Ержүрек партизан

Халық Қаһарманы, партизан Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл!

Ұлы Отан соғысына қатысушы, Халық Қаһарманы, даңқты партизан Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толуына орай, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлер ұжымы мен «Приозерск қаласының жастар ресурстары орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерлік сабағы болып өтті. «Жау тылындағы бала» тақырыбындағы ерлік сабағына аталған білім ошағының 7 «а» сыныбының оқушылары қатысты.

Заманауи интерактивтік тақтада ержүрек партизан Қасым Қайсеновтың өмірі мен ерлік жолына арналған «Батыр бейнесі» тақырыбымен көрсетілген деректі фильм арқылы ерлік сабағының шымылдығы ашылды. Келесі кезекте сынып оқушыларының арасында батырдың ерлік жолын баяндайтын пікір алмасу сағаты ұйымдастырылды. Пікір алмасу барысында сынып оқушыларының қатарынан Аружан Бейсен, Іңкәр Шадыбай, Диас Сайранбай, Диляра Еркебек, Аякөз Кенжебай, Жанел Жаңабай, Ернұр Базарбай және Шоқан Ғани белсенділік танытты.

Тақта алдында сөз алған Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлерінің төрағасы Тілек Кенжебеков мектеп оқушыларына «партизан соқпақтарын» жүріп өткен Қасым Қайсеновтың сан мәрте гитлерлік неміс басқыншыларының ажал оғынан аман қалып, соғыстың ең ауыр күндерін басынан кешкенін жеткізіп берді. Ардагер аға Тілек Алшымбекұлы: «Әскери барлаушылар мектебін бітіріп, арнайы тапсырма алған ержүрек Қасым Қайсенов 1941 жылдың күзінде Оңтүстік-Батыс майданына ұшақпен жөнелтіледі. Көп ұзамай құрамында сайдың серке тасындай 10 жауынгері бар Қасым бастаған топ Украина елінің қалың ағаш басқан орманды жеріне парашютпен келіп түседі. Жерге енді келіп түскен топ ну орман арасында жер жағдайын анықтап аламыз деп жүргенде, көз алдарында қарсы келген неміс басқыншыларының ұрыс қимылына тап болады. Осы жан аямас шайқаста әскери барлаушы топтан тек 2 адам ғана тірі қалады. Оның бірі – Қасым Қайсенов болатын….» – деп, оқушыларға ерлік жолының бір парасын талдап берді.

Ерлік сабағына «Приозерск қаласының жастар ресурстары» КММ бағалау инспекторы Еркеназ Аманкелді мен жастармен тәжірибе алмастырушы Жеңіс Курбанов қатысты.

Есімі ерлігімен бағаланатын партизан Қасым Қайсеновтың қаһармандық ерлік жолынан үлгі алатын сынып оқушыларының келешекте нағыз отаншыл болатындарына сенімдіміз!

Думан Жұмашұлы лейтенант

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Биыл Halyk Bank-тің 100 жылдық мерейтойы

Бей Сәу 20 , 2023
Оқылды: 744 Биыл Қазақстанның жетекші банкі маңызды тарихи межеден өтеді: 100 жыл бұрын 1923 жылдың қазан айында Ақтөбеде жүйе құраушы қаржы институтының негізі қаланған алғашқы жинақ кассасы ашылды. Дәл осы күн Қазақстанның бүкіл банк жүйесінің туған күні болып саналады. Банктің тарихы еліміздің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты деп айту артық болмас. […]