Жаһандану және постмодернизм кезеңіндегі қазақ елі.

Әлемдегі  дамыған мемлекеттерге жаһанданудың шапшаң ілгерілеуі  пайдалы екенін бәріңіз де білесіздер. Себебі бұл жағдай сол елдердің шығарған өнімдерінің нарығын кеңейтеді. Глобализация- жаһандану үдерістері Америка, Батыс Еуропа, Араб, Қытай ,Үнді мәдениеттерін күшейтсе, «даму кезеңіндегі экономикаға» ие елдердің мәдениеттерін әлсіретеді. Экономикаларының сыртқы елдерге тәуелді болуы, жалпы мәдениеттің жойылуына,  ұлттық мәдениет құндылықтарына негізделген отандық өнім шығарушылардың азайуына немесе тіпті біздегідей ұлттық өндірісіміз жоқ,- дейтіндей жағдайға әкеледі. Өзге елдердің мәдениетіне тәнті ұлт өкілдері өз мемлекетінің өндіріс өнімдерін менсінбейді. Сапасыз өнім ретінде қабылдап, сатып алмайды. Бұл жағдайды, мысалы, араб мәдениетіне еліктейтін  апа – қарындастарымыздың ұлттық киім дәстүрлерінен алшақтап, арнайы  бутиктер ашып, сол елдерден киім тасуынан көреміз.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Әбу-Дабиге  барған бір сапарымда  қаланың ең үлкен киім дүкенінде болдым. Сонда жергілікті арабтарды  көрдім. Әйелдері мәдениеттеріне сай ұзын қара көйлектер киіп, қара көзілдіріктер таққан. Қасындағы ерлері жерге дейін түсетін ақ матадан тігілген ұлттық киімдерімен дүкен кезіп жүр. Кейін көрдім, әйелдерінің көйлектері үш-төрт мың доллар, көзілдіріктерінің өзі бір-екі мың доллар тұрады. Өз киімін киінген, өз тілінде сөйлескен және өздері сол жердің иесі екені бірден білінетін Араб елі мақтауға тұрарлық екен.  Сонда, екінші қабатта  тұрған мен өзімнің үсті – басыма карап өттім, шалбарым түріктікі, көйлегім тағы біреудікі, қалтаорамалыма дейін біздің елдің заты емес, барлығы шетел өнімі. «Қазақстандық» дейтін ештеңем жоқ. Үсті – басымда елімізді танытатын бір зат болмағанына ішімнен өкініп, өзіме сол кезде сөз берген едім,»Енді шет елге шықсам, түк болмаса ұлттық тақиямды киіп шығамын»,- деп. Арабтардың киген киімі, жүріс-тұрысы, арабша сөйлескендері өздеріне жарасады. Неге? Себебі олар-арабтар. Бірақ осыған байланысты бір түсінбейтін жай бар. Неге, қазақтың біразы, кейбір мәжіліс депутаттарына дейін осылардың жүріс-тұрысына, өмір сүру салттарына тәнті болып, ұқсағылары  келеді ? Тек қана діни көзқарастарына жүгініп, бұл сауалға жауап іздесек, жаңыламыз. Негізгі себеп арабтардың жаһандануға төтеп бере білуі, өз мәдениетін сақтай отырып, мәдени құндылықтарын бір тауарға айналдыра алуы,  біздің арамыздан да  тұтынушы табуы. Оған қосабай, дәулетті ел болуы. Дәулет пен байлық басқа ел мәдениетіне қызығушылық тудыратын, солай қарай тартатын магнит сияқты. Байқап қарасаңыз, бір елдің тілін үйренуге құштарлық сол елдің қаншалықты бай-дәулетті болғандығымен  тікелей байланысты. Сондықтанда мен  ұлтшыл бауырларыма жиі айтатыным, қазақ мәселесін тілден бастамауымыз керек. Тіл мәселесін шенділер біздің қолымызға уақытша ойнай тұрсын деп берген ойыншақ сияқты. Нәтижеге жете алмай, шаршап, өкініп, өз – өздерімен таласып жүрсін дегендей. Бұл уақытта «нағыз мемлекетшілдер» әртүрлі жолдармен ел байлығын иеленіп, тауарын жан – жаққа сатып, ақшаларын шет елдерге шығаруға жол табуы үшін, ұлт болашағына жанашырлар алдыменен –  «неге қазақша  сөйлейтіндер, осы елдің иесі – қазақ елі кедей»,- деген сауал қойып, соған жауап іздеуден бастауы керек. Кедей елдің тілін басқа түгіл, өз азаматтарымыз да менсінбейді. Себебі «қазақ тілі-кедейлердің тілі», деген түсінік басқа ұлт өкілдері мен қазақ тілін керек деп те санамайтын қандастарымыздың арасында кең орын алған. Жастарымыздың өзі ана тілін білсе де, сөйлескілері келмейді. Қазақ тілі кедейдің, арба тасығандардың тілі, тіл арқылы кедейлік вирусы жұғатындай көреді. Мемлекет органдарында елдің ішінен шыққан жандар жеткілікті. Бірақ өз арасында, жұмыста орысша сөйлейді. Егер орысша сөйлессең саған деген сый басқа, бірақ қазақшаға көшсең статусың сол мезгілде «девальвацияға » ұшырайды. Қазақша сөйлейтіндерді қандай жолмен дәулетті қыламыз деген сауалға жауап , ең маңызды мақсатымыз бен мәселеміз болуы керек. Қазақша сөйлегендер дәулетті болған кезде ғана,  қазақ елінің тілін үйренгісі келетіндер ішімізден де, шет елден де табылады. Қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл болса, барлығы түзелер деген түсінік дұрыс дейік. Бірақ мұның қасында қазақша сөйлегендерді дәулетті қылу, ел байлығынан үлес  берілуі, кәсіпкерлікке үйренуге кең түрде жағдай жасалуы тілді сақтап, дамытудың алғы шарттарының бірі екенін ұмытпайық.

