқ па?!»-деп, айқай салып, мәселені пролетариат көсемінің нұсқауына тіреуі, 29 жасар Әлімхан Ермекұлының Ленин мен Сталин басқарған комиссия алдында ел тағдырын шешкен ерекше баяндама жасап, бүкіл қазақ жерін түгендеп, нақты дәлелдеп қорғап шығуы нағыз ел үшін жасалған ерекше тарихи ерлік болды.

Яғни, 1920 жылы Қазақ автономиялық республикасы Алаштықтар айқындаған территория негізінде құрылғанына қарасақ, жерімізді алып, елімізді құрып берген Алаш арыстары.

Ұлттық мүддені қорғауда ұлттық рух зор рөл атқаратынына айқын дәлел – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АЛАПАТ ЕРЛІГІ!

Қазақ Автономиялы социалистік кеңес республикасы
құрылуының 104 жылдығы, яғни мемлекет шекарасының заңды құжатпен айқындалған күні – мемлекеттік мереке,  еліміз үшін ерекше тарихи дата, жалпы халық болып, Алашқа сауын айтып,  атап өтетін күн болуы керек!

Қазақ Жерінің құжатпен айқындалған күнінің 104 жылдығы құтты болсын, ардақты Алаш Елі!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Halyk Bank алаяқтардан сақтануды ескертеді

Сәр Там 28 , 2024
Оқылды: 212 Соңғы уақытта елімізде алаяқтық деректері көп тіркеліп жатыр. Алаяқтар ірі компаниялардың ресми сайттарына ұқсайтын жалған сайттарды қолдан  жасауды әдетке айналдырды. Халықтың көпшілігі өз банк карталарының деректерін және SMS кодтарды енгізіп жатады, бірақ артынша алаяқтар ол мәліметтерді Apple Pay, Samsung Pay немесе Google Pay-ге тіркеп алады. Содан клиенттің картасынан түрлі терминалдан ақша шешіле бастайды. Осындай жағдайлардың көбеюіне байланысты Halyk Bank өкілдері алаяқтардан қалай қорғану керегі туралы айтуды […]