Таулы Қарабақ-даулы қара бақ болып шықты

Таулы Қарабақ. Қара бақ.
Жалпы соғыс жақсы емес. Соғыстың негізінде, бастауында, барысында, нәтижесінде де қиянат жатады.
Таулы Қарабақ тарихы, оның орбитасына тартылған адамдардың қилы тағдыры кімді де болсын ойландырмай қоймауы тиіс.
Көршіңді өзің таңдамайсың. Көрші – Құдайдан. Үйіңнің көршісі де, жұртыңның да, халқыңның да, мемлекетіңнің де көршісін таңдау өзіңе бұйыра қоймаған.
Сол көршімен қалай тұрасың? Ол – үлкен өнер.
Біз көзімізді ашқалы Таулы Қарабақ Әзербайжанның аумағына жатады. Арғы тарихын бір Алла біледі. Таулы Қарабақ-даулы қара бақ болып шықты. Бұл небір дау-дамайға, айтыс-тартысқа, соғысқа толған жер.
Совет Одағы ыдырамай-ақ армяндардың басшылары бір мүмкіндікті көрді де, соған жабысты. Жөпелдемеде аяқ астынан пайда бола қалған, жақын тұрған, қол созса уысына түсетін мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысты. Астыртын келісімдер жасалды. Шешім қабылданып, қағазға жазылды. Жария да, құпия күштер сол шешімді жүзеге асырды.
Әзербайжан қапы қалды. Ұтылды. Жеңілді. Қаншама әзербайжан қырғынға ұшырады. Жер үшін соғыс оңай ма, екі жақтан да адам шығыны болды. Армян әскері ойран салды. Таулы Қарабақтағы әзербайжан жұрты босты. Әзербайжан жұртының қара көзінен жаспен бірге қан тамды…
Сол қырғынды, қан-қасапты көргендер үшін ұзақ та, тақсіретті отыз жыл өтті. Тарих үшін отыз жыл дегеніңіз қас-қағымға да жатпайды. Міне, тарих қас-қағып үлгермей жағдай өзгерді.
Таулы Қарабақ қайтадан Әзербайжанның қолына толық дерлік өтті. Күшпен, шайқаспен, соғыспен өтті. Толықтай өтуіне сәл қалғанда Ресей араласты. Ресей Президенті бұған дейін Арменияның жаңа басшылығының түрлі қылығына наразы болып, суық саясат жүргізді. Арменияның жаны алқымға тығылғанда, оны аяғына жығып, жалындырып, жалбарынтып, жақсылап саудаласып алды. Соңында, әйтеуір бір вертолетін шығындап, желеу тауып, Әзербайжанға кешірім сұратып, оның да басын игізіп үлгерді. Ақыры бітімгерлік жасауға сыналай кірді.
Кавказ-ежелден Тұран мен Парсының, Шыңғысхан ордаларының, одан беріде Түркие мен Русияның, Совет Одағы мен Иранның арасындағы мүдделер қақтығысының бой көрсетер алаңы.
Бір кезде Англияда, одан соң Германия да осы жерге көз тіккен. Ту қадамақ болған.
Жаңа заманда бұл жер әлем державаларының назарына қайта түсті. Шындығында ешқашан тасада қалған емес. Енді оған Қытай да көз тастап, қол созып қоятын болды.
Дәл бүгін Әзербайжан мен Армения арасында бітімгерлік келісімге қол қойылды. Оны мойындамай жатқандар да баршылық.
Негізі Арменияның билігіне демократиялық күштердің толқынымен келген Н. Пашинян Кавказды кеулеген түрлі түйткілдерді шешуде жаңашылдық танытар деген үміт болған еді. Ол үміт ақталмады.
Бұл нені көрсетеді? Демократиялық жолмен келгендердің бәрі демократ болып кетпейді. Билікке келу бір басқа, оны ұстай білу, оны халқыңа зарарыңды тигізбей пайдалана білу бір басқа.
Таулы Қарабақтан айрылу Н. Пашинянның беделін айрандай төкті. Айлалы, амалды саясат болмаса, құр демагогияның түк әкелмейтінін түсіну оңай емес. Үлкен әскер жеңіліп жатқанда майданның алғы шебіне қатынын жіберген билеушілер туралы естімеппін. Пашинян сөйтті. Неге үміттенді? Неге сенді? Қармаған талы сол ма?
Армяндардың бұл жеңілісінің түбінде 1989-жылғы 1-желтоқсанда Армян КСР-і Жоғарғы Кеңесі қабылдаған қисық шешім жатыр. Сол кездегі билік арандатуға жол бермей, сол кездегі мәскеулік күштердің айтағына ермей, қолтыққа су бүркуіне алданбай бейбіт шешім тапқаны жөн еді.
Сонда Кавказдың қаптаған тау бөктерлерінің ішінде қоян-қолтық араласа отырған екі халық осынша қырғынға ұшырамас еді. Совет Одағы кезінде қалыптасқан әкімшілік-аумақтық шекаралардың бұзылмастық қағидатына сүйеніп, бейбіт араласа бергенде дамуы басқаша болар еді.
Қазір Арменияның әлеуеттік-экономикалық жағдайы мәз емес. Бүгінгі Армения – өз күші шамалы, сондықтан сырт күштерге, шетелдегі диаспораларына иек артқан, әлсіреген жұрт. Бұған дейін «Біз күштіміз»,- деп өзін-өзі алдарқатып келсе, енді мына жеңілістен кейін реванштық ой-қиялға орын беретіні сөзсіз.
Оның арты не болмақ?! Тағы да бітпес соғыс, тоқтамас қырғын ба?
Қай ел болсын оның тағдыр-талайын кешегі тарихы емес, дәл бүгінгі күш-қуаты айқындайды. Тарих деген өте қитұрқы құбылмалы дүние. Оның тұңғиығының түбіне жетіп болмайсың. Әркімнің өз тарихы, таным-түсінігі бар. Тарихты жеңген жұрт жазады. Жеңу үшін тынымсыз еңбек ету қажет.
Тарихты жазу дегенді көбіміз кешегі өткен тарих жайында толастамас дау-дамай ұйымдастырып, бірдеменің ақиқатына жету, содан соң сол ақиқатты қағаз бетіне түсіру деп түсінетіндейміз. Меніңше, мүлде олай емес. Тарих – ақ сақалды тарихшылар жазатын жылнамалар емес. Тарихты қалам емес, қарулы, жарақты жастар жазады.
Қару дегеніміз: білім, ғылым, жаңа технолгиялар, ақпарат, жаңа саяси құралдар…

Болат Кенелұлы Сыздық

«Bolashaq» академиясының профессоры, 

заң ғылымдарының кандидаты.

 Құқықтық-экономикалық зерттеулер орталығының

жетекші ғылыми қызметкері. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

СТУДЕНТТЕР ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН АРЫЛУЫ КЕРЕК

Бей Қар 12 , 2020
Оқылды: 1  106          ADAL BILIM жобалық кеңсесінің басшысы Талғат Нәрікбаев жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, академиялық қызметін ХҚКО (ЦОН) форматына көшірген оқу орындарында сыбайлас жемқорлық факторлары азайған. Бірақ бұл тәжірибе де бүгінгі күні ескірген және онлайн-форматқа толық көшуді талап етеді. «2014 жылы […]