Балалар үйіне базарлық. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Шапағат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бүлдіршіндеріне, Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық Атқару Жүйесі Департаменті №32 мекемесінің қызметкерлері Наурыз мейрамы қарсаңында балдырғандарға қамқорлық танытты.
Әр мереке сайын №32 мекеме қызметкерлері балалар үйіне барып, жаутаңкөз ботақандарды құттықтап, сыйлықтар үлестіреді. Сыйға тартылған ойыншықтар мен ұлттық үлгідегі балалар киімдері де Абай ауданына қарасты, Көксу елдімекеніндегі №32 мекемеде жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектердің қолынан шыққан туындылар. Көктемнің жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы, жыл өткен сайын елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түскен. Жұмсақ ойыншықтармен қоса тәттілерін, бар жақсысын балаларға алып келген, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД №32 мекемесінің қызметкері өз пікірімен бөлісті.
«– Ешкім Жаратқаннан өз тағдырын сұрап алмайды. Әке-шешесі бар, болған-толған балалардан бұлардың еш кемдігі жоқ. Айырмашылығы сол, бұл балаларға әке-шешенің аялы алақаны, туыстарының ыстық ықыласы, мейірім шұғыласы жетісе бермейді. Біздің мекеменің арулары әрдайым қолөнерлерімен бөлісіп, жақсылық жасауға асығады. Қызметкерлеріміздің көрсеткен қамқорлығына «Шапағат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бүлдіршіндері өз ризашылықтарын білдірді. Біз әрдайым бүлдіршіндерге, өзіміздің ыстық ықыласымызды, мейірімімізді көрсетуге тырысамыз.» – деп атап өтті өз кезегінде, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД №32 мекемесінің қызметкері, капитан – Диана Омарова.