Жалақыны алмаған, жәрдемақыға ілікпеген

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

     Жаңаарқа ауданында  жұмыскерлеріне екі жылға жуық жалақы төлей алмаған электр энергиясын тасымалдаушы компания төңірегінде туындаған дау-дамайды жақында сөз еткен едік.  Жаңаарқа ауданының орталығында жұмыс істейтін мамандар «жақсылықтың нышаны бар» деп, бірінші рет қоңырау шалып, қуаныштарын жеткізді. Жұмыссыздық пен қымбатшылық жағадан алып, тірлік кешу қиындаған заманда электр энергиясын тасымалдайтын компания мамандары не жалақыға жете алмай, не жұмыстан шығып кете алмай қиналған еді. Жұмыскерлердің жанайқайын «Жас Алашқа» бір емес, бірнеше рет жазған болатынбыз. Жалақысыз жүрген жандар биліктегілердің журналистер мазаласа ғана қимылдай бастайтынын меңзейді. Жақында Жаңаарқа ауданының әкімшілігі жұмыскерлердің алғашқы легіне ақша төлепті.
    – Осыдан бір күн бұрын бізді әкімшілікке шақырып, 500 мың теңге берді, бес адам болдық. Оның алдында төрт адамға берді деп естідік. Әкімшіліктегілер қағазға қол қойғызды, сосын «Нұр Отан» кеңсесіне апарып, дәлел болсын деп фотаға түсірді, ақшамызға әзер жетсек те қуанып қалдық, ең құрыса қарыздарымызды өтейміз, – дейді компания жұмыскері Оразғали Сакенов.
     Жаңаарқа ауданының әкімі екі жылдан бері бас ауруына айналған электр энергиясын тасымалдаушы компания жұмыскерлерінің жалақысын төлеу мәселесін шешуде демеушілер көмегіне жүгініпті. Шенеуніктердің ақпарынша, бүгінде 8 млн теңге көлеміндегі қаражатты жұмыскерлерге жалақы ретінде төлеген. «Ұзақ уақыт бойы жалақы алмаған азаматтардың бүгінгі жағдайына бейжай қарамаған аудан әкімдігі демеушілерді тарту арқылы мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Осыған дейін «Сакен и К» мекемесінің бірқатар жұмыскерлері көмек алудан бас тартқан болатын. Бүгінде олар ұсынылған көмекті алуға ниет білдіріп отыр. Енді осы бағыттағы игі істер жалғасын табады», – деп хабарлады Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
      Айта кету керек, екі жылға жуық жалақы алмаған жұмыскерлер заңды білмегендіктен,  еңбек инспекциясына хабарласып, өз құқықтарын қорғай алмаған. «Бізге «еңбек инспекциясына барудың керегі жоқ, олар өзімізге айыппұл салады» деді, сосын біз оған бармадық. Компанияның бұрынғы  бастығы еңбек инспекциясы келіп, айыппұл салып, өзіміздің ақшамызды алып кетті деген соң, біз баруға қорқақтадық», – дейді  компания жұмыскері.
      Жаңаарқа ауданындағы ауылдардың тоғын жөндеп, қарап жүретін электрик мамандар көп. Бүгінде осы шалғай ауылда жүрген мамандар көмек сұрауда. Айтуларынша, оларға «жалақы тиеді» деген әңгіменің шеті де шықпапты. Ауылда 20 ай бойы жалақысыз жүрген жұмысшылар карантин кезінде 42 500 теңгені де алмаған. Бірнеше рет өтініш тастаған мамандарға бұл қаражат түспепті. Жұмыскерлер «карантин кезінде нақты көмекке зәру адамға көмек көрсете алмаған бұл үкіметтен не қайыр» деп налиды. Сары қарын бала-шағаның қамын күйттеп, қажыған жұмыскерлер ескерусіз қаламыз ба  деп қорқады. «Жалақы тимеген 20 айда бір рет қана 40 мың теңге алдым. Енді тіпті ай сайын жалақы алып тұрмаған соң, маған олардың қанша берешек екенін ұмытып та қалдым. Ауданда есептейтін бухгалтерия жоқ,  оны есептету үшін  Қарағандыға бару керек. Расын айтқанда,  тамаққа әзер ақша тауып отырғанда, жолға ақша табу мүмкін емес. Біздің де балаларымыз, немерелеріміз бар,  оларға да көмектесу керек. Маған зейнетке шығуға екі жыл қалды, сосын осы жұмыста қалдым. Кеткенде қайда барамын, жұмыс жоқ. Тіпті мазақ қылғандары ма, карантин кезінде 42 500 теңгені де берген жоқ. Жалақы жоқта сол көмек бола ма деп дәметіп едік. Ауылдағы барлық электриктер алған жоқ. Сіздерден көмек сұраймыз», – деп хабарласты Бидайық ауылының электрик маманы Бейсенбек Баязитов.
       Билік ауылдағы жұмыскерлерді назардан тыс қалдырмас деген үміт бар. Ал «Сакен и К» мекемесіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қаражат алған мамандар компаниядан жалақыларын өндіріп алған жағдайда әкімшілік төлеген қаражатты пайызсыз қайтарады.

Арайлым ЕРКЕБАЕВА, Қарағанды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Коммунистер нені көздеп отыр?

Сей Там 18 , 2020
Оқылды: 2  535 Декомунизация дегеніміз – коммунистердің «Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары, оның қасында жеке кісінің хақы мен құқықтары түк те емес»,- деген түсінікті жою. Алдыменен коммунистік партия, мемлекет мүддесі, ал кісі хақысы мен бостандық құқықтары ең соңында,- деген саяси ұғым әлі де біздің биліктің кәміл сенген, санасына берік бекіген саясаты. Мемлекет […]