Қытай ксенофобиясы бізге не береді

Әлемге қара кұмырсқадай тараған көрші қытай бізді басып алар деген үрей, қай қазақтың болсын ішінен кемірген сары уайымы. Қытай – десе болғаны аталарымыздай аттандатып атқа мініп, жауға шапқымыз келеді. Мұндай қауіпке қарсы қояр әскеріміз болмағандықтан ба, ата жау көргендігімізден бе, әйтеуір атының өзінен үркеміз. Жерімізбен бірге бізді де қосып сатып жіберер деген күдікпен «қытайдан зауыттар әкеліп саламыз»,- деген басшыларға да  сенбейміз. Жер асты байлықтың біразы шет елдіктерге сатылып кеткенінің тірі куәсіміз. Жердің үстін сатуға да дайын еді, ел болып үкіметтің алдын орадық, енді жерді сату қалай шешілетінін кейінгі уақыт көрсетер. Жердің шетелдіктерге сатылуын  асыға күткен «біздің» ығай мен сығайларымызда баршылық. (Ел ішінен өзіміз өсіріп шығарған- «қара қытайға берілгендер»). Шындап келгенде біз, баса-көктеп келер қытайдан емес, төбедегілердің өз мүдделері үшін көршілермен көз қысып, қол алысып, ұлт мүддесін сатып кетуінен көбірек қорқатынымыз рас. Осындай жағдайды болдырмау үшін Қытайды біліп, жақсы тануымыз керек емес пе?

Қытайдағы қазақ студенттері

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

Біздің жалпы қытайларды жамандауымыз, жеккөруміз, өшігуіміз орынды ма, қазақтың мүддесін мұндай көзқараспен қорғай аламыз ба? «Дұшпанның да жақсысын үйрен, жаманынан жирен»,- демеуші ме еді, осы. Ксенофобия деген термин – жақсы білмейтін, түсіне алмаған құбылысты, жат көрінген затты жек көру мағынасын білдіреді. Яғни, біз қасымыздағы  екінші экономикаға ие елдің тілін, қалай өмір сүретінін, қандай мінезі барын білмей жатып, жат санап, жек көреміз. Бұл Қытайға деген ксенофобия көзқарасымыз. Фобия – қорқыныш дегенді білдіреді.

 Өткен жылдары Қарағандыда Шанси аймағы, Сиань қаласының губернаторының орынбасары бастаған қытай кәсіпкерлерімен кездесу . Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде болды. Мен де қатыстым. Шанси аймағында 38 миллион халық тұрады екен. Вице – губернатор болса соншама көп халықты басқарып отырған адамға тіпті ұқсамайды, кішіпейіл адам. Қытай тілінде сөйлеп, екі жақты жасалатын жоба құнын Қытай ақшасы «иен»мен түйіндеді сөзін. Біздің әкім болса көрші елдің тілінде – орысша сөйлеп, жобалар құнын теңгемен емес, АҚШ долларына шақты. Үлкен саяси қателік жасалды. Бірақ бұл жағдай облыс басшыларының қаперіне де кірмеді-ғой деймін, мүлдем елең етпеді. Қытай делегациясы бұл жағдайға таң қалса да, білдірмей, ішінен өз есебін жасады. Сол кездесуде қытайлар оздерінің тілмәшімен келді, ал біздің жақтан бір аудармашы да болмады. Кездесуде Сианнің вице- губернаторымен сөйлестім:

– маған облыстан 5000 студент табыңдаршы, біз техникалық мамандар дайындап береміз. Ай сайын 70 000 мың теңге шәкіртақысын, жатақханасын береміз. Жылында бір рет келіп кетуіне ұшақ билетін алып береміз,- дегенді. Мен де, қазақ емеспін бе, күмәнданып «бұларға неге керек бола қалдық»,- деген оймен, осы сұрақты басшысына қойдым. Сонда:

