Тәрбиешілер күні

“Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол – келешекте оның өміріне апат әкеледі”. Әл-Фараби.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 19 қаңтар №1084 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институтының құрылған күні. Осы сәттен бастап, Қарулы Күштердің қалыптасуы және дамуымен байланысты тәрбие жұмыстары органдарының тарихы бастау алды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығында жүз отызға жуық тәрбие құрылымдарының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері — жеке құраммен жұмыс істейтін барлық деңгейдегі мамандар, әскери бөлімдердегі идеологиялық және психологиялық жұмыстарды, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларын бұлжытпай, сапалы да саналы орындау жолында міндеттерін атқарып келеді. Тәрбие жұмысының әскери саладағы функциясы – жеке құрамды оқыту, патриоттық нақышта тәрбиелеу, Отан қорғау саласының маңыздылығын түрлі әдіс арқылы жеткізуге бағытталған. Қазіргі таңда ақпараттық материалдар негізінде жеке құрамда дүниетанымдық құндылық жүйесін және әскери-патриоттық сананы қалыптастыратын ақпараттық оқыту, тәрбиелеу нысандарымен және әдістерімен шебер үйлескен, ол әскери қызметшілердің психикасына және мінез-құлқына жүйелі педагогикалық тұрғыдан ықпал етеді.

Қазіргі таңда Ұлттық ұлан «Орталық» Орталық өңірлік қолбасшылығының тәрбие жұмысының үрдісін аға буын бастаған қағидаға сай ұстанып келеді. “Ата көрген оқ жонар”,-демекші тарихи тұлғаларға бағынып, ақыл-кеңесін тыңдап, өз ісіне тиянақты қарайтын сарбаздан майорға дейін қызметті өткерген ардақты ардагерлердің бірі запастағы майор Ерлан Төлегенұлы Рахимжановпен сұқбаттастық.

 Құрметті Ерлан Төлегенұлы, қош келдіңіз! Сұқбатымызды жалпы өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастасақ.

Қош көрдік! Мен, 1968 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жанұямызда ата-анамыз, ағам, ортаншысы өзім және інім мен қарындасым болды. Әкем – Төлеген Рақымжанов ауылда 35 жыл жүргізуші, анам – Орал Мұқашева 32 жыл аудан орталығында поштада жұмыс істеген, еңбек ардагері еді. Ел адамдарына, әрдайым өзгеге көмек беруге дайын, барша ауыл тұрғындарымен бірге тату-тәтті өмір кешкен азаматтар болатын. Қазіргі уақытта өздерінен қалған тоғыз немере, он екі шөбересі өсіп келеді.

Майор мырза, әскери қызметке мерзімді борышын өтеу үшін келіп, кейбір батылы жеткендер келісім шарт бойынша “әскери қызметші” атанып, уақытын қорғаныс саласына бағыттайды. Ал офицер бар өмірін еліне қызмет етуге арнайды. Дара жолға түсер алдындағы кезеңге тоқталып өтсек?

Мен 1984 жылы Ақсу-Аюлы ауылында Ыбрай Алтынсарин атындағы негізгі мектепте сегізінші сыныпты аяқтап, ауылдағы құрылыс училищесіне оқуға түстім. Екі жылдық армансыз оқу қас-қағым сәттей өтті де кетті. Осылайша орта-арнайы білім ордасын қызыл дипломға аяқтадым. Сөйтіп 1986 жылы Алматы қаласындағы Қ. Сәтпаев атындағы политехникалық институттың тау-кен факультетіне түсіп, 1 курстан кейін 2 жыл мерзімдік әскер қатарына қызметке шақырылдым. Ол кезде әскерде қаламын деген ойды ойламаппын да. 1989 жылы уақыты келе Алматыға қайта оралып, институттағы оқуыма кірісіп, 1993 жылы аталған жоғарғы оқу орнынан «инженер-маркшейдер» маманы атандым. Сол жылы Сәтбаев қаласындағы шахтада бір жыл жұмыс істеп, Қарағанды қаласына отбасыммен көшіп келдім.
– Әскерге шақырылуға, елге қызмет етуге кім қолдаушы болып, бағыт-бағдар ұсынған кім болды?

