«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде ерекше маңызды әрі рухани мәні терең шара – Әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Биыл 209 жас сарбаз Отан алдындағы адал қызметке ант беріп, Қазақстан Қарулы Күштері қатарында құқықтары мен міндеттерін абыроймен орындауға дайын екенін көрсетті.

Сарбаздар Ақмола, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан және еліміздің бас қаласы Астанадан жиналып, бір мақсат – туған елін қорғау жолындағы жауапты қызметке қадам басты. Салтанатты іс-шараға ата-аналары мен туыстар да қатысып, өз перзенттерінің ер жетіп, нағыз азамат атанған сәтін ерекше толқыныспен тамашалады. Жас сарбаздардың бойындағы мақтаныш сезімі мен жауапкершілігі олардың көзқарасынан-ақ аңғаруға болды. Осы қуанышты күнге орай ант қабылдаушы сарбаз Арсен Нұрмұханов өзінің әсерімен бөлісті.
– Әскери ант қабылдау – мен үшін өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл — Отанға деген адалдығымның, отбасымның сенімін ақтауға деген ниетімнің белгісі. Ант қабылдаған сәтте ерекше толқыдым, бірақ сонымен бірге бойымда мақтаныш сезімі күшейді. Елімді қорғау – әр азаматтың парызы. Осы жауапкершілікті абыроймен атқаруға бар күшімді саламын,-деді жас сарбаз Арсен Нұрмұханов.
31775 әскери бөлімінде ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта жауынгерлік дайындықтың барлық кезеңдерінен өтіп, әскери міндетін мінсіз атқаруға бағытталған оқу-жаттығуларға кіріседі. Олардың әрқайсысы Қазақстан Қарулы Күштерінің сапында лайықты қызмет ететініне сенім мол.


