Түркиядағы жылқы етін тамаққа қолдану неге қылмыс немесе бір биені жүз жиырма долларға сатып алу хикаясы.
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Жанымда жұбайым Жанаргүл, үш жастағы ұлым Бауыржан үшеуміз, отбасыммен бірге Измир қаласының Борнова ауданы, Өзканлар көшесінде бірнеше қабатты үйдің астыңғы «земин қат» дейтін қабатында үш бөлмелі үйді жалдап тұрдық. Баламызды балабақшаға бердік, (балабақша-түрікше креш). Өзіміз болсақ, түске дейін университетте, түстен кейін жұмыстамыз. Үкімет беретін төлемақы кісі басына жиырма бес доллар түк емес еді. Оқуға келгендерге, ресми жұмыс істеуге болмайды. Жолдастардың көмегімен жұбайым аудармашының көмекшісі, мен болсам, сауда-өндіріс палатасында біздің жақтан келетін кісілерге көмектесіп ақша табамын. Түркияда қазіргі біздегідей, ең арзан ет – тауық еті. Онда әтештің айдарына дейін бәрі желінеді екен. Оның да дәмін көріп білдік. Бір келі сиыр еті жеті-сегіз доллар. Тамақтың ең қымбаты ет. Басқасы арзан. Үйдің қасындағы базарға апта соңы барып, бір аптаға жетер көкөніс, жемісіңді, балығыңды бір жиырма долларға толтырып аласың. Әр айда бір жаңа жеміс өсіп, жаңарып отырады. Бұл айда алма, шие болса, одан әрі мандарин, апельсин. Бәрі өздерінікі, жыл бойы таусылмай өсіп жатады. Ал балық базарын айтсаңызшы, енді көзің тоймайды. Үлкен-кішісі. қызылы, ащы-тұщысы, бәрі бар. Балқаш өңірінің тумасы болғандықтан, сол балық базарында қызықтап, таңдап, айналсоқтап жүріп алушы едім. Әйелім «Мынау балық сасыған жерде қалай жүресің?» деуші еді ренжіңкіреп. Сарышаған, Тасарал балығы ішінде болып, көріп өскен маған ол иіс жұпар иісіндей, туған жерімді еске түсіретін. Түріктер тағамдарына шөп-шаламның неше түрлісін қолданады екен. Бір рет қызық болды, біздің жақта сортаңда өсетін бір қызыл шөп болатын, қысқа болып өсетін. Бала кезімізде мал баққанда қойлар сол шөпке түскенде, айналып кетпей қоятын. Көлдің жағасында сортаң жерде өседі, қызыл түсті, қолыңа алып, сәл қыссаң болды суы шығады. Алғашқы рет базарға барсам, бір қария сол шөпті сатып отыр, алушылары да көп. Мен келіп: «Мұны қалай жейсіңдер, мынаны бізде мал жейді ғой», – дедім.
«Ой, не дейсің, бұл шипалы шөп, денсаулыққа пайдалы, қатыққа араластырып салат жасап жеп көр», – деді. Алып, салат жасап көрдік, ашщылау дәмі бар екен. Кейін ара-тұра алатын болдым. Түріктердің қой-ешкінің сүтінен жасайтын ірімшіктері (сырлары) тамаша еді. Жалпы қолдарынан өнер тамған ел. Әрнәрсенің жөнін біледі және еңбекқор. Үйіміздің қасында түрік тағамдарын жасайтын Хусейін ағамыз болды. Сол кісі жасы елуді еңсеріп қалса да, дәмханасының үлкен шыныларын күнде ерте келіп жуып, таңғы тағамдарын дайындап, тура сағат жетіде ашатын. Түріктер таңертең пейнір ( ірімшік), доматез (қызанақ) ыстық нанды жақсы көрсе, кейбіреулері таң атпай сорпа ішеді (келле пача, мержімек дейтін). Сол Хусейін ағаға:
– жалықпайды екенсіз, несіне бұл терезені күнде жуасыз дегенімде, маған күле қарап,
– бізде осылай менің тұтынушым, олардың тілінде «мүштерім», таза жерде отырып, таза тамағын ішуі керек. Мүштерісіне, яғни тауарын сатып алатындарға сыйлары бөлек. «Ақша әкелген, алтын тапсын»,- деп жиі айтушы еді Хусейін, біздің тілде атқанда Құсайын ағамыз.
