Қарағандыда 15 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күні аталып өтті.
2019 жылы Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының» бастамасымен ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі жобасы таныстырылған болатын. Осы Қазақ күнтізбесіндегі 15 мамыр күні – Аяулы қазақ қыздары күні болып белгіленді.
Бұл күні қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспан өмірге келген. Атаулы күнді белгілеудегі мақсат қазақ қыздарының қоғамдағы және отбасы институтындағы маңызды ролін, сондай-ақ қазақ ұлтының сақталуы мен ұрпақ тәрбиесіндегі орнын жастарға насихаттау. Осы атаулы күнге орай «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club»-ның ұйымдастыруымен қаламыздың Орталық саябағында «Қыз өссе – елдің көркі!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Шара барысында клуб мүшесі, зейнеткер Сәкен Сәбиденұлы жиналғандарды осы атаулы күнмен құттықтап көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар ақын Мұхтар Шахановтың ел жұртшылығына арнаған құттықтауы оқылды. Атап айтқанда халық ақыны «Қазақ халқы «Қыз өссе, елдің көркі» деп қыздарын аялы алақанға салып, әлпештеп өсіріп, оларға ең асылын аманаттап, Отанасы деп құрметтеген. Бар білгені мен өмірлік тәжірибесін ұрпақтар сабақтастығы арқылы бере білген дана халқымыз қыз баланы болашақ аяулы жар, қадірлі ана, Отағасының сенімді серігі, ұлт құндылықтарын бойына дарытып соны өскелең ұрпаққа жеткізетін ерекше жаратылыс иесі деп қадір тұтқан. Ел мен елдің арасын жалғайтын «Қыз бала – жат жұрттық» деп туғанынан ерек тәрбие беріп, ең асылы мен қымбаттысын қыз баланың бойына дарытуды мақсат тұтқан қазақ қоғамының бұл әрекетінде осы арқылы ғасырлар бойы ұлттың замана желіне төтеп беріп өмір сүруін және жат жерге ұзатылар болашақ ананың тәрбиесін көретін кейінгі ұрпақтың сол елдің текті азаматы болып, түбінде халыққа қызмет етуін қалаған ақ тілегі жатса керек» – деп атап өтті. Бұдан кейін мерекелік концертте қаламыздың жас өрендері жиналған көрермендерге өз өнерлерін паш етті. Олардың ішінде Әлинұр Сайдағали «Айжан қыз» күйін, Еркем-ай шығармаларын, Мадиана Аманжолова және Салтанат Құсан «Анамның ақжаулығы», Дильназ Сләмбек флейтада «Андансина» шығармасын, Ойрат Мәди Алашұлы тобының «Батырлар ұраны» әнін, Ертөре Қанатов «Қайдасың», Айбике Рақымжанқызы «Аяулы анашым», Оспан Шандор «Адай», Думан Сағындықов «Еркесылкым» күйлерін орындап, халықтың ыстық ілтипатына бөленді. Сонымен қатар мерекелік шарада қаламыздың зейнеткер ұстазы, спортшы, қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш велошабандоз Бижамал Жексенбіқызы қазақ қыздарын төл мерекелірімен құттықтады.
Шара соңында мерекелік концертке қатысқан жас өрендер «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Ұлы Қазақ елінің тарихы» атты тарихи анықтамалығымен марапатталды. «Ұйымдастырушылар осымен қатарынан 3 жыл өткізіліп келе жатқан бұл атаулы күннің қазақ қыздарының ең асыл қасиеттерін паш ететін халықтық мерекеге айналатынына сенім мол«,- дейді Кенжегүл Мақаш.