Әскери қызметімді 1999 жылы Ұлттық ұланға ол кездегі (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілгінің Ішкі әскеріне) келісім-шарт бойынша әскери қызметші болып, қарауыл бастығы лауазымына Қарағандылық 6505 құрамасының 1 – батальонында бастадым. Жетекшім – бөлімнің 1 атқыштар рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары аға лейтенант Айтбай Сейтаков мырза болды. Өмір кезеңі солай болды ма білмеймін, ол кезде әскери қызметші атану жалпы әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеу әр ер азаматқа қасиетті борыш болып саналатын, арасында денсаулығы бойынша сұранып кетіп, мерзімінен қалғандар аз еді. Барлығымыз да жұдырықтай жұмылып, сарбаз атанып, болашақта сержант, сардар болу арманымыз еді, осылайша қоғамдық жұмыстан әскерилер қатарына қосылып өмірімді погон тағуға арнадым.

Әскери өтілімде 9 ай бойы қарауыл бастығы, бес ай атқыштар взводының командирі, екі ай рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімше бастығының көмекшісі, бөлім штабының аудармашысы, алты ай көлемінде құпия бөлімшенің бастығы, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі, кейіннен 5451 әскери бөлімінің тәрбие бөлімінің бастығы, ол кездегі 6800 әскери бөлімі (қазіргі Орталық өңірлік қолбасшылығы) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының жастармен жұмыс жасау жөніндегі көмекшісі, басқарма бастығының аға көмекшісі лауазымында қызмет атқарып, 2015 жылы жас аралығының шегіне жетіп, бөлім командирінің бұйрығына сәйкес әскери қызметімді аяқтауыма тура келді. Қызмет барысы әрине өзіндік тапсырмалар мен қойылған бұйрықтарды бұлжытпай орындау басты қағиданың бірі еді біз үшін, өңірдегі әскери бөлімдердегі жеке құрамның тәрбие үрдісінің қалыпты жағдайын, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда моральді-психологиялық жағдайының сақталуына барынша еңбек сіңірдік деп ойлаймын. Есіме әскерден әлі күнге шейін күліп еске алатын оқиғалардың бірі «лейтенант» шенін аламын деп, жеті жылдан кейін алғашқы офицер шенін аламын деп уайымдағаным соншалық Қарағанды қаласының полиция департаментінің бастығына «генерал-майор» деудің орнына «полковник мырза прапорщик Рахимжанов алғашқы офицер  шенін алуға келіп»,- деп шатастырып алған жайым бар. 

Қазіргі уақытта өзіміздің «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрметті ардагерлері қатарындамын.

Ерлан Төлегенұлы, бүгінгі тәрбие үрдісі мен сіздің кездегі тәрбие жұмысын салыстырып, ардагер ретінде айтар кеңесіңіз бар ма?
Тәрбие жұмысы – үнемі өткізіліп тұратын үрдістердің бірі. Әскери саладағы әрбір командир бағыныштылары үшін тәрбиеші, ақылшы болып келеді, бұл жерде бөліп алып, тек тәрбие жөніндегі орынбасарлар ғана тәрбиелейді деген ұғым дұрыс емес. Бұл жерде жоғарыда аталғандай әрбір жауапты маманның үлесі күнделікті тәртіптің сақталуына қосар үлесі орасан зор. Мәселен, әр қызмет өзінше ерекшелікке толы, кейбірі қала көшелерінде қызмет етіп жүрсе, бірі айдауыл қарауылында, түзеу мекемесіндегі қарауыл бастығы мен сақшылар құрамы, ішкі жасақ барлығында аға буын басқарып жүреді, солардың бос уақыттағы әскери қызметшілермен өткізілетін жеке сұхбаты әскери-патриоттық тұрғыдан көмегін тигізе алады. Мен әскерге келген жылы Қазақстан тәуелсіздігін алып, енді ғана алып жаңа құрылып жатқан кезең болды.