Сөйтіп ет аңсап, етке бір жарып тоймай, шөптен шығып, жеміс-жидекке қарай алмай жүрген қазаққа құт әкелер Құрбан айты да келіп жетті. Өзімше, мұсылман еліндеміз ғой, кұрбан сойған көрші-қолаңнан бір кішкене сыбаға болса да келер,- деп үміттенген едім. Қала болғаннан соң ба, жаңа келіп жақсы таныса алмағандығымнан ба, маған ет бұйырмады, бөліскендер болмады. Мал сойғандарын да көре алмадым. Оның сырын кейін білдім, Малды әр жерде союға болмайды екен. Тек арнайы даярланған орындарда ғана құрбан шалуға болады. Көбіне мешіттердің маңында шалады. Кейін біздің студенттердің ішіндегі ауылда өскендері айт кездерінде қасапшы болып, әжептәуір ақша тауып алатын еді. Ол жердің дәулеттілері телефон шалып, «Соншама малға ақша жібердім, етін сондай қорға арнадым»,- дейді екен. «Қойдан жиырма, сиырдан бес»,- деп атағандары да болады. Көбіне оқушылар, студенттердің оқу орындарының қорларына арнайды. Мал сойылып, арнайы сақталатын мұздатқыштарға орналастырылып, кейін оқушыларға, ақшасы аз отбасыларға жыл бойы бөлініп тұрады. Сөйтіп не керек, бұлай жасалатынын білмейміз, білсек те сұрауды намыс көретінбіз. Сөйтіп жүріп, еттен құр қалдық деуге болатын еді. Бірақ, «жортқан қасқырдың аузы әйтеуір бір қанға малынады»,- дегендей айттың үшінші күні қойын сатуға әкелген қойшымен сәлемдесіп, бағасын сұрадым. Саудаласып келіп, бір тоқтыны жүз елу долларға түсірдік.
– жүз долларым бар, басқа жоқ. Үстіне қосып, қыстық Кеңес үкіметі кезінде жасалған жақсы тоным бар,- дедім.
– әкел, көрейік деді. Қарағандыдан қыста шыққанда киіп келген кәдімгі іші жүн, кеңестік қара тон, біраз киілген. Сол келгеннен бері шабаданда жатқан. Тастайын десем, жаңаға бергісіз қимаймын. Қалдырайын десем, Арқадағыдай үскірік аяз бен боран жоқ, Түркианың қысы да суық емес, қайда киесің. Құтыла алмай жүргенмін. Қызықпыз ғой сонда, электршайнекке дейін ала келіппіз, бұл елде шәйнек жоқтай. Тонымды қойшыға апарып көрсетсем, іші ақ қойдың жүні, түсі қара тонға түрік «чобаны» құлай түсті, қуанып. Ішімнен арзандатып жібердім-ау деген ой келді. Сонымен не керек, ол да риза, мен де риза, қойды сойып, пакеттерге салып, үйге апарып, етке бір қарық болғанбыз.
