Тәуелсіздік лентасы

Қарағандыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік лентасы» акциясы бастау алды.

Қарағанды қаласының Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-колледж-интернатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік лентасы» акциясының ашылу салтанаты өтті.

Тәуелсіздік лентасының тұсауы 2020 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды қаласында кесілген болатын. Биылғы жылы ұйымдастырушылар Тәуелсіздік таспасын насихаттау мақсатында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және бірқатар тарихи даталарға арнап атап айтқанда Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін салушылардың бірі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөктің туғанына 1375 жыл, Шығыс Түркі қағанатының билеушісі Білге қағанның туғанына 1340 жыл, Қасым Жәнібекұлының хан атанғанына 510 жыл, Абылай ханның туғанына 310 жыл, Қазақ хандығының қалыпқа келтірілгеніне 180 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл, Әлімхан Ермектің туғанына 130 жыл және т.б тарихи тұлғалардың мерейтойларына орайластырылған.
Тәуелсіздік таспасы акциясы Қарағанды облысы мен ел астанасы Нұрсұлтан қалаларын қамтиды деп жоспарланып отыр. Акция барысында ұйымдастырушылар жастармен кездесіп, Тәуелсіздік лентасында көрініс тапқан тарихи тұлғалар жайлы айтып беруді және таспаларды таратуды мақсат тұтып отыр. Акция барысында барлығы 1000-нан аса таспа таратылатын болады. Бұл ретте лентада көрініс тапқан тарихи тұлғалар Абылай мен Кенесары хандардың және Әлихан Бөкейханның биылғы жылы мерейтойларының аталып өтіп жатқандығын атап өткен орынды.
Сонымен қатар Тәуелсіздік лентасында қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған 7 тарихи тұлға мен 4 тарихи дата, Қазақстан Республикасының жер аумағын бейнелейтін карта мен Түркі қағанатының Бөрілі байрағы көрініс тапқан. Лентаның астынғы жағында бірінші болып Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта, одан кейін осы аумақта мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адамы орналастырылған. Бұл қазақ тарихының сонау сақтар заманымен байланысты екендігін білдіреді. Бұдан кейін лентада Ғұндар мемлекетінің негізін қалаған Ұлы Мөде қаған бейнеленген. Лентадағы келесі тарихи дата 552 жыл, яғни Түркі қағанаты құрылған жыл және оның символы Бөрілі байрақ көрініс тапқан. Бұдан кейін Қазақ хандығы құрылған 1465 жыл мен оның бастауында тұрған Керей мен Жәнібек хандар бейнеленген. Тәуелсіздік лентасындағы келесі тарихи тұлға үш жүздің басын қосқан хандардың ханы ұлы Абылай хан, одан кейін ұлтымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Кенесары хан мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда үкіметі құрылған 1917 жыл тарихи датасы бейнеленген. Лентада бейнеленген келесі тарихи дата Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жыл. Ал оның үстінде ашылған кітап пен көтеріліп келе жатқан күннің бейнесі көрініс тапқан. Бұл алдағы уақытта Қазақстанның болашағы ғылым мен білімді игеруде жатқандығына меңзейді. Ал лентаны көмкеріп тұрған ұлттық ою-өрнек біздің ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызды әруақытта көздің қарашығындай сақтауға үндейді. Тәуелсіздік таспасын тағу әдісі Youtube арнасындағы «Тәуелсіздік лентасын қалай тағамыз?» атты роликте көрсетілген. Аталған акция Тәуелсіздік мерекесіне дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік лентасы кеуденің сол жағына, жүрек тұсына тағылады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар өз сөздерінде Тәуелсіздік лентасын тағып жүру әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін және лентаның иегері онда бейнеленген ұлы тұлғалардың жолын жалғастыруға, ұлт мұрасын сақтауға, оны жас ұрпаққа насихаттауға мүмкіндігі келгенше атсалысуға тырысуы керек екенін атап өтті. Лента Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері күндері, салтанатты шараларда тағылады. Сондай-ақ лентаны ел тарихына құрмет білдіру мақсатында күнделікті тағуға да болады. Ал лента пайдалануға келмейтін күйге түскен жағдайда оны тек өртеу жолымен жою қажет. Бастысы лентадағы бейнелер аяқ асты болмауы шартты.
«Тәуелсіздік лентасы» «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының ұлт құндылықтарын насихаттауға бағытталған 21 жобасы болып табылады. Аталған акция «Қазақ жігіттері» клубы мен «Орталық Қазақстан», «Қазақ үні» және «Арқа ақшамы», «Білім айнасы», «Замана» газеттері мен «Sayipqiran.kz», «Aimaq09.kz», «Білім айнасы», «Kazgazeta.kz» ақпараттық сайттарының қолдауымен іске асырылуда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қасым Аманжолов -бірегей тұлға

Сәр Қар 24 , 2021
Оқылды: 1  812 Қазақтың көрнекті де асыл ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 110 жыл. Бар ғұмырын қазақ өлеңіне арнаған Қасымның аты тарихымызда мәңгі сақталмақ. Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды обылысының Қарқаралы ауданыныдағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келді. Сауатын ауыл мектебінде ашып, 1929 жылы Семей қаласының мал дәрігерлік техникумында оқиды. Шығармашылық […]