Қарап тұрсаңыз, біз қызмет еткен 1990 жылдары офицерлер мүлдем тапшы еді. Мен, прапорщик болғанмен офицер лауазымында жүрдім, оқу пунктінде жарық жоқ, сарбаздарға тамақ далада дайындалатын, қазіргі сарбаздар мәзіріндегі қант, май ол кезде мүлдем болмаған, жаңадан келген сарбаздарға әскери киімдер тапшы, ақпараттандыру сыныптары қазіргі уақыттағыдай жабдықталмаған, бөлмелерге теледидар алсақ қуанатынбыз. Жауынгерлік дайындықтың басты пәндерінің бірі мемлекеттік құқықтық дайындық сабағын сарбаздармен өткізу үшін қалалық кітапханаға барып дайындалып, газет-журналдардан материалдарды іздеп тауып, сабақты солай өткізетінбіз. Қазіргі уақытта әскерилердің барлық сатысына жағдай жасалған, екі кезеңді салыстыруға болмайды, ол кездегі жастар мен қазіргі кездегі жастардың айырмашылығы жер мен көктей.                                                                                                                              

Қарап тұрсақ тәрбие саласында, жалпы әскер қатарында елеулі жиырма екі жыл қызмет етіп келдіңіз. Әрбір сардардың орасан зор еңбегі арқасүйер қолдаушыларының еншісінде. Осы орайда өзіңіздің отбасыңыз жайлы да айтып өтсеңіз.  
Жан-жарым – Меруерт Назаровамен шаңырақ құрғанымызға отыз екі жыл болып қапты. Жұбайым – Қарағанды мемлекеттік университетінде мұғалім, магистр. Екі қыз Арайлым мен Айгерім және кенже ұлымыз Алдияр бар. Қыздарымыз тұрмыста, кенжем, Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті, үш немере сүйіп отырмыз.

Демалысымда да, патриоттық бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізу тағдырыма таңбадай басылған болар. Қазір де Қарағанды қаласының Нүркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектебінде мектеп директорының орынбасары лауазымындамын. Оған қоса мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарының жетекшісі, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбында болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеп жатырмын. Әл-Фараби атамыз айтқандай, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте  оның барлық өміріне апат әкеледі»,-дегендей осы бағытта мектепте запастағы офицер, сержанттар құрамынан құралған топ, мектеп оқушыларымен алғашқы дайындық сабақтарында жетекшілік етеді. Бізбен Қарағанды гарнизонының Ұлттық ұлан әскерилерімен Жас бүркіт әскери – патриоттық сыныбы ашылып, апта сайын сабақтары да өткізіліп тұрады. Әрине, сырт көзге жеңіл сияқты көрінеді, бірақ сабақ барысында әскерге келген сарбаздар емес қарапайым оқушы ұл-қыздар, әрбірінің өз мінез-құлқы, талғамы, интернет әлемінен жиналған білімі де бар, осының арасынан көңілін тауып, партадан бастап әскерге, Бауыржан атамыздың ерлігіне баулып, жалпы қоғамда азамат болып қалыптасуына да әсері бар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Өскелең ұрпақ әскерге барар алдында шыны керек жалтақтайды. Соларға өмір көрген ағасы, әскери патриоттық жұмысты мектеп қабырғасында терең еңгізуші ретінде айтатын ойыңыз болса?
Әскер – ел қорғаны, елге қызмет ету жолында ата-бабамыздың сақтап қалған жерін қорғау әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білемін. Дәл осы ұғымда мектеп партасынан, отбасынан бастап, тәрбиеге назар аударылса деймін, гаджеттермен емес даңқты адамдардың кітабын, тарихымызды зерттеп батылдық, елсүйгіштігіміздің, халқымызға, тілге  деген жанашырлықтың арқасында келген Тәуелсіздігімізді баянды ету тек өзіміздің, келешек ұрпағымыздың қолында, жастар өз елінің патриоты болу керек.
Ерлан Төлегенұлы, уақытыңызды бөліп, бізбен әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіреміз! Амандықта жүздескенше!
Иә көп рахмет, сау-саламатта болыңыздар!

Сұхбаттасқан Алияр Дүйсенбай.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағандылық ұландар қатары 400-ден астам жас сарбазбен толықты

Сәр Қаң 24 , 2024
Оқылды: 767 Өткен демалыс күндері Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде әскерге шақырылушылардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Сарбаздарға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдіру үшін Ұлттық ұлан “Орталық” өңірлік қолбасшылығының басшылығы, бөлімнің ардагерлер құрамы мен сарбаздардың ата-аналары арнайы келді. Іс-шараны құрама командирі, полковник Бауыржан Мұратбекұлы құттықтау сөзімен […]