Енді жылқы еті «яссақ», яғни жеуге де, сатуға да болмайтын заңы бар елде, сойып алған жылқымызды қалай таптық, соған келейін. Кешқұрым үйде Францианың «Скай ТВ» арнасынан хабар тыңдап отырғанмын. «Жергілікті хайуанаттар бағында жылқы кобейгендіктен, жеке үйлерінде ұстағысы келетіндерге сатылады»,- деген жаңалық көрсетілді. Сол сәтте шешемнің қазы-қарта, ет толы табағы келді көз алдыма. Қолыма алғашқы шыққан дәу Ericsson ұялы телефонын ала салып, жолдастарыма шұғыл телефон шалдым. Егей университетінің докторанты Ұлан Байдүйсен және сол университеттің қырғыз докторанты Нұрланға хабарласып, ертең жылқы сатып алуға баратын болып келістік. Екеуі де ауыл шаруашылығына байланысты білімдерін шыңдауға келген. Ұлан болса жаңа бидай тұқымын зерттеуші ғалым, қырғыз бауырымыз асыл жүн беретін ешкі селексиясымен айналысушы еді. Қырғыздар жылқы десе, барымтаға да баруға дайын ел емес пе, тез келісті. Нұрлан ұзын бойлы, кең иықты, палуан денелі, … Ауғанстанда десант әскерінде соғысқан, жүзі суық жігіт еді. Екеуміз балаларымызды ертіп алдық. Түріктер сұрай қалса, «біз салтымыз бойынша ұлдарды атқа мінгізіп өсіреміз» деп жауап береміз»,- деп келісіп, хайуанаттар бағына келіп кірдік. Келсек, бойы тайдың бойындай ғана, түсі ала-құла жылқылар тұр. Дайындаған сөзімізді айтып келе жатыр едік, қолдарын көтеріп бізді тоқтатты:
– бізді алдамасаңдар да болады. Білеміз, сендер оларды жеу үшін аласыңдар- деп күлсін. Ұрлық үстінде ұсталғандай болдық. Нұрланның ашуланғаны көрінді, жұдырығын түйіп, оларға қарай жүріп еді, мысы басты ма білмеймін, түріктер «жарайды» деп келісіп, күлгендерін сол бетте тыйды. Ұлан, Нұрланды сабырға шақырып, мен болсам келіскен жүз жиырма долларымды беріп, сатушылар мен қол алыстым. Су арзанға түсті. Бойы қысқа биені камионет деген шағын жүк мәшинесіне салып алдық та, қайтып кеттік. Борнованың шетінде орман бар еді, бірден соған қарай тарттық. Әйелдерімізге де:
– үйдегі бар пышақ, үлкен ыдыстарды алып, сол жаққа қарай келіңдер,- деп шақырдық. Ешкім жоқ жерде жылқыны сойып, бөліп алдық. Бізге келетін студенттердің барлығы сол жылқының етінен өз сыбағасын жеп көрген еді. Досым-Ұлан Байдүйсен қазіргі бас қаламыз, кезіндегі Целиноградтың өзінен еді. Докторантураны бітіріп келіп, Аграрлық университетте кафедра меңгерушісі болып, жұмысын жалғастырған. Жұмыс басты болып, бір жобаны бітіремін деп асып-сасып жүргенде жүрегі тоқтап, дүниеден озды. Қосшы ауылында жерленді. Қайран досым, ерте кеттің, жатқан жерің мамық болсын!
Жалдаған үйімде студенттерге арналған арнайы бөлмеміз бартұғын. Жатақханаға кешігіп кіре алмай далада қалғандар, кешке келіп, жатып кететін. Сол бөлменің бір қабырғасына ұлым Бауыржан бастаған шимайдан кейін, студент қазақ балалары әртүрлі суреттер салған еді. Алатаудың шыңдары, жылқы, қой, көл, кигіз үй, көк байрағымызға дейін. Әртүрлі бояу қаламдармен. Үйді тапсырарда Германиадан келген үй иесі (жергілікті түріктер оларды «алманжылар» деп атайды) бөлмеге кіріп, сурет салынған қабырғаны көріп «ах» дегенде, сасып қалған мен:
– бір күнде бояп тастаймын,- дедім. Жо-жоқ, керек емес, осылай қалсын,-деді. Шынында да үйдің иесі жәйдан-жәй таң қалмаған еді. Қазір есіме алсам, қазақ жастарының елін сағына салған, он саусағынан өнер тамған шеберлердің суреттері болатын. Артық айтқандай болмайын, Рим сарайларының қабырғасындағы фрескалардан еш кем емес еді.
Түріктер жылқы малын соғысқа, мінуге жаратып, қолданатын жауынгер халық. Айтуларынша, астарындағы аттарын тағдыр қосқан достарындай көретін. Тек қатты ашыққанда, ішер тамағы қалмағанда сойып, оң санын жеуге ғана рұқсат берілген екен. Тағы бір түсіндірулеріне қарасақ, мұсылмандық қағидаларға да байланысты жылқы етін жеуге шектеулер бар дейтін. Қазіргі кездегі Түркианың заңдары бойынша, жылқы етінен шұжық жасайтындар, тамақтың басқа түрлеріне қосатындар, тағам ретінде қолданатындар, сатып пайда тапқандардың барлығы қылмыс жасағанмен тең саналып, жауапкершілікке тартылады.
Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.
Сайтымыздың тұрақты авторы.