Жаһанданудың тигізер пайдалы жағын қабылдап, Америка, Батыс Еуропадан келетін кейбір жат үдерістерге қалай қарсы тұруға болады?

Бұған жол көрсетер ғылыми ағым – Постмодернизм. Бұл термин түптеп келгенде модернизмге қарсылықтан туындаған түсінік. «Постмодернизм» осы заманнан кейінгі соңғы заман. Қазақшаласақ оны «соңғы осы заманшылдық» деп те атауға болады. Яғни, жаһандануға – дәстүрлердің, діндердің, мәдениет және идеологиялардың ұқсас болу кешендік үдерісіне, модернизмге қарсы постмодернизм – өз мәдениетіміздің ішінен үлгілі дәстүрлерді жаңарта отырып, қолданылуы. Еліміздің менталитеті, ерекшелігі жаһандану кезеңінде өшіп, жоғалуына жол бермейтін кешенді түсінік.

Араб әмірліктерінде болғанымда  Әбу-Дабидегі біз тоқтаған мейрамхананың қарсы жағына қарасам, салынып жатқан құрылыста ақ көйлек, қара костюм киген, галстук таққан бірнеше кісі ақ каскаларымен  құрылыста жүргенін көрдім. Түс кезі еді, күн болса жанып тұр. Тапа-тал түсте шіреніп не қылып жүр, кино түсіріп жатыр ма деп ойлап қалдым. Сөйтсем, бұлар құрылыстың қалай салынуын тексеріп жүрген ағылшындар болып шықты. Олар сөйтіп, күннің ыстығына қарамай, көйлектерінің соңғы түймесіне дейін салып, галстук тағып, костюммен жүреді екен. Үнді фильмдерінде құм арасында, шыжыған ыстыққа қарамай, барлық түймесін тағып жүретін ағылшын әскерлері көз алдыма келді. Таңертең ас ішерде, жұмысқа келгендей көстюмдерімен тамақ ішулері де еске түсті. Тамақ ішерде тәртіпті отырыстары, ас  ішу салттары, пышақ – қасықты қалай ұстауы барлығымыз білетін ағылшын мәдениетіне тән ерекшеліктер. Осының бәрін сақтауы, қазірге дейін жоғалтпауы, ағылшын елінің жаһандануға қарсы қояр амалдарының біреуі ғана. Жаһандану кезеңінің ағылшындарға  пайдалы жақтары көп болсада, өзіне тән өмір сүру мәдениетінен айрылғылары жоқ. Туризм, кино арқылы миллиардтар тауып отырған Британия өз мәдениетіне сүйсінушілерді, ағылшындардай  болғысы келетін басқа елдердің дәулетті кісілерін, ақшаларымен бірге өзіне тартып жатыр. Глобализация олардың мақсатына жұмыс істейді, бүкіл ағылшын мәдениеті біртұтас тауарға айналды. Жаһандану кезеңінде өз мәдениетінен үлгі таба алмаған біздің де кейбір жастарымыз ағылшын мәдениеті, өмір сүру салттары бағытына қарай сырғи  көшіп барады. Жаһанданудың нашар үлгілеріне біз – қазақтар қалай төтеп береміз, бұл үдерістердің алып толқындарында ағаш қайықпен жүзіп, аман қала аламыз ба? Жоқ, басқа елдердей мәдениетімізді қорғау үшін, постмодернизм жолымен ескіден келген дәстүрлерімізді жаңалай, заманауи мәдениет кемесін кұрып, мәдениетіміздің құндылықтарын қорғауға дайындаламыз ба? Ұлтымыздың бай мәдениетінің ішінен болашақ жастарымызға рухани қорек болар, күнделікті өміріне пайдалы үлгілерді алып, жаһан мәдениетінің ортасында лайықты орын ала аламыз ба екен? Яғни, бір үлгі болар  салт – дәстүрімізді бізге ғана маңызды зат ретінде  дамытпай, біздің мәдениетіміз арқылы басқа  елдердің ісіне жарайтын, маңызды  құндылыққа айналдыра білеміз бе?