– сіздердің қытай тілін, мәдениетімізді білулеріңізді, бізді жақсы танып білгендеріңізді қалаймыз, арамызға басқа біреулер кіріп қатынастарымызды бұзбауы үшін,- деген еді. Басында айтып кеткен едім –  «дұшпанның да жақсысын үйрен, жаманынан жирен»,-деп. Зауыт салу, робототехника, басқа да заманауи технологияларды үйренуіміз керек емес пе? Өздері үйретеміз деген де осы қытайлар, бұлардан  басқа озық технологиясымен бөлісіп, оқытамын деген басқа кім бар? Қытай мен Ресей басшыларының сағатына 380 шақырым жүретін қытай пойызында отырғандарын хабардан көрген едім. Ресей басшысының су толы кесесінен бір тамшы төгілмеген еді, сондай екпінмен келе жатқан пойызда. Өзіңіз ойланып көріңізші, Шығыс Түркістаннан Түркияға дейін біздерді басып өтер сондай шапшаң темір жолын жасайық десек, технологиясы бізде бар ма, жоқ қой. Сауда – саттық, туризмді қалай дамытамыз, сонда? Арзан жолмен қарапайым азаматымыз шет елдерге жететін, қыдырып ел-жер көретіндей жасасақ болмас па? Сол Қытайдың Сиань қаласына тек қазақ мектебін бітірген балаларды жіберу  керек. Отанына, діліне, тіліне, дініне берік, қытайланбайтын. Техникалық университетінде қарапайым жанұялардан шыққан балалардан инженерлер дайындатсақ. Жүз мыңдаған студенті бар техникалық университетінен 5000 инженер қазақ шықса,»дұшпанымыздың» тілін, білімін игерген. Сөйтіп, жанымызда өмір сүретін, аса жақтыра қоймайтын елге деген ксенофобиялық көзқарасымыздан арылып, өзімізді сыйлата алатын, алыс-берістен қорықпайтын ұлт болып өзгерсек. Көрші халықтың тамырын басып, таныссақ. Ертең зауыттары ашылса, ауылдың қазақ баласы қытайға қызмет етер қара жұмысшы емес, сол жердегі басшы менеджерлер болса, біз ұтпаймыз ба?! Ертең сол жастарымыздың ішінен бір- екі Билл Гейтс, Стиф Жобс сияқты кәсіпкерлер шығып, еліміздің технология саласының көшбасшылары болса, бәрімізге де жаман болмас еді. Қытайға деген өкпе, өштікті өсіре бергенше, осындай ақылды іс жасасақ дұрыс болмас па екен? Сол жастарымыз, жан-жағына жалтақтаған, қорқақ қарсаққа ұқсаған қазіргі біздей емес, жаңа заманның білім қаруын асынған, «дұшпанының» қорасын өздері тауып түсер  қасқыр болмас па еді?! 

Сіз қалай ойлайсыз?

Жоқ, жаңалыққа жабық, ішкі дүниеміз реніш-өкпеге толы, анау құбыжық, мынау жаман, ешкім бізден артық емес, әсіресе Қытайдан қорғанайық, біреуі де жерімізге келмесін деген оймен жүре берейік пе, әліптің артын күтейік,- деген қашанғы әдетіміздің ішінен айналсоқтап шыға алмай…?

Редакциядан: Әлемді жайлаған індеттен де уақыт өте құтылармыз. Бірақ Құдай қосқан көршіден құтылмайтынымыз анық. Сондықтан алып көршілерімізге есемізді жібермес үшін, олардың да сырын біліп зерттеп, қаупінен сақтанып, пайдалы жағын өзіміздің қажетімізге жаратқанымыз дұрыс емес пе? Қазіргі таңда біздің мемлекетке де мәселені жан-жақты қарастырып, бүгінгі күнімізді ғана емес, еліміздің болашағын тереңінен ойлаған абзал болар.

Біз материалды жариялай отырып, автордың жеке көзқарасы екенін ескертеміз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

ПЕДАГОГТЕРДІҢ ДЕМАЛЫС АҚЫСЫ УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕНУ ТИІС

Сей Мау 16 , 2020
Оқылды: 1  766 Бүгін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысының уақытылы төленуін тексеріп, қысқа мерзім ішінде тиісті шаралар қолдануды тапсырды. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. 1-16 маусым аралығында Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері тиісті мониторинг жүргізді. Олардың мәліметтері […]