Ақсақалдар, ақылман арда асылдар,
Кеудесінде дәстүрдің қамбасы бар.
Бойларында намыстың жалғасы бар,
Ойларында дария арнасы бар.
Қариялар, ақылгөй абыздарым,
Тірілткен талай тарих аңыздарын.
Құны немен өлшенер сен дарытқан,
Тәрбие дейтін құнды қазынаның.
Батагөй қасиеттім қара шалдар,
Кемеңгер, әрқайсысы қара нарлар.
Өсем деген ұрпақтың бүгінгісі,
Қариясын сыйлаумен дараланар.
Өткен мен кеткенді кең бағамдайды,
Ақ тілекпен халқына бақ арнайды.
Үлкен, кіші жақсылық бола қалса,
Бата алмай қариядан басталмайды.
Сөзінде ақсақалдың базына бар,
Жан болса егер түсініп жазып алар.
«Әке көрген оқ жонар» – деген Бабам,
Ата көрген болады ұл арына адал.
Аман болшы, ақылгөй аталарым!
Қабыл болсын, ақ тілек, баталарың!
Қазыналы қарттарым, жүз жасаңдар,
Алшы түссін қазақ деп сақаларың!
Хуат Иркітханқызы