Шетелдік көліктерді тіркеу – шарт

Елімізде «Армения мен Қырғызстаннан жеткізілетін көліктердің кедендік рәсімдеусіз жүруіне тыйым салынды» деп елдің дүрліккеніне біраз болды. Биылдан бастап аталған елдерден әкелінген темір тұлпарлар тіркеуден өткізілмесе, иесіне айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына қойылады. Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірі бар көліктер заң бұзған жағдайда жазадан құтылып кететінін ескеріп, осы мәселенің алдын алып отыр. Ал, бұл талап әлгіндегі көлік иелерінің наразылығын тудыруда. Олар тіркеу құны көлік бағасынан да асып кететінін алға тартады. Сонымен…

ТАЛАПТЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ…

Құны арзан темір тұлпар іздеген отандастарымыздың әрісі Арменияға, берісі Қырғызстанға баруды әдетке айналдырғалы қашан! Өйткені, мұндағы көліктердің сапасы жоғары, бағасы да салыстыр малы түрде төмен. Бүгінгі таңда Қазақстанға жалпы 170 мыңнан астам көлік жеткізілген екен. Бұған дейін армениялық және қырғызстандық көліктерді ел аумағына кедендік рәсімдеуден өткізбей-ақ кіргізуге болатын еді. Бірақ, биылдан бастап заң өзгеріп, жаңа талаптар қойылды. Оған басты себеп болған жайттарға тоқталайық…

Айталық, шет елдік көлікті жүргізушілердің жазаға тартылмаймын деген ойының кесірінен 1854 жолкөлік оқиғасы орын алып, 132 адам қаза тауып, 500-ден астамы түрлі жарақаттар алған.

Сондай-ақ, өткен жылы ба қы лау камералары арқылы 90 мыңнан астам жүргізушінің құқық бұзушылығы анықталған. Есептелген айыппұлдың жалпы құны – 1,1 миллиард теңге. Айыппұлдар жылдамдық режимін арттыруға, белгілер мен таңбалардың талаптарын сақтамауға және тағы да басқаға қатысты.

Осы өрескелдіктің алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі қатаң талап қойып отыр.

ТІРКЕУ ҚҰНЫ – ҚОМАҚТЫ

Енді армениялық және қырғызстандық көліктерді тіркеу мәселесіне келсек.

Мәселен, аталған шетелдік қым бат көлікті сатып алдыңыз делік. Оның шыққан жылына қарай тіркеу құны – 662 теңгеден 130 мың теңгеге дейін. Сондай­ақ, техникалық төлқұжат үшін 3300 теңге төлеу қажет. Мемлекеттік нөмірді алуға 7500 теңге керек. Ал, утилизациялық алымға 400 мың теңгеден 3 млн. теңгеге дейін қаржы жұмсайсыз. «Жалпы, алғашқы тіркеуге төленетін баж салығымен қоса есептегенде барлық шығын 4 миллион теңгеге дейін баруы мүмкін» – дейді мамандар.

  • 2006 жылы зауыттан шыққан «Toyota Ipsum» маркалы көлікті Арменияда 2,5 миллион теңгеге сатып алдым. Қазір сол жақтың құжатымен жүрмін. Егер Қазақстанның қазіргі талабымен есепке тіркетсем, құны көліктің өз бағасынан үш есе асып кетеді. Біріншіден, оған төлейтін ақшам жоқ. Екіншіден, кеден рәсімі неге соншалықты қымбат? – дейді есімін атағысы келмеген көлік жүргізушісі.

Иә, расымен Арменияда көлік арзан екенін естіп, бірі несие алса, екіншісі танысынан қарызға ақша алған. Олардың сөзінше, әкелген көлікті сол елге қайыра саудалау да, Қазақстанға есепке қою да тиімсіз.

САРАПШЫНЫҢ САЛМАҚТЫ КЕҢЕСІ

Тәуелсіз автомобилшілер одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоков осы жағдайдан шығудың үш нұсқасын ұсынады.

Бірінші жағдайда ол шетелдік көліктерді ел аумағынан шығарып, сатып жіберуге кеңес берді. Екіншісі, қаражаты жетіп, қауқары болса, барлық қажетті салықтарды төлеу арқылы елде емін-еркін қозғалу. Үшіншісі – көлікті қосалқы бөлшек ретінде сату. Бұл көліктің толық құнын өтеуі мүмкін. Қазақстандық автокөлік нарығы соңғы жылдары ескіргенін ескерсек, қосалқы бөлшектерге деген қажеттілік өте жоғары және бұл – тұрақты нарық. Маманның айтуынша, бірден сатып жібере алмасаңыз да, түпкі нәтижеде көлігіңіздің толық ақшасын шығарып алатын мүмкіндік бар.

«ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗЕМІЗ»

Қарағанды облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлібек Мейрамовтың айтуынша, қазақстандықтар сенімхат бойынша жүргізетін көліктерге басқа заң нормалары қолданылады. Ондай автокөліктер халықаралық қозғалысқа қатысушылар болып саналады, бірақ көлік иесі (сенім білдіруші, яғни, сенімхат беруші) ЕЭО елдерінің азаматы, не тұрақты тұрғын болуы тиіс. Мысалы, көлік иесі – шетелдік, ал Қазақстан азаматы оның машинасын еңбек келісім­шарты негізінде жүргізуі мүмкін. Мұндай автомобильдер Қазақстан аумағында бір жылдан артық жүре алмайды («Жол жүрісі туралы» Заңның 63 және 65-баптары).

  • Қазіргі талап бойынша, жол ережесін бұзса, барлық құжаты тексеріледі. Жылдамдықты асыр са, сосын жол апатына себеп болса, тексеріс жүргіземіз. Ал, жолда тұрып алып, бәрін тоқтату деген болмайды. Ешкімге айыппұл төлетпейміз. Тек, түсіндіру жұмыс тарын жүргіземіз, – дейді Әлібек Мейрамов.

Тіркеуге қатысты сұрақтар бойынша Ішкі істер министрлігі 8 (7172) 71 58 21; 71 58 39; 71 58 04; 71 58 06; 71 58 62 нөмірлері арқылы тікелей байланыс ұйымдас тырып отыр. Телефон қоңырауы 09:00-дан 19:00-ге дейін қабылданады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Келесі мақала

«Қазақмыс» басшысын кабинетінде пышақтап кетті

Сей Қаң 21 , 2020
Оқылды: 1  561 Жезқазған қаласындағы«Қазақмыс» корпорациясының ғимаратында 21 қаңтардың кешкі сағат алтыдан кеткенде басшылар арасында жанжал болған. «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай ТӘЖБЕНОВ көз жұмды.  Бұл туралы «Жас АЛАШ» сайтының Қарағанды өңіріндегі тілшісі хабарлайды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС директоры Амангелді МИНИГУЛОВТЫҢ кабинетінде «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов арасында текетірес […]