Жаһандану біздің өзгешілігімізді, ерекшелігімізді шайып кетпеуі үшін қазіргі кезеңді кешегі қазақтың көшпелі ел мәдениетін, ескі түркі, Номад мәдениетінің жалғасы ретінде көрсете білуіміз, дүние мәдениетінде лайықты орын алуға негіз болар алғы шарттардың бірі. Соныменен , ескірді деген салт- дәстүрлерімізді жаңғырта отырып, мемлекет идеологиясында, туризм саласында және басқа алаңдарда қолданып, пайда түсіре алуды үйренуіміз қажет. Жаһандану кезеңінде мәдениетімізді қорғайтын заманауи құралдар қалыптастыру өте маңызды. Яғни, қазақ мәдениетін паш ететін, өшпейтін, дүниеде танымал үрдіске айналдыра алатын жолдарын табу.

Үлкен, ғажайып дейтіндей емес, бірақ бүгінгі тақырыпты тереңірек аша алатын бір – екі мысал келтіре кетейін. Қырғыз ағайындар жылда өткізетін «Көшпенділердің ойындары – Игры кочевников» Қырғыз елінің мәдениетімен таныстыратын, экономикасын дамытатын дүние жүзіне танымал туризм шарасына айналды. Екінші бір мысал түріктердің әлемге белгілі тағамы – дөнер. Барлық елдерге  таралған түріктердің фастфуды, қаншама түрікке жұмыс, пайда табуға мүмкіндік берген тағам түрі. Ұлттық тағам мәдениетін қорғайтын, дамуын көздейтін  үлгілердің бірі.

Сөйтіп мемлекетіміздің идеологиясының түп тамыры, қайнар бұлағы саналуы тиіс – қазақ мәдениеті, дүние жүзін қамтыған  жаһандану үдерісінде жоғалып кету қаупі бар кезеңнен өтіп жатыр. Мәдениет – ұлт және мемлекетті біріктірер құндылықтардың үлгісі, кешікпей қалыптасуы қажет «ұлттық  идеологияның» фундаменті. Глобализация – технологияны дамытатын дүниені бір кішкентай ауыл жағдайына келтіріп, мәдениеттердің экономикалардың тікелей араласуына жағдай жасайтын жаһан дамуының жаңа үрдісі. Бұл дүниежүзін қамтыған жаппай үдеріс, шекараны жапсаң да, құтыла алмайсың. Кіріспеймін десең, дамудың соңғы жағынан бірінші орын аласың. Бұған қарсы күресудің керегі де жоқ. Тек қана, мәдени құндылықтарымыздың лайықтыларын жаңғыртып, заман ағымына сай қолданып, дүниежүзі тұтынушыларына ұнайтын заманауи үрдіс – тауарға айналдырып, пайда табу бәсекелестігіне дайын болу. Сонда ғана, болашақтағы жаһан мәдениетінің ортасында бізге жарасатын орын алуымызға, мәдениетіміздің дамуын қамтамасыз етуімізге мүмкіндік туады.

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген. 

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң факультетінің түлегі.

ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған.

Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты.

«Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Полиэтилен пакеттерден арт-нысан жасайды

Сей Шіл 28 , 2020
Оқылды: 2  799 Нұр-Сұлтан қ. Жетісу саябағы 29 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі заманғы қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменова пайдаланылған полиэтилен пакеттерден арт-нысан жасайды. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін 2020 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтарынан полиэтилен пакеттерін […]