Отанды қорғау – ұлы міндет

Қазақстан Қарулы Күштерінің қатары тағы да толыға түсті. Қарағанды гарнизоны, Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінде жас сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады.

Қазақ халқы ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағамдай білген. Оның ішінде, қастерлі Отан-Ананы қорғау – ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін жас сарбаздар да жақсы біледі. Ант қабылдау – Отанға, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау, қажет болса, жан қию деген сөз. Айбынды армия, әлеуеті мықты ел әскерінің бүгінгі іс-шарасы 44803 әскери бөлімінде өтті. Әскер – тәуелсіздіктің тірегі. Әуе қорғаныс күштеріне қарасты әскери бөлімінде Ақмола мен Астана, Жетісу облысы мен Қарағанды қалаларынан келген 130 сарбаз әскери ант қабылдады. Енді олар еліміздің Қарулы Күштерінің сапын толықтырмақ. Аз уақытта әскери тәртіпке үйреніп қалған олар Отан алдындағы борышын адал орындауға серт берді.

Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Әскери бөлім бір ай ішінде бізге ұнады, барлық жағдай жасалған, келген күннен бастап командирлер білмегенімізді үйретіп, көмек көрсетуде. Екі жүзден астам сарбаз арасында 14-ұлт өкілі бар, татулығымыз жарасқан. Отанға деген борышымды адал атқаруға барымды саламын,» – деді қатардағы жауынгер Жалғас Долданов.

Жүректері лүпіл қаққан ата-ана, сап түзеген сарбаздар. Бұл 44803 әскери бөліміндегі салтанатты кеш көрінісі. Баласы ант қабылдап жатқан сәтін көрген ата-аналардың жүзінен қуаныш сезімі бірден байқалады.

Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Қарап тұрсам, баламның жағдайы жақсы екен. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай.  Командирлерінің қамқорлығына алғыс айтамын. Отан үшін берген уәдесін орындап, елге абыроймен оралады деп сенемін,» – деді сарбаздың ата-анасы Бикамал Сағаділ.

Бүгінгі кеште әр сарбаз өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Отанға адал қызмет етуге серт берген жас жауынгерлер елінің амандығы үшін қасқайып тұра алатын сарбаз деген зор атқа ие. Олар ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастыруға, елдің қорғанына, сенім арқалаған азаматқа айналмақшы. Отан үшін отқа түсер азаматтарымыздың өміріндегі бұл жауапты қадамына, ауған соғысының ардагерлері сондай-ақ, ант қабылдаушылардың ата-аналары, туған-туыстары, әскери бөлімнің командирі қатысты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Әскери кафедра студенттері оқу-жаттығуда

Бей Мау 13 , 2024
Оқылды: 466 Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университетінің әскери кафедрасында толық оқу курсын аяқтаған студенттер бір ай бойы оқу-жаттығу жиындары өткізіп жатыр. Спасск оқу-жаттығу орталығының оқу-жаттығу полигонында 500-ден астам студент атыс қаруы мен әскери техникамен оқ ату бойынша практикалық жаттығуларды орындауда, сонымен қатар жауынгерлік машиналарды басқару нормативтерінде тапсырады. – Әскери […]